Батаменен ел көгерер

Бата беру – халқымызда ежелден келе жатқан дәстүрлердің бірі. Сөз қасиеті мен қадірін түсінген қазақ бата беруге, бата алуға аса мән береді. Өйткені, қариялардың қасиетті сөздерінің адам өміріне тигізетін әсері зор деп сенген.

Осы ретте, Рудный қаласында салт-дәстүрлеріміз бен отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында «Ақ бата» сайысы болып өтті. Аталмыш іс-шара рухани байлықтарымызды сақтап, ұлттық дәстүрлерімізді ұлықтауға бағытталды.

Қалалық ардагерлер кеңесі ұйымдастырған сайысқа батагөй ақсақалдар қатысып, тақырыпқа сай ақ тілектерін білдірді. Олардың бірі шаңырақ көтерген жас отбасыларға арнап батасын берсе, енді бірі Рудный қаласының 65 жылдығы мен ақсақалдар кеңесінің 35 жылдығына арнап ақ тілегін арнады. Іс-шара барысында жергілікті өнерпаздар мың бұрала би билеп, күйден шашу шашты.

Қазақ халқы бата жасалған жерде жақсылыққа сеніп, ынтымақ, бірлік болады деп ырымдайды. Сайыс соңыңда әділ қазылар алқасы жеңімпаздарды анықтап, арнайы сыйлықтар табыс етті.

– Ескірмеген салттың бірі – бата беру. Қазақ бала кезінен ұрпағын үлкеннің алдын кесіп өтпеуге, тек ақ батасын алуға тәрбиелеген. Өйткені батаның адам өміріне тигізер әсері зор болғаны тарихтан белгілі. Сенімге негізделген батада айтылған әрбір сөздің қабыл болатынына халық ешқашан күмән келтірмеген.

Десек те, осы күні кейбір үлкен кісілер жаттап алып айтады. Ол дұрыс емес. Қанша адамды аузына қаратып, алақан жайып тұрған халыққа шынайы жүрегінен шыққан сөзін арнауы керек. Ал жаттап алған бата біреудің батасы болып есептеледі. Әрине, батагөйлердің барлығы ақын емес. Сондықтан қарапайым тілмен айтып жеткізсе жеткілікті, – дейді сайыс жеңімпазы Сүндет Молдашев.

Осылайша, кезекті «Ақ бата» сайысы өз мәресіне жетті. Іс-шараға жиналған көрермендер де ерекше сезімге бөленіп, оқушылар қазақ халқының рухани байлығына сусындап қайтты.

Айзат ИБРАГИМ

газета «Рудненский рабочий»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *