РУДНЫЙДА ТҰҢҒЫШ ҚАЗАҚ МЕКТЕБІН АШҚАН…

Рудный шаһарында мемлекеттік тілде білім ордаларының есігін айқара ашуға тікелей ықпал еткен және бар уақытын соған сарп еткен ардақты ақсақал, нағыз ұлтжанды азамат Омар Төртбаевты еске алу кеші өтті. Рудныйлықтар «Біздің Ыбырай» деп атап кеткен тіл жанашыры жөнінде толығырақ келесі бейнематериалдан көре аласыздар

Омар Оспанұлы 1912 жылы Әулиекөл ауданындағы алтыншы ауылда дүниеге келген. Жасынан білімге құмар болды. Ана тілімен қоса орыс және башқұрт тілінде еркін сөйлеген. Еңбек жолын зоотехник мамандығымен бастап, түрлі оқу орындарында сабақ беріп жүрсе де, қолынан қаламы түспеді. Туған халқы, елі алдында Омар Төртбаевтың сіңірген еңбегі зор.

 «Менің әкем 90-жылы осы қалада алғашқы қазақ мектебі, балабақшада қазақ топтары, 11 ақ жаулықты әжелерден құралған «Гәкку» ансамблін, алғашқы мешітті құрған. 3 пайыз қазағы бар Рудный қаласында мектеп ашу оңай емес. Жергілікті газет-журналдарға орыс тілі, қазақ тілі, тіпті басқа тілдерде де мақалалар жазып тұратын. Өте білімді адам еді. Бүгін әкемізді еске алу кеші өтіп жатыр. Әкемнің сіңірген еңбегі әлі күнге дейін ел аузында. Білім бөлімі, колледждердің басшылары, маслихат бөлімінің меңгерушісі бүгін қатысып жатыр. Биыл әкемнің дүниеден өткеніне 26 жыл толды», — деді қызы Баян Омарқызы.

Соғыс және еңбек ардагері бар саналы ғұмырын ел мүддесіне арнады. Оның атқарған ауқымды жұмыстарының арқасында алғаш рет № 12 орыс орта мектебінің ішінен 11 бала үшін қазақ сыныбы ашылған. Осылай келесі жылы бір, одан кейін екі қазақ сыныптары ашылып, үш жылдың ішінде төрт қазақ сыныбы қалыптасқан.

«Омар атаны осы қалаға келгелі білемін. Өйткені, ол біздің достарымыздың ғана әкесі емес, бүкіл қаланың әкесі болды. Кезінде өте сыйлы азамат болған. Ол кенді қалада алғаш қазақ мектебін ашты. Ол үшін үй-үйді аралап, балаларды жинады, әке-шешелерін үгіттеді. Бірінші № 12 мектептке, кейін № 15 мектепте қазақ сыныптарын ашуға көп үлесін қосты», — деп айтты қоғам қайраткері Рызбике Сүймекова.

Бүгінде Рудныйлықтар Омар Төртбаевты «Біздің Ыбырай» деп атап кеткен. Алғаш қазақ халқы үшін білім көзін ашқан ағартушы-ұстаз Ыбырай Алтынсарин болса, Омар Төртбаев тәуелсіздік жылдарында кенді қалада мемлекеттік тілде дәріс беретін мектепті ашқан.

 «Омар Оспанұлымен 90-жылдың басынан таныс болдым. Өйткені мен ол кезде қала әкімшілігінде экономика және шағын бизнес өнеркәсібі басқармасын басқардым. Сол кезде бұл кісі маған келіп «бізге қалада намаз оқитын жер керек» деп айтты. Алғаш кездесуіміз осылай өткен. Одан кейін де түрлі мәселелермен келіп тұрды. Өйткені, ол намаз оқитын жер ғана емес, Қостанайға Марал Ишан мешітіне қатынауға автобус керек деп сұрады. Осының бәрі үшін ол өзі жүріп, барлық қарияларды жинап, Қостанайға апарып, қайтадан алып келетін. Өзінің жасына қарамастан барлық іске атсалысты. Бойында ұйымдастырушылық қабілеті бар тұлға еді», — деп естелігімен бөлісті Амантай Жантеміров.

Омар Оспанұлының еліміз бен халқымызға сіңірген қыруар еңбектері де мемлекет тарапынан бағаланды. Ол кеудесіне Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерін таққан. Басқа да марапаттары баршылық. Барша қазақ баласының атасына айналған тіл жанашырының есімі есте сақталатыны анық.

Арай Марат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *