Мектептерінде 26 қаңтарда атыс болады деген хабар таратқан арна пайда болды. Арнаға 1600-ға жуық адам жазылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Telegram-арнасында Ақтөбе мектептеріне шабуыл жасауға дайындық басталып кеткені туралы ақпарат тарауда. Жазба авторы мылтық пен тапаншалардың суретін жариялаған.
“Шабуыл №27 мектеп-гимназиясы мен №21 лицейге бірінші жасалады. Бәріңіз өз күнәларыңыз үшін жауап бересіздер. Балаларды 26 қаңтарда жаппай атамыз”, – делінген хабарламада.
Полиция бұл арнаға қатысты тергеу басталғанын хабарлады.
“Осы факті бойынша полиция департаменті терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Осы ақпаратты таратқан тұлғалар анықталып, елдің заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Оқу орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның ішінде бейнебақылау арқылы және оларға жақын жерлерде полиция жасақтарын көбейту арқылы күшейтуге ерекше назар аударылды. Азаматтардан арандатушылыққа берілмеуді сұраймыз, – деп мәлімдеді Ақтөбе ПД.