Қысқа сақадай сай

Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко «Рахат-2018» ЖШС-нің қысқы кезеңге дайындығын тексеріп, техникалардың жай-күйімен танысты

Қысқы маусымның басталуына санаулы күн қалды. Коммуналдық қызметтер үшін бұл — жауапкершілік артатын кезең: алғашқы қалың қар жауғанда қала дайындықсыз қалмауы тиіс. Қала әкімі Виктор Ионенко «Рахат-2018» ЖШС-нің өндірістік базасына жұмыс сапарымен барып, Рудныйдың аязға, көктайғаққа және қар құрсауына қаншалықты дайын екенін тексерді.

Серіктестік басшысы Алмат Өмірбаев пен өндіріс жөніндегі директор Сергей Бейферт кәсіпорынның қысқы маусымға дайындығы туралы баяндап берді.

«Біз 2026-2027 жылғы қысқы маусымға жүз пайыз дайынбыз. Барлық техникамыз сақадай сай, ал көктайғаққа қарсы қолданылатын материалдар жеткілікті мөлшерде әзірленді. Қазірдің өзінде таңертеңгі уақытта аздаған аяз байқалуда. Қажет болған жағдайда, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жолдарға арнайы қоспалар себу жұмыстарын дереу бастауға әзірміз», — деп атап өтті Сергей Бейферт.

Кәсіпорынның қарамағында әртүрлі мақсатқа арналған 50-ге жуық техника бар. Олардың қатарына қар күрейтін қалақтармен жабдықталған тракторлар, грейдерлер, тиегіштер, құм шашатын машиналар және басқа да арнайы техникалар кіреді. Қар күреу жұмыстарына ең алдымен МТЗ-82 тракторлары шығарылады. Егер үлкен қар үйінділері пайда болса, көмекке грейдерлер, тиегіштер және К-700 тракторы тартылады.

Кәсіпорынның көлік паркі біртіндеп жаңартылып келеді. Соңғы екі жыл ішінде тоғыз дана арнайы техника сатып алынды. Жаңадан қосылған техникалардың қатарында қар тазалауға арналған арнайы жабдық орнатылған екі трактор бар. Тексеру барысында Қытайда жасалған жаңа Lovol тракторы ерекше назарға ілікті.

«Негізінен МТЗ техникасына сүйенеміз, дегенмен Lovol маркалы көлікті де іс жүзінде байқап көруді жөн санадық. Мұндай техника Қостанайда бұрыннан қолданылып жүр және өзін жақсы қырынан көрсетті. Енді оның біздің қала жағдайында қалай жұмыс істейтінін бақылайтын боламыз», — деді Сергей Бейферт.

Жаңа трактор заманауи кабинамен, жылыту жүйесімен және қосымша құрылғылармен жабдықталған. Қар күрейтін қалақ пен қылшақты қоса есептегенде, оның құны шамамен 19 миллион теңге болады. Қала көшелерін тазалау тиімділігін арттыру мақсатында стандартты қалақ кеңірек үлгіге ауыстырылды.

Жаңарту жұмыстары қызмет көрсетудің басқа да бағыттарын қамтыды. Кәсіпорын шамамен 35 метр биіктікке көтеретін телескопиялық жебелі көтергіш сатып алды. Сондай-ақ кәсіпорынның көлік паркі қызметкерлерді тасымалдауға арналған заманауи автобуспен толықты.

Тексеру барысында қар тазалауға пайдаланылатын техникаға ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта кәсіпорынның қарамағында жеті «КамАЗ» жүк көлігі және төрт «Shacman» самосвалы бар. «Рахат-2018» ЖШС басшылығының айтуынша, тазартылатын қар көлемі жыл сайын артып келеді.

Қар төгетін орындарды белгілеу мәселесі де талқыланды. Алмат Өмірбаевтың айтуынша, қаланың әртүрлі бөліктерінен қарды тиімді шығару үшін қазіргі орындар жеткіліксіз. Қосымша аумақтар қарастырылғанымен, оларды пайдалану жерге қатысты және ұйымдастырушылық мәселелерді шешуді қажет етеді. Сонымен қатар, мұндай аумақтардың құрылыс немесе тұрмыстық қалдықтарды заңсыз тастайтын орындарға айналып кетпеуін қадағалау қажет.

Қысқа дайындықтың тағы бір маңызды бағыты — көктайғаққа қарсы материалдар қорын жасақтау. Тексеру сәтінде мұндай қоспаның 560 тоннасы дайын тұрды. Дегенмен қала әкімі бұл материалдарды үнемді пайдалану қажеттігін, сондай-ақ жолдарға қоспа шашу қар тазалау жұмыстарының негізгі әдісіне айналмауы тиіс екенін атап өтті.

Виктор Ионенконың айтуынша, жаңа түскен қарды көлік дөңгелектерінің астында тапталып, тазалауға қиын қалың мұз қабатына айналмай тұрып, дереу тазалап тастау әлдеқайда тиімді. Бұл тәсіл мұз ерітетін реагенттерді тұтынуды, сондай-ақ күн жылынған кезде көшелерде пайда болатын еріген қар суы мен балшық мөлшерін азайтуға көмектеседі.

Әкім коммуналдық қызмет көрсету топтарының жедел әрекет етуіне ерекше тоқталып, қар тазалау жұмыстары жауын-шашынның тоқтауын күтпей-ақ, қар жауа бастаған алғашқы сағаттарда-ақ қолға алынуы тиіс екенін атап өтті.

«Бұл қосымша шығындарға әкелуі мүмкін екені анық. Кейбір жерлерде жұмысшыларға бір учаскенің өзінен екі-үш рет өтуге тура келеді. Алайда егер қар уақытында тазартылмаса, кейін шығын бұдан да көп болады. Ондай жағдайда нығыздалып қалған қарды аршу үшін ауыр техниканы тартып, оны тиеп, қала сыртына тасып шығаруға тура келеді. Ең бастысы — жолдардағы қардың тапталып, қатып қалуына жол бермеу», — деп атап өтті Виктор Ионенко.

Алдағы қысқы маусымға дайындық техникалық жағынан ғана емес, кадрлық тұрғыдан да толық жүргізілді. «Рахат-2018» ЖШС-де қызметкерлер штаты толық жасақталған. Мамандардың басым бөлігі техниканың бірнеше түрін басқаруға оқытылған. Мәселен, жолдарға көктайғаққа қарсы қоспа себу қажет болмаған кезде, жүргізушілер тракторларды, тиегіштерді немесе самосвалдарды басқаруға ауыса алады.

 

Снежанна АЖҒУЖИЕВА,
суретті түсірген Елена ВОРОНИНА