Айтыскер ақынмен кездесу өтті

Жер бетінде қанша ұлт болса, сонша ұлттық ерекшелік, дәстүр бар. Әр халықтың ерекше болмысына, өмір сүруіне қарай дәстүрлер қалыптасқан. Оның бәрі ерте заманда пайда болып, дамыды және бүгінгі күнге дейін жетіп келеді. Біздің қазақ және көршілес қырғыз  халықтарында ежелден қалыптасқан ауыз әдебиетіндегі поэзиялық жанр, топ алдында қолма-қол суырып салып айтылатын сөз сайысы, жыр жарысы- айтыс. Ақындар білгірлікті, тапқырлықты көрсетіп, бір-бірімен  ұшқыр ойы мен сөз саптауы арқылы жарысқан. Айтыс- көп жағдайда өмір шындығын, халықтың тұрмыс-тіршілігін және саяси мәселелерін сөзбен суреттейтін өнер. Сондай-ақ, нағыз айтыс домбырасыз өтпейді. Нағыз айтыскер ақын бірнеше өнерді меңгерген. Біріншіден, ол-сөз өнерін  жақсы меңгерген шешен, екіншіден, әнші, үшіншіден, домбырада шебер ойнайтын әртіс.

«Айтыс» өнерін терең ұғыну үшін «Төрт тоқсан-төрт өнер» ұлттық мәдени-ағартушылық жобасы аясында Б.Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясына айтыскер ақын, бірнеше айтыстардың жеңімпазы, қаламыздың құрметті азаматы Ғалымгерей Кенжеғозин қонаққа келді. Іс-шараға №1 мектеп, № 18 мектеп, Абай мектебі және  Би-аға мектебінің жоғарғы сынып оқушылары қатысты. Кездесу сұқбат ретінде өтіп, ақынға қызықты сұрақтар қойылды.

«Қазіргі танда үш құндылыққа негізделген тәрбие жұмыстары өткізіліп жатыр. Осы құндылықтың бірі өнер саласына байланысты болғасын қала мектептерінің қатысуымен жиын өткізіліп отыр. Кездесу тек атақты айтыскер ақынмен емес, мектебіміздің Данияр және Жамбыл есімді түлектері келіп қатысты. Олар Ғалымгерей ағайдың шәкірттері. Көптеген аламан айтыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған біздің оқушыларымыз. Негізгі мақсат — оқушылардың даралығын, таланттарын сыртқа шығаруға және олармен жұмыс жасай отыра ата-бабамыздан қалған дәстүрлерімізді сақтау. Біздің мектепте бұл өнер түрінен де үйірме ашылған. Оның жетекшісі Ғалымгерей ағай. Бірақ қатысуға ниет білдірушілер өкінішке орай жоқ. Бәлкім, балалар ұялады немесе өздеріне сенбейді. Бірақ, барлығын жеңуге болады деп сенемін. Осы кездесуден кейін қызығушылық пайда болады деген ойдамыз»,- деп Нұрсыйла Мейрімханова өз ойымен бөлісті.

Нұрсыйла Мейрімханова бұл кездесудің жүргізушісі болды. Келген Ғалымгерей Кенжеғозинге өмір жолы мен шығармашылық қызметіне байланысты сұрақтар қойылды. Ақын өз сөзін «Айтыс — тілдегі сұлу теңеулер, мақал-мәтелдер арқылы жасалған дүние. Айтыс- ұйқасқан өлеңі ғана емес, көркемсөз, бейнелі ойға құрылған жауап. Ол тапқырлықты  қажет етеді. Себебі қарсылас ақынның өлеңіне ұтқыр жауап айтылмаса, ақын  жеңіліс  табады»,- деп бастады. Ғалымгерей ақынның шәкірттері көп болды. Көбісі өнер жолында.

Ақынның есте қалатын шәкірттерінің бірі Мырзағали Қожахмет. Айтыс жолына келгенде небәрі 4 сынып оқитын бала болған. Күй тартқанда нағыз шебер бала, тәлімгерінің қолдауымен көптеген сайыстарда өзінен біршама үлкен қарсыластарын сөз шешендігімен жеңген. Кездесуге арнайы келген Би-аға гимназияның түлектері, Ғалымгерей ақынның көңілін көтерді. Данияр Нигматов және Жамбыл Тоққожаев Жетісуге дейін барған айтыс ақтаңгерлері. Тәлімгерлерін көрген олар алғыстарын білдірді. Кездесу ортасында зал көрермендері нағыз тартысты айтыс байқауын ұсынды. Тәлімгер мен шәкірттері домбыраны алып шығып сөз бастады. Бір-біріне берілмей, өнерін ортаға салды. Жамбыл есімді шәкірті: «Айтыс- жалпақ тілмен айтқанда қазақ халқының «фишкасы». Біздің ұлт айтысымен, өнерімен, қадір-қасиетімен, ою-өрнегімен белгілі. Сондықтан айтысты жоғалтып алмайық, оны шарықтата берейік. Сол кезде нағыз қазақ боламыз»,- деп ойын білдірді.

Қазіргі таңда жаңашыр азаматтар белін қақпай қатысамын деген балаларды айтысқа тартуға асығады. Ғалымгерей Кенжеғозин мектептермен байланыс орнатып «Ақберен ақындар» үйірмесінде жетекші. Бірақ, тіл тазалығын сақтайтын, ұлттық аспапты ұлықтайтын жастар аз екенін мойындады. Бұл балалардың смартфондарға тәуелді болып, өнер болсын, спорт болсын, ғылыми үйірмелер болсын шығармашылыққа қызығушылықтары төмендегенін көрсетеді.

Б.Майлин атындағы №7 мектеп-гимназисының директоры да өз ойын ортаға салды.

«Бірнеше жылдан бері Ғалымгерей Кенжеғозин біздің оқушыларды дайындап келе жатыр. Айтысты екінің бірі алып жүре алмайды. Өйткені оған өнер, уақыт, сөз саптауы мен ұйқастыру қасиеттері болуы керек. Менің ойымша, шәкірт тәрбиелей білу қажет. Біздің солтүстік аймақтарда «қатысамын» деген балалар аз екені шын. Алдағы уақытта енбегіңіз жемісті болсын, айтыстың аламанында дүбірлі додаларда бірінші болып келе беріңіз! Алтын уақытыңызды бөліп келгеніңіз үшін рақмет!»,- деп алғыс білдірді Қымбат Бірманова.

Кездесу соңында айтыскер ақын жиын қатысушыларының сауалдарына жауап беріп, өз ұсыныстарын білдірді.

Сания Сактаган

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *