Қазіргі таңда алаяқтық белең алып барады. Жақында қаламызда дәрігер немесе медбике қызметкерлерінің атын жамылып, халықты алдып жүргендер пайда болды. Олар көпшілікке дәрі-дәрмек саудалап, қызметтерді ақылы көрсетіп жүр. Ал, Рудный қалалық емханасының бас дәрігерінің орынбасары Жандос Рахметовтың айтуынша емхана ақылы қызмет көрсетпейді.
Алаяқтықтың арбауына қаншама халық тап болуда. Алайда құрық бойламайтындар айланың түрлі әдісіне көшіп, ұстатпай жүр. Енді алаяқтар өздерін «дәрігермін» деп атап, қарапайым адамның үйлерге кіруге көшкен. Олар көрсеткен қызметіне ақы сұрап, талайды сан соқтырып үлгерді.
«Бүгінде алаяқтар медициналық қызметкер ретінде келіп, үйден ақша алып кететін болған. Естеріңізде болсын! Медициналық қызметкердің еш уақытта үй жағдайында науқастан ақша алуға құқығы жоқ. Емхананың немесе басқа да медициналық ұйымның атынан келіп, «Біз сізге осылай екпе жасаймыз, не болмаса осындай аппараттарды сатып алыңыз» деп ешқашан медициналық қызметкер айтпайды. Егер сіз жоғарыда айтқан жағдайлармен кездессеңіз, бірден 5-37-97 және 3-99-98 байланыс нөмеріне хабарласыңыздар», — деді Жандос Рахметов.
Қазіргі таңда дәрігердің қабылдауына жазылу, дәрі-дәрмекпен, мамандандырылған медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету, дәрігерді үйге шақыру, еңбекке жарамсыздық парақтары мен анықтамалар беру қызметтері сұранысқа ие. Айта кету керек, барлық мемлекеттік қызметтер тегін көрсетіледі.
«Біздің медбикелерге дәрігерлер тағайындау берген болса, таңу, бұлшық еттік инъекциялар, тамыр ішілік инъекциялар үшін ешқашан ақы алмайды. Себебі ол міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде, не болмаса міндетті мемлекеттің көрсететін қызметінде бар. Ал, преппараттарды сату қызметімен мүлдем айналыспаймыз. Біздің емхана дәрігерді үйге шақыру, дәрігердің қабылдауына жазылу, жарамсыздық қағазын, жарамсыздық анықтамасын, тегін дәрілерді беру, сондай-ақ наркологиялық, психоневрологиялық, туберкулезде есепте тұрмағаны жөнінде анықтама, Қазақстаннан тыс мемлекеттерде ем алу туралы анықтама және донорлыққа қайтыс болғаннан кейін келісім не болмаса келісімін бермеу жайлы анықтама беру секілді қызметтерді көрсетеді»,-деді Рудный қалалық емханасының бас дәрігерінің орынбасары.
Ескерте кететін жәйт, егер тегін көрсетілетін медициналық қызметті ақылы ұсынған болса, қызмет дөрекі көрсетілсе, 3-99-98 телефон нөмері бойынша хабарласуға болады.
Зерде Жеңіс