«Жас ұрпақты күйшілік өнерге баулимын»

Биыл күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл толады. Елімізде ұлы күйшінің мерейтойына орай шығармашылығын зерттеу, әрі насихаттау мақсатында көптеген іс-шаралар жоспарлануда. Шаһарымызда қазақтың аспапты музыка өнерінің классигі Құрманғазының күйлерін білмейтін жандар кемде кем.

 «Домбыра» үйірмесі 2020 жылдан бастап А.Байтұрсынов атындағы жалпы білім беретін мектеп базасында жұмыс істеуде. Сабақтар аптасына 2 мәрте өткізіледі. Үйірме жетекшісі — ұлы күйшілердің өнерін жастар арасында насихаттап жүрген Гүлжиһан Қайырбекқызы. Ол қазақ халқының мазмұнды, терең мағыналы, философиялық күйлерін, соның ішінде кемеңгер күйші Құрманғазының шығармаларын ұрпақ бойына сіңіруді міндет тұтқан.

«Қазіргі таңда Құрманғазы атамыздың 200 жылдығына орай «Балбырауын» күйін үйретіп жатырмын. Құрманғазы Сағырбайұлы – төкпе күй дәстүрінің жалғастырушыларының бірі. Оның көптеген күйлері әлеуметтік жағдайға байланысты өмірге келген. Мәселен, анасына арнап шығарған «Аман бол, шешем, аман бол», «Қайран шешем» атты күйлері, табиғатқа арнаған «Алатау», «Сарыарқа», сонымен қатар, көп жерлерде орындалатын «Балбырауын» және «Адай» күйлері. Алдағы уақытта халқымыздың күй мұрасын насихаттау мақсатында жас ұрпақты күйшілік өнерге баулығым келеді», – дейді үйірме жетекшісі Гүлжихан Қайырбекқызы.

Ол музыкалық колледжде домбыра сыныбын бітірген. Қазіргі таңда А.Байтұрсынов атындағы жалпы білім беретін мектепте «Музыка» пәнінің мұғалімі. Сонымен қатар, жас ұрпаққа қазақтың бас аспабы домбыраны күмбірлете ойнауды үйретіп келеді. Киелі аспапқа қызығушылығын Гүлжихан Қайырбекқызы атадан дарыған өнер деп есептейді. Ұстаз үйірмеге келген баланың, ең алдымен, есту қабілетін байқап көреді, 2 ай уақыт ішінде жас домбырашының қабілетін тексереді. Ол үйірмеге баласын жетектеп әкелген ата-аналардың көбі «Нотамен үйретесіз бе?» деп сұрайтынын айтты.

-«Біз тек еске сақтап қалу тәсіліне жүгінеміз. Ескіше, құлақтан құлаққа жеткізу, көрсетілгенді балалардың қайталауы арқылы үйретеміз. Сондай-ақ, қандай да бір күйді үйретпес бұрын күйдің тарихымен бөлісемін, осылайша оқушының күйшілік өнерге қызығушылығы одан әрі арта түседі», – дейді үйірме жетекшісі.

Қазіргі сәтте үйірмеге 15 домбырашы қатысады. Олардың арасында 3-сыныптан бастап қатысып жүрген Мирас Мылтықбаев бар.

«Менің домбыра аспабына қызығушылығым кішкентай кезімнен басталған. Ал, домбырада ойнауды алғаш үйірмеге келіп үйрендім. Жетекшіміз Гүлжихан апайдың арқасында көптеген күйлерді нақышына жеткізіп орындайтын болдым. Мен Құрманғазы күйшінің туындыларын жақсы көремін. Мәселен, біз бүгін күй атасының «Балбырауын» атты танымал күйін орындағалы отырмыз», – деді 5-ші сынып оқушысы Мирас Мылтықбаев.

Қазақ халқының ұлы күйші – композиторы, дүниежүзілік мәдениеттің аса биік тұлғасы – Құрманғазы Сағырбайұлының туған жылы туралы күні кешеге дейін әртүрлі пікірлер айтылып келді. Кей ақпарат көздерінде 1806 жылы дүниеге келді делінсе, кей архивтік деректер бойынша Құрманғазы Сағырбайұлы 1823 жылы туып, 1896 жылы қайтыс болған деп жазылған. Десе де еліміздің біртуар жанашыр азаматтар биыл ұлы сазгердің 200 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО аясында дүниежүзілік көлемде аталып өтуге тиіс деп мәлімдеді.

Арай Марат

газета «Рудненский рабочий»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *