2013 жылдан бері әлем бойынша 1 ақпан «Хиджаб күні» саналады. Бұл мерекені қаламыздың әйел жамағаты да жыл сайын атап өтеді. Жақында хиджаб күніне орай «Нұр» мешітінде «Жаратушы сыйға тартқан орамал» атты іс-шара ұйымдастырылды.
1 ақпан күні әлемнің көптеген қыз-келіншектері Хиджаб күні, халықаралық орамал күнін атап өтіп, мұсылман әпке-сіңлілеріне қолдау көрсетеді. Ал, мейрамды ең алғаш Нью-Йорк тұрғыны Назма Хан ұсынған екен. Ол алып Америкада әуелі мектепте, кейін университетте орамалға қатысты талай қысымға ұшырайды. Сөйтіп, қайсар қыз әлемдегі барлық мұсылман қыздарға көмек қолын созу мақсатында Халықаралық орамал күнін атап өту бастамасын ұсынады. Бір таңқаларлығы, бұл идеяны қолдаушылардың саны көп болды. Осылайша, бастапқыда көптеген қарсылыққа ұшыраған Хиджаб күнін қазіргі таңда әлемнің әр түкпірінде мұсылман әйелдерден бөлек мұсылман емес әйелдер де бастарына жаулық салып, атап өтеді. Қазіргі уақытта орамалды жандарды қолдайтындардың саны жыл сайын арта түсуде. Биыл әлем бойынша 10-шы мәрте дүниежүзілік хиджаб мерекесі өтіп жатыр.
Орамал күні қаламыздағы «Нұр» мешітінде де өткізілді. Іс-шара аясында ақ дастарқан жайылып, көпшілікке орамал жайлы уағыз-насихаттар айтылған. Мерекеге жиналған ақ жаулықты апа-әжелер, орамалды қыз келіншектер өзара пікір алмасып, ойларын білдірді, көкейдегі мазалаған сұрақтарын әйел-қыздар секторының ұстазы Аяулым Смагуловаға жолдады. Сонымен қатар, жиналған жамағатқа мерекеге орай тасбихтар таратылған. Ал, аталмыш күнді атап өтудің негізгі себебі:
– «Биыл біз де мерекеден қалыс қалмай, қаламыздағы әйел жамағатының басын қосып, «Жаратушы сыйға тартқан орамал» атты рухани іс-шарамызды өткіздік. Бұл күнді атап өтудің негізгі мақсаты — көпшілікке орамалдың қадір-қасиетін, мән-мағынасын ұғындыру. Ислам дінінде қыз-келіншектерге орамал тағып, ұятты жерлерін бөтен көздерін жасыру парыз етілген. Орамал – мұсылман әйелдерге Жаратқанның сыйға тартқан ең қымбат сыйлығы. Әйел адамдардың орамал тартуы – ер кісілердің сақал өсіруінен де үлкен парыз. Қасиетті Құранда Алла Тағала «Әйел адамдар үстеріне жамылғы жабылып жүрсін, яғни беті мен екі алақанынан басқа жерлері көрінбесін» деген. Бұл хиджабтың парыз екеніне дәлел болатын аят», – дейді «Нұр» мешітінің ұстазы Аяулым Смагулова.
Аталмыш іс-шараға 30-дан астам әйел жамағаты жиналған. Шариғат шәлісін дәріптейтін іс-шара алдағы уақытта да жалғасын табады.
Зерде Жеңіс
газета «Рудненский рабочий»