Балалардағы ЖРВИ: Қалай емдеу керек?

Рудный қаласында соңғы уақытта тұмау өршіп тұр. 2022 жылдың желтоқсан айында жедел респираторлы вирустық инфекциямен ауырған 673 науқас тіркелді. Оның ішінде балалар арасында тұмаудың күрт тарап жатқаны анықталған. Бұл туралы Рудный қалалық емханасының мамандары мәлімдеді.

Вирустық инфекция өршіп тұр. Жыл сайын қазан-желтоқсан айлары аралығында республикада ЖРВИ және тұмау ауруларының маусымдық өсуі тіркеледі. Емхана мәліметінше, қазіргі уақытта вирустық инфекциялармен сырқаттанушылыққа қатысты статистика қараша айымен салыстырғанда әлдеқайда өскен. Қараша айында 700 ЖРВИ жағдайы анықталса, 26 желтоқсандағы ақпарат бойынша 673 жағдай тіркелген, яғни инфекцияның өсуі байқалады. Емхана қызметкерлері арасында үйге шақырту жүктемесі артып, жедел жәрдем көмегіне дене қызуы көтерілген 346 науқас жүгінген. Оның ішінде балалар саны 350 құрайды. Ал ересектер арасында дене қызуы көтеріліп жедел жәрдем көмегіне жүгінгендер саны 47. Қараша, желтоқсан айларында балалар арасында 1183 респираторлы вирусты инфекция тіркелген. ЖРВИ-дің ішінде тұмау вирусы қауіпті инфекциялардың бірі саналады. Әсіресе, ерте жастағы балалар мен егде жастағы адамдарда ауыр ағымымен сипатталады.

Тұмау да вирусқа жатады. Аурудың басы кенет интоксикация синдромынан басталады. Дене температурасы 39-40 градусқа дейін көтеріліп, маңдай бөлімі, әсіресе қабақ үсті аймағы ауырады, сүйек бұлшықеттері әлсіреп, жалпы әлсіздік үдей түседі. Содан кейін катаральды құбылыс басталады, бұл синдромға мұрыннан су ағу, жөтел, мұрынның бітелуі, дауыстың қарлығуы секілді т.б белгілер тән. Қазіргі уақытта Рудный қаласында H1, N1 шошқа тұмауы таралып жатыр. Тұмау және вирустық инфекциялар 90 пайыз жағдайда сөйлескенде, жөтелгенде, түшкіргенде ауа тамшылары арқылы беріледі. Және тұрмыстық заттар арқылы жұғуы да мүмкін, яғни вирус үй ауа шаңында 2 аптаға дейін және төсек-орын жабынында 5 аптаға дейін сақталады. Сол себепті мамандар айтуынша «Киімнің, төсек орын тазалығын қадағалау қажет. Бөлмені үнемі желдетіп, жиі тазалау қажет».

Балалардағы ЖРВИ — тыныс алу жолдарының әртүрлі бөліктерінің қабынуымен сипатталатын вирустық аурулар тобы. Көбінесе 3 жастан 14 жасқа дейінгі балалар мектепке дейінгі және мектеп мекемелеріне барғандықтан жиі ауырады. Балалардың вирустық инфекцияларға бейімділігі қорғаныш реакцияларының жетілмегендігінің әсері. Жиі ауыру ағзаның қорғаныс қабілетінің төмендеуіне және тыныс жолдарының, жүректің, бүйректің, буындардың және жүйке жүйесінің қабыну патологиясының созылмалы болуына ықпал етеді.

Вирус таралмас үшін алдын алу іс-шараларын қолдану қажет. ЖРВИ мен тұмаудың алдын алудың 3 түрі бары белгілі: екпе, дәрі-дәрмек және қоғамдық гигиенаны сақтау. Әр адам қарапайым санитарлық-гигиеналық ережелерді қолданатын болса аурудың және тұмаудың таралу қауібін азайта алады. Жұқпалы аурулардың алдын алудағы ең тиімді әдіс – екпе. Сондықтан тұмау вирусына қарсы екпе алған жөн. Екпе шаралары елімізде жыл сайын тұмау індетінің таралу мерзімінің алдында қазан, қараша айларында жүргізіледі. Естеріңізге сала кетейік, осы уақытқа дейін вакцинаны 60 жастан асқан, мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балалар, жүкті әйелдер, созылмалы аурулармен ауыратын және жиі ауыратын адамдар тегін ала алады. Тұмаудың алдын алу үшін дәрхана сөрелерінде дәрілердің сан алуан түрін табуға болады, десек те оларды тек дәрігердің тағайындауымен қабылдау қажет. Кейбір дәрілік өсімдіктердің вирусқа қарсы қасиеті бар. Көне грек заманында да дәрігерлер тұмау кезінде лимон мен апельсин, бал мен қалампырды қолданған. Алайда вирустың алдын алудың ең негізгі жолы дер кезінде дәрігердің көмегіне жүгіну, әсіресе бала ауырған жағдайда ата-ана өздігінен ем-шара қолдануыңа болмайды. Сондықтан Рудный қалалық емханасында инфекционист-дәрігері жедел респираторлы вирусты инфекциялар мен тұмаудың белгілері байқалса дереу дәрігердің көмегіне жүгіну керектігін ескертеді. Өйткені балалардың қорғаныш күші әлсіз ерекше күтімді қажет етеді. Рудный қалалық емханасында ата-аналар шағымы бойынша қабылдау жүреді, үйге шақыртуларды орындайды. Дене қызуы 38 градустан жоғарылағанда қатты құсу, іш өту болған жағдайда немесе балалардың денесіне бөртпелер пайда болған кезде 3-99-98 телефон нөмері бойынша жедел жәрдем қызметіне жүгіне алады. Қалған уақытта ата-аналар шағымдары бойынша емханаға уақытылы жүгінуі қажет.

Балалармен адам көп шоғырланған орындарға бармауға тырысқан жөн. Қоғамдық орындарда міндетті түрде – маска тағып, қолды антисептикалық ерітіндімен жиі тазалап отыру керек. Сонымен қоса күнделікті тамақтану режимін сақтауға да баса мән берген жөн. «Ұрпақ денсаулығы – ұлттың саулығы» — демекші, дені сау ұрпақ қалыптастыру үшін – оны назардан тыс қалдыруға болмайды.

Арай МАРАТ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *