Қай заманда да қоғамның негізгі қозғаушы күші – кейінгі ұрпақ. Жастардың діни санасы мен діни білімін қалыптастыру – бүгінгі күннің өзекті мәселесі ретінде қалып отыр. Осы орайда жастар арасындағы діни сауаттылықты көтеру шаралары және өзге де жұмыстар жөнінде « Нұр» мештінің бас имамы Бектұрсын Уәлиевпен әңгімелескен едік.
Бектұрсын Торғайбайұлы, қазіргі таңда өзекті мәселенің бірі – халқымыздың діни сауаттылығы. Осы ретте мешітте қандай іс-шаралар атқарылып келеді?
Шынында да, 2022 жылдың аяқталуына бірнеше күн қалды. Жан-жақты қорытындылап, біздің тарапымыздан да есептер жасалынып жатыр. Облысқа, одан кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына тікелей есеп береміз. Жалпы атқарылып жатқан шаралар ауқымды. Соның ішінде, дініміздегі атаулы күндер – қасиетті Рамазан айы, одан кейін ардақты Пайғамбарымыз дүниеге келген Мәуліт айы және Құрбан айт мейрамының жөні бөлек. Діни басқарманың бекіткен жоспары бойынша осы атаулы мерекелерде іс-шаралар өткіздік, оның көпшілігі қайырымдылыққа қатысты. Мешітімізде қаламыздың көпбалалы отбасылар, мұқтаж жандар, әлеуметтік жағдайы төмен адамдарының тізімі бар. Құрбан айт мерекелерінде, Рамазан айларында қайырымдылық жұмыстарды ұйымдастырдық. Бұл іс-шаралар тек діни мерекелерде ғана емес, басқа күндерде де жалғасын табуда. Мешітімізге қарапайым күндердің өзінде тұрғындар дәрі-дәрмек пен азық-түлік сатып алуға көмек сұрап жатады. Біз олардың өтініштерін мүмкіндігінше орындауға тырысамыз. Бұдан өзге мешітіміздегі негізгі шаралардың бірі – бес уақыт намаз, бесін намаз, құптан намазының алдында жоспар бойынша белгілі бір тақырыпта жиналған жамағатқа 15-20 минуттық уағыз айтылады. Осы бес уақыт намазда жамағатқа діни сауаттылық бойынша, діни сауаттылықтың дәрежесін көтеру жөнінде игі тақырыптарда насихаттар айтылады. Мұның сыртында дүниеге келген сәбиге есім беру, ерлі зайыптылардың некесін қию рәсімдерінде жиналған жамағаттың көлеміне қарай насихаттар айтуға тырысамыз. Яғни отбасы мәселесі, бала тәрбиесі, және т,б. Сонымен қоса мешітімізде діни сауат ашу курстары да белгіленген тәртіппен жұмыс істеуде.
Жарқын болашақтың иесі жастар дейтін болсақ, олардың бойына имандылық пен адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеу үшін қандай жұмыстар жүргізілу керек? Жалпы рухани білім, рухани тәрбие дегеніміз не?
Тәрбие қоғам үшін өте қажет, тәрбиенің ішіне қарапайым тілмен түсіндірсек ар-ұят, намыс кіреді. Шариғи, діни тұрғыдан алғанда имандылық мәселесі өте маңызды. Пайғамбарымыздың жақсы бір өсиет сөз, хадисі бар: «Кімнің жүрегінде шынайы иман болса, оның жанында ұят та бірге тұрады». Біздің қоғамда тек қана жастар ғана емес, адам баласы осы екі нәрсеге ие болатын болса, онда қоғамда құқықбұзушылық деген нәрселер орын алмас еді. Яғни иманды, ұятты адам кісінің ала жібін еш уақытта аттамайды. Жастар мәселесіне тоқталсам, жастар – кемел келешегіміз, жарқын болашағымыз. Мешітке келген жастарымызға немесе белгілі бір оқу орындарында қолымыздан келгенше қазіргі заманға сай тәрбиелік жүйелерді насихаттап жатқан жәйіміз бар. Әйтсе де тәлім-тәрбие әр отбасының ішінде орын алса, бұдан да жақсы болар еді. Сондықтан тәрбие мәселесі ерте кезден, отбасыдан басталуы керек. Дей тұрғанмен біз де қолымыздан келгенше қоғамда жастарға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жалпы ислам дінімізде жастарға арналған насихат, пайғамбарымыздың хадистері көп. Сондықтан қолдан келгенше бұл жұмыстар әрі қарай ретін таба береді.
Қазір елімізде қаншама азаматтар шекара асып, жат ағымдарлың жетегіне еріп, ажал құшып жатыр. Жастардың жат ағымдардың жетегінде кетуінің басты себебі неде?
Еліміздегі жастардың шетел асып, басқа жат ағымның қолшоқпары боп, арбауына ілігіп кетіп жатқанының бірден бір себебі – діни білімнің таяздығы. Қазір бұл жағдай тыйылды, өкінішке қарай, осыдан 10 жыл бұрын бұл үрдіс кең етек алған. Жалпы кездесулерде жастарға діни сауаттылықтың қажеттілігін жиі айтамыз. Әлеуметтік желілердегі жат ағымдардың насихаттары белең алып барады. Қазақта «Дін ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» деген сөз бар. Шетел асқан бауырларымызға, жат ағымның жетегінде кеткен аға-інілерімізге айтылған сөз секілді. Сондықтан балаларға, жастарға білім алу қажет.
Бүгінде негізгі ақпарат көзі – интернет. Өкініштісі, әлеуметтік желілерде экстремистік мазмұндағы жүздеген бейнероликтер, бейне хабарламалар толассыз өрбіп барады. Жалған мәліметтердің жолында адасып кетпеу үшін не істеу керек?
Қазіргі таңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қол қусырып отырған жоқ. Ол жерде арнайы студиялар ашылып, «Мұнара» арнасы жұмыс істеуде, «Иман» журналы, «Мұнара» газеті шығарылады. Әлеуметтік желілерде діни басқармамыздың арнайы сайттары, әр облыстың өз сайттары бар, мәселен: muftiyat.kz, azan.kz, біздің Қостанайда akmeshit.kz сияқты сайттар жұмыс істейді. Алаңдарда жат ағымдарға жауап бере алатындай әрі тосқауыл болатындай жақсы бейнероликтер өмірге келіп жатыр. Дей тұрғанмен, қаражаттың әсерінен жат ағымының насихаты алға шығып кетеді, мұнда да ілесіп кетпеудің негізгі жолы сол діни сауаттылықтың қажеттілігіне әкеп соғады. Жастарымыз әр облыс, қала, аудан мешіттерінің ұстаздарынан, имамдарынан үнемі арнайы дәріс алып отырса, жалған бейнероликтердің алдауына, арбауына түспейді.
Экстемизмді насихаттайтындарды анықтау мақсатында мешітте қандай жұмыстар жүргізіліп келеді?
Жалпы бізде дін мамандары бар. Бақытжан ұстаз жат ағыммен күрес, бөтен ағымға тосқауыл қою бойынша жұмыстарды атқарады. Қазір ол біздің ішкі саясат бөлімінде де теолог мамандығы бойынша қызмет етеді. Күмәнді, жат ағымдардың насихаттауға қызығатын, екі ойлы азаматтармен жеке кездесулер өткізіп, дәрістер оқиды. Оның сыртында күнделікті күн тәртібінде жат ағымға байланысты мешіт қызметкерлері күнделікті үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді.
Қаламызда тұрғындардың дінге деген қызығушылығы қандай деңгейде? жастарды дінге тарту мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда? мешітте баратындардың қатарында әйел жамағаты үлесі қанша?
Рудный қаласында жастардың дінге деген қызығушылығы жоғары. Аға буынмен салыстырғанда жастар жағы намазға келіп, намаздан кейін қалып, өздерін толғандырған сұрақтарын қояды. Жалпы, қаламыздың дінге қызығушылығы жақсы дәрежеде. Жастардың дінге насихаттау барысында мешітітің ұйымдастыруымен спорттық іс-шаралар, күрес, футбол, волейбол не болмаса өнерпаздардың қайырымдылық концерті өткізіліп тұрады. Мұндағы мақсат жастарды дінге насихаттау. Әйел жамағатына тоқталатын болсақ, олармен жұмыс істейтін 2 арнайы ұстазымыз бар. Қазір олардың бірі демалыста, екіншісі Аяулым Ермекқызы қазіргі уақытта жұмыс істейді. Әйел жамағаты да түрлі іс-шаралар өткізіп тұрады. Мәселен, жақында әйелдер арасында волейболдан жарыс өтті.
Дінді насихаттау, халық арасында ағарту жұмыстарын жүргізу мақсатында «Нұр» мешіті әлеуметтік желілерде де белсенді жұмыстар атқарады ма?
Әр нәрсенің қайыры бар демекші, карантин кезінде мешіттер жабылды, қоғамдық орындарда адам аз жиналды. Десек те, ол кезде мешіттегі дін қызметкерлері құр отырған жоқ. Діни басқарманың арнайы жоспары мен тапсырмасы бойынша әлеуметтік желіде қыруар жұмыстар атқарылды. «Нұр» мешітінің инстаграм парақшасы, фейсбук парақшасы бар, инстаграмда аптасына тікелей эфирде екі мәрте сабақ болады, әртүрлі тақырыптар: бір имамымыз құлшылық туралы сөз қозғаса, екінші имам қоғамдағы өзекті тақырыптарға үгіт-насихат жүргізеді. WhatsApp желісінде топтар да бар, мұнда да жастар білмеген сұрақтарын қойып, желі арқылы жауап алады. Әлеуметтік желілердің пайдасы да баршылық деп есептеймін.
Қаламыздың бірқатар мекемелерін аралап, әлеуметке асыл дініміз туралы насихаттап, кездесулер өткізіп жатасыздар. Осыған тоқталсақ, кездесу тақырыптары қандай, мақсаты неде? Кездесуге қалалық әкімшілік қолдау көрсетеді ме?
Қаламызда көбінесе ұжымда көп адам қызмет ететін ұйымдарда, мәселен, құқық қорғау органдарында, қалалық ауруханада және ХҚКО қызметкерлерімен кездесулер өткізіп тұрамыз. Басым бөлігі жастармен, соның ішінде мектептер мен колледждерде кейінгі ұрпақпен пікірлесіп жатамыз. Негізгі тақырып – тәрбие. Соның ішінде ата-анаға, ұстаздарымызға деген құрмет және жат ағымның алдын алу, тосқауыл қоюға байланысты тақырыптар. Мекемелермен кездесуде, оқу орындарымен кездесуде қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімі тарапынан үлкен қолдау көрсетеді. Келешекте де бірлесіп қызмет етеміз деген сенімдеміз.
Ал мешітте қазір қандай мәселелер бар? Мәселен жабдық жағынан барлығы жеткілікті ме? Кадр жағынан ше?
Жалпы мешіттің бой көтеріп тұруы, жамағатқа қызмет етуі – халықтың көмегінің арқасында. Мешіттегі жарық, қызметкерлердің жалақысы осының барлығы халықтың есебінен жүзеге асып келеді. Жылу жүйесін қалалық әкімшілікпен келісе отырып «ССКӨБ» АҚ қол ұшын береді. Ішкі жағдайына келетін болсақ, мешіт барлық жабдықтар, жиһаздармен толық қамтылған. Жасыратыны жоқ, 2020 жылдың бас кезінде кадр жағынан қиындықтар кездесті. Қазір мешітте қызметшілер тапшылығы жоқ, 2 наиб имам, 2 ұстаз қызмет етеді. Сонымен қатар 2 әйел кісі кезектесіп жұмыс істейді.
Бұған дейін Арқалық қаласындағы мешітте имам болып қызмет атқардыңыз, Рудный қаласын Арқалық қаласымен салыстырсақ, айырмашылықтар бар ма?
Арқалық қаласында 7 жылға жуық қызмет атқардым. Айырмашылық үлкен емес, алайда Арқалық – өзге ұлт өкілдері онша көп емес, қазақы қала. Жалпы, екі қалада да діни ұстаным, мешітке келу деңгейі бірдей деп есептеймін.
Сұхбат бергеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Арай Марат