«Балаларды жақсы көрмесең, мұғалімдіктен кету керек»

Шетелдік әдістемелерді меңгеріп, сапалы білімді әр балаға қолжетімді етуді көздеген ұстаз

Әр баланың бойында ашылмаған қабілет бар. Оны байқап, дамытуға мүмкіндік беру үшін оқушының қай мектепте білім алатыны емес, қандай ұстаздан тәлім алатыны маңызды. Рудный қаласындағы Абай атындағы мектептің математика пәнінің мұғалімі Ерболат Құдабайұлы да осы қағиданы берік ұстанады.

Шетелдік білім беру жобасында тәжірибе жинап, халықаралық мамандармен жұмыс істеген жас педагог алғаш еңбек жолын бастаған мектептің оқушыларына үйретіп жүр.

Ұстаздыққа келуіне мектеп қабырғасында алған тәрбиесі мен мұғалімдерінің ықпалы зор болған. Қостанай облысы Әулиекөл ауданының тумасы мектептегі білімін туған жерінде бастап, 11-сыныпты Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектепте аяқтаған. Кейін Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне түсіп, математика мамандығын меңгерді. Бакалавриаттан соң магистратурада білімін жалғастырып, осы саладағы білікті мамандардан дәріс алған.

«Алғашқы еңбек жолым осы Абай мектебінде басталып, екі жыл еңбек еттім. Кейін кәсіби тәжірибемді арттыру мақсатында түрлі жобаларға қатысып, дағдыларымды шыңдадым. Жинаған білімімді, көргенімді қайтадан мектебіме әкеліп, оқушылармен бөліскім келді. Сондықтан осы жерге оралдым», – дейді ұстаз.

Жас педагогтің кәсіби тәжірибесін кеңейткен жобалардың бірі – «ERG Mektep» әлеуметтік-білім беру бағдарламасы. Eurasian Resources Group (ERG) компаниясы жүзеге асыратын бастама Қостанай, Ақтөбе және Павлодар облыстарындағы мектептердің білім сапасын арттырып, заманауи оқу ортасын қалыптастыруды көздейді. Жобаға қатысу үшін 138 мұғалімнің арасынан іріктелген Ерболат Құдабайұлы тоғыз педагогтің қатарына еніп, арнайы оқыту бағдарламасынан өтті. Бағдарлама барысында ол сингапурлық математиканы оқыту әдістемесін меңгеріп, оқушылардың пәнді терең түсінуіне бағытталған жаңа тәсілдермен танысты. Бұдан кейін Павлодар облысында бір жылдық келісімшартпен жұмыс істеп, жинаған білімін сабақ барысында қолдануға мүмкіндік алды. Жобаның ерекшелігі – мұғалімдерге дайын әдістемелерді меңгертіп, өздерінің авторлық бастамаларын жүзеге асыруға да жағдай жасалуы. Ерболат Құдабайұлы да осы мүмкіндікті пайдаланып, түрлі жобаларға атсалысты. Сингапур мен Англияның мұғалімдерімен тәжірибе алмасып, олардың сабақ өткізу тәсілдерін зерттеді. Бір жылға созылған бұл тәжірибе оның математика пәнін оқытуға деген көзқарасын кеңейтіп, кәсіби ізденісіне жаңа бағыт берді. Шетелдік білім беру тәжірибесімен танысу ұстаздың өз алдына қойған мақсатын да айқындай түскен.

«Қазір кейбір ата-ана баласының жақсы білім алуы үшін міндетті түрде жекеменшік немесе мамандандырылған мектепте оқуы керек деп ойлайды. Ал мен қарапайым мемлекеттік мектепте де мықты мұғалімдер сабақ беріп, балалардың сапалы білім алуына мүмкіндік болғанын қалаймын. Әр баланың қабілеті бар. Сол қабілетті ашуға көмектесуіміз керек. Осы мектепте жұмыс істеп жүргендегі басты мақсатымның бірі де – осы», – дейді Ерболат Құдабайұлы.

Математиканы меңгеру тек формулаларды жаттап, есептердің жауабын табумен шектелмейді. Пәннің әрбір тақырыбы алдыңғы білімге сүйенетіндіктен, бастапқы ұғымдарды дұрыс түсіну кейінгі күрделі есептерді шығаруға негіз болады. Мәселен, бесінші сыныпта қарастырылатын негізгі амалдар мен ережелерді меңгермеген оқушы жоғары сыныпта жаңа тақырыптарды игеру кезінде қиындыққа тап болуы мүмкін. Сондықтан ол оқушылардың біліміндегі олқылықтарды дер кезінде анықтап, әрқайсысының оқу қарқыны мен қабылдау ерекшелігіне назар аударады. Қазір 6, 8 және 11-сынып оқушыларына математикадан сабақ береді. Әр сыныптың білім деңгейіне қарай дәстүрлі оқыту әдістерін қолданып, күрделі тақырыптарды күнделікті өмірмен байланыстыра түсіндіруге тырысады.

«Дәстүрлі оқыту әдістерін жақсы көремін. Әсіресе математика сабағында тақырыпты өмірлік мысалдармен түсіндіруге тырысамын. Оқушы формуланы жаттап қана қоймай, оның қай жерде және не үшін қолданылатынын түсінуі керек. Сонда ғана алған білімін іс жүзінде пайдалана алады», – дейді ол.

Бүгінде білім беру саласында түрлі технология мен цифрлық құрал кеңінен қолданылып келеді. Дегенмен кейіпкеріміз оларды сабақтың негізгі мақсатына айналдырмай, оқушының тақырыпты түсінуіне көмектесетін қосымша құрал ретінде қарастырады. Себебі кейде артық көрнекілік пен технология баланың назарын сабақтың мазмұнынан басқа жаққа аударуы мүмкін. Ал математикада жүйелі ойлау мен есептің шешімін өз бетінше табуға дағдылану ерекше маңызды. Ұстаз үшін кәсіби даму да күнделікті жұмыстың ажырамас бөлігі. Оның пайымынша, педагог білім беру саласындағы өзгерістерді қадағалап, жаңа әдістемелерді меңгеру және өз білімін үнемі толықтырып отыру қажет. Әр баланың мінезі мен қабылдау ерекшелігі әртүрлі болғандықтан, оқушымен тіл табысу, оның қызығушылығын ояту және білімге деген ынтасын сақтау да мұғалімнен үлкен жауапкершілікті талап етеді.

«Егер балаларды жақсы көрмесең, мұғалімдіктен кету керек деп ойлаймын. Ал егер оларды жақсы көрсең, әр баланың болашағына бейжай қарай алмайсың. Әрине, қиындықтар болады. Бірақ өз ісіңді және шәкірттеріңді жақсы көрсең, сол қиындықтарды жеңуге болады. Бүгінгі жетістігімде өз ұстаздарымның еңбегі бар. Сондықтан өзім де балаларға сондай қолдау көрсеткім келеді», – дейді педагог.

Мұғалімдер күні қарсаңында Ерболат Құдабайұлы әріптестеріне де ақ тілегін жолдады:

«Құрметті ұстаздар қауымы! Төл мерекемізбен шын жүректен құттықтаймын! Шығармашылық табыс тілеймін. Еңбектеріңізден шаршамай, дендеріңіз сау болсын. Оқушыларыңыз биік белестерді бағындыра берсін. Әрдайым алға ұмтылып, ізденуден жалықпаңыздар. Еңбектеріңіз жемісті болсын!»

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО