Мемлекет тек тыныштықта гүлденеді. Бұл – бұлжымас қағида. «Тату елге тоқшылық нәсіп» деп Күлтегін бабамыз айтқандай, бірлігі бекем елдің ғана әрдайым табысы мол.
Елдің ынтымақ-бірлігін сақтауда Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктелер жауапкершілік мол. Осы орайда Ассамблеяның «оң қолы, көзі һәм құлағы» саналатын Рудныйдағы Қоғамдық келісім кеңесі қандай жұмыс атқарып жатқанын оның төрағасы Жаңбыршы Тілеуғабылдан сұраған едік.
Жаңбыршы Тұқатұлы, алдымен кеңес туралы аз-маз айтып берсеңіз.
Осыдан 4 жыл бұрын құрылған қаладағы қоғамдық келісім кеңесі билік пен халық арасындағы алтын көпірдің қызметін атқаруда. Өйткені, біз жергілікті мәселелерді шешуде басқарушы орындармен бірлесе отырып, оңтайлы шешім қабылдауына мұрындық болып жүрміз. Сондай-ақ, Кеңес қызметі қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік топтарды, мемлекеттік емес ұйымдарды қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті құру мен күшейту үрдісіне тартуға, қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, әлеуметтік және қордаланған басқа да мәселелерді шешуге атсалысуға, қайырымдылықты, бітімгершілікті-медиацияны, делдалдықты және қоғамдық басқару жүйесін дамытуға бағытталған. Осынау шаралардың барлығы бүгінде азаматтық қоғамның дамуына ықпал етіп, халықтың пікірі мен ұсыныстары Кеңестер арқылы айтылып, билік басшысына жеткізілуде.
Кеңес қайырымдылық шараларын да ұйымдастыруға атсалыса ма?
Әрине. Біз қаладағы ірі кәсіпкерлерлік нысандарымен, шағын және орта бизнес өкілдерімен жақсы байланыс орнатқанбыз. Тіліне, ұлтына, дініне қарамай әлеуметтік осал топтағы жанұяларға қолдан келгенше қол ұшын созып тұрамыз. Әсіресе, Тәуелсіздік мерекесі, Наурыз мейрамы, Қарттар күні сияқты атаулы күндерде
жалғызбасты ардагерлер мен жетім-жесір отбасылардың жанынан табыламыз.
Білуімше, Кеңеске мүше 7 адамның үшеуі – медиаторлар. Неліктен бұл институтқа ден қойып жатырсыздар?
Өркениетті елдерде медиация институты баяғыдан жақсы дамыған. Медиация ұғымы қазаққа да жат емес екендігін айтқым келеді. Дау-дамайды билер соты арқылы ымырамен келісе отырып шешу халқымызда бұрыннан бар. Медиация мақсаты – қоғамдағы даулар мен жанжалдарды сотқа дейінгі тәртіппен шешу, яғни ел бірлігін нығайту. Елімізде «Медиация туралы» заң бар. Біз бұл институтты жаңадан тауып отырған жоқпыз,
ғасырлардан ғасырларға жалғасып келе жатыр. Дәстүрімізде бар. Біраз уақыт үзіліп қалды. Ол билер институты еді. Біз соны қазір жаңғыртып жатырмыз. Мысалы, екі жас АХАТ-қа (ЗАГС) барып ажырасуға арыз берді делік. АХАТ қызметкерлері осы сәтте Қоғамдық келісім кеңесіне
арызданғаны жөнінде хат жібереді. Міне, осы аралықта біз жауаптылық танытып татуластыруға кірісеміз. Қоғамдық келісім кеңесінде тек дау-дамайды ғана қарайды десек, қателесеміз. Мұнда аты айтып тұрғандай қоғамдағы басқа да мәселелер ортаға салынады.
Қоғамды топтастырудың маңызды бір факторы – тіл екендігі анық. Осы орайда, өзге этностардың мемлекеттік тілді білу деңгейі қандай? Олардың ана тілімізді меңгеруіне қаншалықты мән берілуде?
Жалпы алғанда, Рудныйдағы этнос өкілдерінің мемлекеттік тілге деген құрметі жоғары деп айта аламын. Тіл үйренем деушілерге қалалық тілдерді оқыту орталығы барынша жағдай жасаған. Болашағына мемлекеттік тілдің өте қажет екенін түсініп, өздері келіп оқып жатқандары да аз емес. Мемлекеттік органдарда іс-қағаздарды ана тілімізде жүргізу де шешімін тауып келеді.
Кеңес жастармен қоян-қолтық жұмыс жасап келе жатқандығына куәміз. Жалпы қазіргі жастарға көңіліңіз тола ма?
Шыны керек, көптеген жастарымыздың бойында қазақилыққа тән қасиеттер, құндылықтар жоғалып бара жатқандығы қынжылтады. Мысалға, өмір көрген, ел ағасы болған менің замандастарымның ой-өрісі, ойлауы бөлек, ал қазіргі ғаламтордың қызығына батқан жастардың ой-өрісі, ойлауы бөлек. «Заманына қарай адамы» демекші бұған біз түсіністікпен қараймыз. Түрлі кездесулерде үлкенге құрмет, кішіге ізет, адамгершілік тәрбие бағытында әңгіме қозғап, жастарға ой салуға тырысамыз.
Өңіріміздегі ұлттар мен ұлыстар арасындағы татулықты қамтамасыз етудің тетігі неде деп ойлайсыз? Жалпы, қазақтың бірлігі қандай болуы керек?
Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлы 6-шы қара сөзінде: «Бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес», – дейді. «Ақылға бірлік» идеясының мәні тереңде жатыр. Біздің ең басты байлығымыз – Тәуелсіз Отанымыздың бірлігі. Отанның қадіріне жетпеген, өз қадіріне жетпейді. Кейде біз өзімізді өзіміз кемсітіп жатамыз. Түрлі анекдоттарды ойдан шығарып, қазақты келемеждеп жататындар бар. Елге жанашыр адам олай етпеуі тиіс. Тарихтан білеміз, қиын-қыстау замандарда қаншама хандарымыз бен сұлтандарымыз бір тудың астынан табылып, еліне қорған болды, осылайша халқымыз бірліктің үлгісін көрсетті.
Жері кең, ал саны аз қазақ халқына қазір ең басты керегі – ауызбіршілік. Қазақ ынтымақшыл болса, еліміздің алмайтын асуы, бағындырмайтын биігі жоқ.
Болашақта қандай жоспар бар?
Қоғамдық келісім кеңесі биылға жоспарлаған іс-шараларын мейлінше нәтижелі өткізуге күш салмақпыз. Біз қаламыздың мекендеген барлық ұлттардың мәдениеті мен салт-дәстүріндегі ең ұтымды, тартымды тұстарын насихаттауға, осылайша халықтар достығын одан әрі нығайта түсуіне қызмет етушіміз. Алдағы уақытты Рудныйда зейнеткерлердің ұзақ өмір сүу орталығы ашылады деп жоспарланған. Осыған орай кеңес ардагерлердің қоғамдық, мәдени және спорттық шараларға белсене араласуына мұрындық боламыз.
Сұхбатыңызға рахмет!
Айдын АСҚАР
газета «Рудненский рабочий»