Мешітте неке қию үшін АХАЖ құжаты керек пе?

Мұсылмандық некеге тұрудың шарттары мен талаптары

Отбасын құру – адам өміріндегі маңызды қадамдардың бірі. Оның талаптары мен шарттары тек Заң жүзінде ғана емес, дін негізінде де дұрыс орындалуы қажет. Алайда, соңғы кездері қоғамда некені ойыншыққа айналдырғандар көбейді. Сол себепті, мешітте неке қию үшін АХАЖ құжатын талап ететін болған. Осы орайда, Рудный қалалық «Нұр» мешітінің наиб имамы Әл-Фараби Кенжеғарамен сұхбаттасқан болатынбыз.

Сұрағымыздың басын мұсылмандық некеге тұрудың шарттары, талаптары мен ережелерінен бастасақ.

— Шариғат жолмен ақ некесін қидыратын жұбайлардың қазіргі тәртіпке сай бірінші АХАЖ бөліміне тіркеліп, содан кейін мешітке куәліктің өзін немесе көшірмесін, жеке куәліктерінің көшірмесін әкелуі міндетті. Егер кәмелеттік жасқа толмаған, я болмаса енді толған болса, онда ата-анасының рұқсаты қажет. Шариғат бойынша екі ер адам немесе бір ер адам, екі әйел адам куәгер болса жеткілікті. Оның жасы балиғат жасқа толған, яғни 15 жастан жоғары, ақыл-есі дұрыс адам болуы керек. Ата-анасы куәгер болып есептелмейді.

— Ал, АХАЖ құжаты неліктен қажет?

— Өйткені, Діни басқарма қазір көптеген жастардың ажырасу салдарынан осындай тәртіпке көшті. Қазіргі аңда көпшілігі мешітке келіп некесін қияды. Алайда заңды тұрғыда тіркелмегендіктен уақытша тұрып, көп ұзамай ажырасып кетеді, яғни жауапкершіліктен қашу мақсатында осындай әрекеттер істейді. Егер, ортада бала болса, оның алименті сынды мәселелерге тірелетін болғандықтан осы тәртіпті міндеттеп қойды.

Ажырасып кеткен ер азаматтың отбасының, баласы мен әйелінің алдындағы жауапкершілігі қандай?

— Өмірде әртүрлі жағдай болғандықтан ерлі-зайыптылар ажырасатын жағдайда ортада бала болса, әкесі анасы мен баласы арақашықтығы өте алыс жерде тұрмауы керек. Әкесі баласының қамқорлығына жауапты болады. Шариғат жағынан да, заң жағынан да ол баласының киімі, тағамы, баспанасы секілді мәселелерге қосымша жауапты болып есептеледі. Себебі, Алланың алдындағы міндеті, аманаты.

— Мұсылмандық неке қию қалай орын алады?

— Ең бірінші мешітке келуші, жоғарыда айтқанымдай куәліктерімен келген соң өтінішті толтырады. Біздің мүфтияттың арнайы базасына куәліктің нөмері, толық деректері толтырылып, жіберіледі. Кейін qr код арқылы тексеріп қараса болады. Жалпы, некенің 5 шарты бар. Ең бірінші шарты — екеуінің мұсылман болуы. Екінші шарты – екеуінің арасындағы келісімі. Үшінші – куәгерлердің болуы, төртінші – мәһр, бесінші шарты – неке қию дұғасы оқытылады.

Некеде мәһр сыйлығын беру шарт па? Жалпы мәһрдің құны қанша болуы керек?

— Мәһр – бұл қалыңдыққа қатысты берілетін сыйлық. Оның бағасы, көлемі және уақыты бар. Шама жеткенше көп уақытқа созбай ертерек берген міндет. Мәһр бағасы шариғат бойынша ең аз дегенде екі қойдың көлемі. Негізі шариғатта мәһррды көбіне құнын жоғалтпайтын затты берген абзал. Махр ол отбасылық қор секілді. Өйткені, жаман айтпай жақсы жоқ, ері ризықтандыруға жауапты болғандықтан ол көбіне сыртта жүреді. Егер түзде жүргенде келе алмайтындай жағдай болса, мүлдем хабарсыз кетсе, сол уақытта ері келгенге дейін артында қалған жұбайы мәһрді сатып, бала-шағасын асырай алатындай жағдайда болуы керек. Негізгі мәһрдың мақсаты осы.

—  Әңгімеңізге рахмет!

Арай Марат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *