Кондитер: 100-ге жуық қыз-келіншектерге торт пісіруді үйреттім

Соңғы жылдарда еңбек етемін деген жандарға атқарар іс көп. Инстаграм желісін ашып қалсаң, кәсіптің сан алуан түрін жиі көзіміз шалады. Кейбір жандар кітап сату, тоқыма тоқу, киім тігумен айналысса, кейбірі тәтті нан тағамдарын әзірлейді. Қазіргі таңда той жиындары да тортсыз өтпейтіні хақ. Туған күнде де, тойда да бұл тағам дастарханымыздың сәніне айналды.

Мереке Абдикаримова 1993 жылы Өзбекстан Республикасы Үшқұдық ауданында дүниеге келген. Негізгі мамандығы – архитектор. 2012 жылы туған елге оралған соң, сауда-саттықпен айналыса бастайды. Десе де кішкене кезінен тәттілер дайындауға әуес еді. Хоббиі кәсіпке айналғанша түрлі шеберлік сабақтарына қатысып, білімін шыңдаған.

«Ең алғаш қызымның 1 жасына өз қолыммен торт дайындайын деп шештім. Бұл торттың суретін инстаграм желісіне жүктегеннен кейін таныстарымнан, достарымыздан, ағайын-туысқандарымыздан тапсырыстар түсе бастады. Кейін екінші балам дүниеге келген кезде күйеуім тортқа қажетті барлық құралдарды алып берді. Ақырындап  жұмыстарымды инстаграм желісіне жүктей бастадым. Кейін сұраныс артып, тойдың сәні болатын  «торттарға» да тапсырыс түсе бастады», — деді Мереке Абдикаримова.

Бүгінгі күні Мерекенің өзі де шеберлік сабақтары, қазіргінің тілімен айтқанда оффлайн курстарын өткізеді. 2019 жылдан бастап осы уақытқа дейін шамамен 100-ге жуық қыз-келіншектерді оқытқан екен.

«Үйде отырған аналар қызығушылық таныта бастады. Ең алғаш шеберлік сабағын 2019 жылы наурыз айында үйімде өткіздім. Сегіз қызға төрт түрлі тортты пісіруді үйреттім. Шеберлік сабақтарын өткізу арқылы көптеген нәзік жандылардың тәтті торттарды әзірлеуге деген махаббатын оятып, табыс табуларына көмектестім. Әлі де шеберлік сабақтарыма қатысқан қыздармен жақын араласамын. Осы уақытқа дейін шамамен 14 мәрте сабақтар өткізген екенмін. Әр шеберлік сабағында төрт торт пен екі түрлі тәтті тоқаштарды дайындауды үйретемін», — деді торт пісіруші.

Мереке Абдиразаққызы тынбай еңбек етудің нәтижесінде мақсатына қол жеткізген аспаз. Қазіргі таңда үйде отырып-ақ 100 мыңнан жоғары табыс табады. Дей тұрғанмен, ол алдағы уақытта кәсіпті одан әрі дамытуды жоспарлап жүр. Тойға арнайы жасалған торттарға көп уақытын жұмсайды. Ал шағын торттарды әзірлеуіне 2-3 сағат кетеді екен. Мереке Абдиразаққызы кәсіп бастауға ниетті жандар үшін мемлекеттен қолдау барын айтады.

«Мемлекеттен қолдау бар. 2020 жылы 400 МРП грантты ұтқанмын. Бұл қаражатқа торт пісіруге қажетті пешті, бұлғауыш құралдарды сатып алдым. Осының арқасында тапсырыстарды жылдам, әрі сапалы етіп дайындаймын. Оған дейін шағын құралдарды пайдаланғанмын, қазір ісімді біршама жеңілдеді», — дейді Мереке Абдиразаққызы.

Кондитер  кәсіп бастағалы жүрген жастарға ең бастысы сабыр сақтап, еңбек етіп және білім алу керек дейді.

«Инстаграм желісінің зияны туралы түрлі пікірлер бар. Бірақ мәселе кімнің қалай пайдаланғанына байланысты болса керек. Бүгінде әлеуметтік желіні табыс көзіне айналып отырғандар жетерлік. Жастарға айтар ақылым: алған білімдеріңізді пайдаланыңыздар. Бірнеше мәрте жолдарыңыз болмаса қайтпаңыздар. Өйткені, бәрі бірден бола бермейді. Еңбек етсе, еңбектің жемісін міндетті түрде көреді. Ең бастысы, кездескен қиындықтардан сүрінбей өтуі қажет», — деді Мереке  Абдикаримова.

Арай Марат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *