Балалардың 99,8% жазғы демалыспен қамту жоспарлануда
Сонымен кезекті оқу жылы да аяқталды. 1 маусым күні Рудный білім ошақтарында соңғы қоңырау соғылды. Енді балалардың жазғы демалысы басталды. Бұл балғындардың бос уақытын тиімді өткізуге қолайлы жағдай туғызатын сәт. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша Рудный қалалық білім бөлімінің басшысы Темурхан Жайлыбаевпен сұхбаттастық.
— Оқу жылының аяқталуымен құттықтаймыз! Қанша оқушы 11-сыныпты, қаншасы 9-сыныпты аяқтады? Алтын белгіге үміткерлер, үздік аттестат иегерлері саны қанша? Осы жөнінде ақпарат берсеңіз…
— Биыл 1-11 сынып оқушыларының саны 16081 адамды құрайды. Оның ішінде 9-сынып түлектері – 1417, 11-сынып түлектері – 561 оқушы. 9-сынып оқушыларының қорытынды емтихандары 2023 жылғы 2-13 маусым аралығында өтеді. 11-сынып оқушыларының мемлекеттік бітіру емтихандары 5-19 маусым аралығында өтеді. Комиссияның шешіміне сәйкес 36 оқушы емтихандардан босатылды. Биыл «Алтын белгі» аттестатына 11 оқушы, үздік аттестатқа 30 оқушы үміткер. Ағымдағы жылы ҰБТ 18 мамыр мен 5 шілде аралығында өтеді. Оған 446 түлек қатысуды жоспарлап отыр.
— Балалардың жазғы демалысын, бос уақытын дұрыс, пайдалы өткізу, негізгі мәселе. Осы жөнінде айтсақ… Қандай балалар сауықтыру орталықтары жұмыс істейді? Орталықтар қанша баланы қамтиды?
— Жазғы сауықтыру науқанын ұйымдастыруға келер болсақ, алдын ала деректер бойынша балалардың 99,8% жазғы демалыспен қамту жоспарлануда. Биылғы жылы «Чайка» және «Орленок» 2 балалар сауықтыру орталығы жұмыс істейтін болады. 1750 баланы қамти отырып, 10 күннен 5 ауысым өткізеді. Қазіргі таңда орталықтарда балалардың қауіпсіз демалуын қамтамасыз ету үшін дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 103,1 млн теңге бөлінді. Орталықтар медициналық және педагогикалық кадрлармен жабдықталған. Жалпыға бірдей білім беру қорынан 4 млн 685 мың теңге сомасына 100 жолдама сатып алу жоспарлануда. Мемлекеттік тапсырыс бойынша «Хатико» оңалту орталығында ерекше білім беру қажеттілігі бар 14 баланы сауықтыру жоспарланған. «Евразия» медициналық орталығының базасында 5 маусымнан бастап демалыспен және сауықтырумен 330 бала қамтылмақ.
— Лагерьден бөлек мектептің өзінде қандай іс-шаралар өтеді?
— Қала маңындағы лагерьлерден басқа жазғы демалыс мектептер базасында да ұйымдастырылады. Мектеп базасында 5728 оқушыны қамтитын 17 мектеп жанындағы ойын алаңдары және 450 оқушыны қамтитын 2 тамақтану алаңдары жоспарлануда. Сондай-ақ жеткіншектерді жұмыспен қамту жағын да қарастырдық. Жаз бойы 7 еңбек жасағы мен 24 көгалдандыру бригадасы 2000-ға жуық жоғары сынып оқушыларын қамтуды жоспарлап отыр. 16 жастан бастап оқушылар «Жасыл ел» жобасы аясында Жастар ресурстық орталығы арқылы қаланы көгалданыру және абаттандыру бригадаларына жұмысқа орналаса алады. Сонымен қатар қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы мектеп жанындағы алаңдарда тәлімгердің көмекшісі ретінде 100-ге жуық оқушы жұмысқа орналаса алады. Жазғы кезеңде тұрғылықты жері бойынша 9 аула клубы жұмысын жалғастырады. Білім беру ұйымдарының ерекше бақылауында тұрған балалар бар. Әр мектепте жазғы демалыс бойы осы балалардың жұмыспен қамтылуы жайлы мониторинг жүргізіледі.
— Мектептерде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі ме?
— Жазғы демалыс кезінде білім беру ұйымдарында күрделі және ағымдары жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Биыл бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 379,5 млн теңге бөлінді. Бейнебақылау камераларымен білім беру ұйымдары 100 % қамтылған. Мектептердің 100% және балабақшаның 87,5% ЖБО-ға қосылған. Террористік тұрғыдан осал объектілер үшін 61642,4 мың теңге көлемінде мамандандырылған күзетке қаражат бөлінді.
— Жазғы демалыстарда балалардың қауіпсіздігі – басты мәселе. Жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін қандай іс-шаралар жүргізіледі?
— Жазғы науқандағы басты міндеттердің бірі – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жаңалықтардан ата-аналардың немқұрайлығынан немесе қауіпсіздік шараларын елемеуіне байланысты түрлі жаға ұстатарлық жағдайларды көріп жүрміз. Жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін мүдделі құрылымдардың ведомствоаралық өзара іс-қимылын күшейту, рейдтік алдын алу іс-шараларын жүргізу жұмыстарын күшейту қажет.
Арай Марат