Кенді қалада 11 ауданның басын біріктірген облыстық экофорум өтті
«Жасыл планета 2023». Осындай атаумен қаламыздағы Бейімбет Майлин атындағы № 7 мектеп гимназиясында облыстық экофорум өтті. Іс-шарада жастар өңірдегі түрлі экологиялық проблемаларды көрсетуге атсалысты. Осылайша, оқушыларды да өзекті мәселелер толғандыратынына куә болдық.
Еліміздегі аса өзекті проблемалардың қатарына қоршаған ортаны қорғау мен экологиядағы өзекті мәселелер жатады. Осы жағдайға қатысты бүгінгі таңда елімізде түрлі ауқымды шаралар жүзеге асырылып келеді. Соның бірі — табиғатты қорғау жолында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетен облыстық экофорум.
«Өткен жылы облыстық деңгейде Би-аға мектебінің жас экологтары жүлделі 1-орын алды. Сондықтан эстафетаны қабылдап жатырмыз. Облыстық деңгейде маңызы бар ауқымды іс-шара. Ең басты мақсатымыз -табиғат анаға, тіршілікке деген жасөспірімдердің көзқарасын қалыптастыру, табиғатты аялау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру», — деді Б. Майлин атындағы № 7 мектеп-гимназиясының директоры Қымбат Бірманова.
Форумға 11 аудан мен қалалардан 80-нен астам оқушылар мен жетекшілер келген. Әр топта 5-7 сыныптардан 6 оқушы бар. Мектеп қабырғасында «Идеядан нәтижеге» атауымен экологиялық бағыттағы көрме қойылған. Сондай-ақ әр қабатта жетекшілер еліміздегі қайта өңдеу саласын дамыту мен қоршаған ортаның өзекті мәселелері бойынша өз жобаларын ұсынып, өзекті проблеманы шешуге тырысты. Дәлірек айтсақ, жетекшілерге эко қалдықтардан өнім жасап шығаруды көрсететін шеберлік сабақтар өткізілді.
«Сайысқа «Таза әлем» деп аталатын топпен келіп отырмын. Командамызда 5 оқушы бар. Біз ғаламшар тақырыбын алып келдік. Біздің мектебімізде «Таза аула» деген бағдарлама бар. Бейнероликте мектеп ауласын көгалдандыру, гүлдер отырғызуды көрсеттік. Сондай-ақ бізде жыл сайынғы дәстүр бойынша мектеп түлектері ағаш отырғызады», -деді «Таза әлем» тобының жетекшісі Ырысалды Смаилова.
Іс шара бірнеше кезеңнен тұрды. Ең әуелі сайыс қатысушылары өз командаларын таныстырып, содан кейін көрермен назарына өлкелеріндегі экологиялық проблеманы паш ететін бейнероликті ұсынды. Форумның екінші кезеңінде қалдықтарды өзгеше түрде кәдеге жаратумен байланысты сән үлгісі ұйымдастырылды. Онда командалар экологиялық мәселелерді шешуге барынша күш жігерін сарп еткені байқалады.
«Аталмыш конкурсқа алғаш рет қатысып жатырмыз. Бір апта көлемінде дайындықтың нәтижесінде шығарған дүниеміз осы. Бұл көйлекте күнделікті қолданылатын көк пакет және майлықтарды пайдаланып, гүлдер және толқындар жасап шығардық. Оны жеке қара пакетке тізіп әзірледік. Мағынасын ашатын болсам, жер бетінің 70 пайызын су алып жатыр. Ал қалған 30 пайызы құрлықтан тұрады. Айтар ойымыз, суымыз ластанбай, құрлығымыз тек жасыл орманға толы болсын», — деді «Таза әлем» командасының мүшесі Данила Қаскелен.
Форумның соңғы бөлімінде эко квест өткізілді. Квест ойындары 11 бөлімнен тұрды. Облыстық экофорумның қорытындысы бойынша, 3-орынды Жангелді ауданынан келген «Таза әлем» тобы, 2-орынды Лисаковск қаласының «Юнеско» командасы місе тұтты. Ал 1-орынға Алтынсарин ауданынан келген команда ие болды. Жеңімпаздар арнайы диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Зерде Жеңіс