Спорт саласын дамыту басты назарда

«Спорт – денсаулық кепілі». Бұл сөз қай заманда да өзектілігін жоғалтқан емес. Сол үшін де осы салаға көптеп көңіл бөлініп, рудныйлықтардың спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануына барлық жағдай жасалуда.  Атқарылып жатқан жұмыс жайымен толығырақ танысу мақсатында «Рудный қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ бас маманы Амир Калимжановпен сұхбаттасқан едік.

– Қайырлы күн, спорт бөлімінің атқарып жатқан жұмыстары жөнінде толығырақ айтып өтсеңіз.

  – Рудный қаласы әкімдігінің спорт бөлімі қалалық деңгейде дене шынықтыру және спорт саласында мемлекеттік саясатты жүргізу болып табылады. Негізгі міндеттері: қалада дене шынықтыру мен спорт саласын дамыту, материалдық-техникалық база құру және нығайту, олардың инфрақұрылымын дамыту және  спорт насихаттау.  Осы міндеттерді іске асыру мақсатында «2-3 разрядты спортшы», «1-3 жасөспірімдер разрядты спортшы», «біліктілігі орта/жоғары деңгейдегі екінші санатты жаттықтырушы», «біліктілігі жоғары деңгейдегі екінші санатты әдіскер», «екінші санатты әдіскер», «нұсқаушы», «біліктілігі жоғары деңгейдегі екінші санатты спортшы», «спорт төрешісі» секілді спорттық разрядтар беру де бөлім функцияларының бірі.   2023 жылдың 9 айынның қорытындысы бойынша  «жасөспірімдер разряды» 362 спортшыға,  «екінші және үшінші ересек спорттық разряды» 90 спортшыға, «жаттықтырушылар» санаты 26 адамға,  «спорт төрешісі» санаты 10 адамға өсті.

– Спортсүйер азаматтарға барлық жағдай жасалуда. Нәтиже бар ма?

–Әрине, қаламыздағы спорттық-материалдық базаның нығаюы — дене шынықтыру және спортпен айналысушылар санының өсуіне оң әсерін тигізді. Дене тәрбиесі мен спортпен тұрақты түрде шұғылданушылардың саны артып келеді. 2023 жылдың 1 қазан статистикасына сүйенсек қала тұрғындарының саны 123.896 құрайды.  Оның 51.180 адам саны тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Осы уақытқа дейін қаламызда түрлі форматта 657 спорттық-бұқаралық іс-шаралар өтті.

— Қалада қанша спорт нысаны және спорттық секциялар жұмыс атқарады?

— Жалпы 51 спорт нысандары халыққа қызмет көрсетеді. Оның 36-сы жеке нысандар. Сонымен қатар, көптеген спорт түрлерінен секциялар жұмыс істеуде. Атап айтқанда,  баскетболдан, волейболдан, футболдан, үстел теннисі секілді 2218 спорт секциясы жұмыс атқарады. Ұлттық спорт түрлері де назардан тыс қалған емес. Қазақша күрес, көкпар, тоғыз құмалақ, асық ату сынды секцияларда тұрғындар дайындалады.

– Балалар мен жасөспірімдер спорттық дайындығы қандай деңгейде?

– Бұл бағыттағы спортты дамыту мақсатында жалпы қала бойынша 2 балалар жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс жасайды. Қатысушылар саны — 1756 бала. Спорт мектептерінде спорттың 15 түріне, атап өтсек, жеңіл атлетика, бокс, дзюдо, кикбоксинг, шорт-трек, шахмат үйірмелеріне баса назар аударылған. Балалармен тынымсыз еңбек жасап жатқан 42 жаттықтырушымыз бар.

– Сұхбатыңызға рахмет! Жұмысыңызда табыстар тілейміз!

Сания САКТАГАН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *