-
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте жастар саясаты саласындағы жағдай талқыланды. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева аталған бағыттағы атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Атап айтқанда, жастарды қысқа мерзімді курстарда оқытып, жұмыспен қамту, сондай-ақ өзінің бизнес-идеяларын жүзеге асыруға көмектесу жоспарланып отыр. Бұл санаттағы азаматтарды «Отбасы банк» АҚ-мен бірлесе отырып әзірленетін бірыңғай тұрғын үй жобасына тарту жолдары да қарастырылмақ.
Кеңесте репродуктивті денсаулықты сақтау туралы мағлұмат беруге, нашақорлық, лудомания секілді өзге де тәуелділіктердің алдын алуға бағытталған жобалар да таныстырылды.
«Жастарды қолдау – біздің жұмысымыздың маңызды бағыты. Ұсынылған жобаларды қолдаймын. Мүдделі мемлекеттік органдар мен өзге мекемелермен әр тармағын мұқият қарастырған жөн. Жобалардың орындалу барысын да ұдайы қадағалап отыру аса маңызды», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.