Журналистика – қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін сала. Дегенмен, аталған саланы меңгеріп, майталманы болуға ұмтылатын жастардың қарасы қалың. Сондай ізденімпаз жастың бірі – Аяжан Берікқызы
Аяжан Рудный қаласының тумасы. Жасы небәрі 19-да. Сонда да арқалаған жүгімен, жеткен жетістігі, алдыға қойған талабы биік. Бүгін де А. Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-нің журналистика мамандығының 3-курс студенті. Сабағы жоғарғы деңгейде, білімі жетік. Ең басты ерекшелігі сабақ пен қызметті қатар ұштастырған. Былтырғы жылдың қыркүйек айынан бастап Қостанай қалалық «Алау ТВ» телеарнасында «Өмір ағымы» бағдарламасын жүргізіп келеді. Өз сөзінше телеарнаның берген пайдасы мол.
– Сан қырлы мамандық – журналистика. Бала арманым орындалып, халық көзайымы болып жүрмін. Біздің өңірімізде жастарға мол мүмкіндік жасалған. Соның бірі университет қабырғасында дуалды яғни үш жақты келісімшарт бойынша оқу. Мен де сол оқу түрінің арқасында оқып әрі жұмыс істеудемін. БАҚ-тың қай бағыты болмасын жастар үшін есіктері айқара ашық. Телеарнаға келу арқылы қоғамдық байланысты, камера алдында сөйлеуді үйрендім. Жалпы журналистке керекті барлық қасиеттерді бойға тоғыстырудамын деуге болады, – дейді кейіпкер қыз.
Сондай-ақ, Аяжан 2-курс оқып жүрген кезінде «Рудный дауысында» дикторлық қызмет істеген. Алғаш оқуға түскен жылдары журналистика саласын зерттеуші ғалым болуға бел байлап түрлі халықаралық, республикалық сайыстарда ғылыми мақалалармен танылған. Жақсы нәтиже көрсетіп, олжалы орындардың иегері де атанған болатын. Алайда, ғылым жолының ауырлығын түсініп, ақпарат жаршыы болуға бекінген.
– Ғылым жолына екінің бірі келе алмайды. Оқуға келген кезде бәрімізде албыртпыз. Бірден мен анау болам, мынау болам деп алып-ұшып тұрамыз. Мен де бірден ғалым боламын деген ойды ұстандым. Байқай келе қарасам менен ғалым емес, журналист шығатынына анық көзім жетті. Туған жерім Рудный қаласы болғасын алғашқы беташар бағдарламамды туған жерімнен бастауды жөн көрдім. Рудный медиасынан өзіме қажетті біраз білімді алдым. Ол жақта журналистік имиджді қалыптастыру, тілшінің өзін ұстауы, ақпараттағы тіл тазалығы секілді маңызды қасиеттері жинақтадым. Кейін «Қостанай» телеарнасында тәжірбиемді шыңдап, түсірілімдерге барып, сюжет жазуды қолға алдым. Қазір қалалық телеарнада қызмет істеп, ақпарат таратудамын. Рудныйдың медиасы менің ойымша шағын қала үшін керемет жұмыс жасауда. Дәстүрлі медиамен қоса жаңа медиада белгілі бір деңгейге дамып жатыр. Оған апта сайын шығатын газет-журнал, қала көшелеріндегі радио және күнделікті шығатын жаңалықтар дәлел бола алады. Болашақта туған қаламда медиа саласының дамуына кеңінен үлесімді қосу ойда бар, – дейді А. Берікқызы.
Аяжан туралы курстас-достарының пікірі де жақсы. Тіпті кейіпкерімізді мақтап, оның атқарған істеріне сүйсініп жүретін құрбылары аз емес. Сондай құрбыларының бірі, курстасы – Қаракөз Мақатова.
– Аяжан өзіндік пікірі қалыптасқан креативті тұлға. Журналистика да, оның ішінде телеарна саласында білікті қызмет атқарады. “Өмір ағымы” бағдарламасында жүргізген сұхбаттары ерекше қызықты әрі танымды. Халық жүрегіне жол тауып, ел көңілін әр кез көтеріп отырады. Аталған бағдарламаны бұрындары аса қатты қызығып қарамаушы едім. Қазір сүйікті бағдарламам десем артық болмас. Ол Аяжанның арқасы. Ерекше кейіпкерлері еріксіз тәнті етеді. «Parasat» дебат-клубының президенті болғандықтан көбіне өзге қалаларда көп жүремін. Бірақ тікелей эфир арқылы онлайн қарап отырамын. Бұл орайда, көрермен жүрегіне жол табуда құрбымның еңбегі үлкен деп бағалаймын. Аяжан жүргізгеннен бері бағдарлама жанданып, қызықты өтуде, – дейді курстас-досы Қаракөз.
Бибіт НҰРМҰХАНОВ