19 қаңтар күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жетінші шақырылымдағы мәжілісті тарату және Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын 2023 жылғы 19 наурызға тағайындау туралы шешім қабылдаған. Сайлауға қатысты қоғам белсенділері мен саяси шолушылар «Қазақстанда шынымен демократияның лебі еседі» деген пікір айтуда. Мұндай оймен қаламыздағы белсенді жастар да келіседі.
Саяси науқанға 18 күн қалды. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін президент барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Бұл сайлау аудандар мен қалалардың мәслихаттарына толығымен мажоритарлық жүйе бойынша өтеді. Тұтастай алғанда, биыл жаңадан қалыптасатын 223 мәслихаттың 3415 депутаты сайлануға тиіс.
«Негізінен, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәжілісті таратып, маслихаттардың өкілеттілігін тоқтату жайлы шешім қабылдағаны баршамызға аян. Бұл кезектен тыс сайлау конституциялық республикаға сәйкес саяси жүйені жақсартудың бірден бір кезеңі болып табылады деп түсінеміз. Саяси науқан еліміздегі саясат пен мәдениеттің жоғары деңгейде екенін көрсетіп тұр. Қазіргі таңда елімізде жан-жақты қарқынды көптеген өзгерістердің болып жатқанын өзімізде байқап жатырмыз. Ал, сайлаудың маңызы жайлы айтатын болсам, біз ең бастысы сайлауды елді бөлетін емес, керісінше біріктіретін науқан ретінде қабылдауымыз керек», – деді А.Байтұрсынов атындағы жалпы білім беретін мектептің мұғалімі Мәрия Молдашева.
Республикалық маңызы бар қалалар мен облыстарда депутаттардың 50 пайызы мажоритарлық жүйе бойынша, ал қалған 50 пайызы партиялық тізімдер бойынша сайланбақ. Мажоритарлық жүйеде саяси партиялар ғана емес, жеке тұлғалар да дауысқа түсе алады. Кезекті депутат таңдауында 12 млн-ға жуық азамат дауыс береді деп күтілуде.
«Қазіргі жастар қоғамдағы өзгерістерге бей-жай қарамайды. Әр жас буын елдің болашағы алдында жауапкершілігін сезінеді. Ең бастысы, бізді қуантатыны, партияларға қойылатын талаптардың азайғанына байланысты жаңа партиялар енген. Сонымен қатар, бұрыңғы сайлауға қарағанда қазіргі сайлаудың айырмашылығы – ол аралас сайлау жүйесі. Яғни, саяси партиялардағы адамдар ғана емес, сонымен қатар партияға сәйкес емес халық ішіндегі азаматтар да сайлаушылардың дауысына таласа алады. Жоғарыда атап өткенімдей, 19 наурызда мәжіліс және маслихат депутаттарын кезектен тыс сайлауы өтеді. Барша Рудный халқын, әсіресе, жастарды азаматтық жауапкершілікті танытып, белсенді қатысуларыңызға сайлауға шақырамын», – деді жас маман Мәрия Молдашева.
Бұл сайлаудың бұрынғы сайлаудан өзгешелігі сол Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы – бірмандатты округтерден сайланбақ. Үміткерлер сайлауға партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың атынан қатыса алады және өзін-өзі ұсынуға да мүмкіндіктері бар. Алдағы сайлаудың әділ өтуі азаматтардың белсенділігіне байланысты болмақ.
Арай Марат