Балжан намысты қолдан бермейді

Шынықсаң шымыр боласың. Қаламызда спорт саласында жігіттерімізбен қоса нәзік жанды аруларымыз да өнер көрсетіп, халықаралық, республикалық жарыстарда бой көрсетіп жүр. Олардың арасында ерлермен бірге бір залда иық тірестіріп, зілтемір көтеріп жүрген спортшы бойжеткен де бар. Мереке қарсаңында нәзік те ержүрек аруымызбен тілдескен едік.  

Балжан Садыкова Ахмет Байтұрсынов атындағы жалпы білім беретін мектептің 7-сынып оқушысы. Ауыр атлетикамен 2021 жылдан бері айналысып келеді. Алайда бар жоғы 2 жыл өтсе де, көптеген жетістіктерге жетіп, өз қатарластарын мойындатып үлгерген. Балжанның бағындырған белестері жайлы айтар болсақ:

«Мен облыстық көлемде Қостанай қаласында 2, 3-ші орынды, ал Лисаковк қаласында қола медальді иелендім. Қазіргі сәтте 2009 жылғы жасөспірімдер арасында Талдықорған арасында өтетін Қазақстан чемпионатына қызу дайындық үстіндеміз. Мақсатым сол жарыста 1-ші орынды иеленіп, қаламыздың атын шығару», – деді спортшы Балжан.

Ауыр атлетика үйірмесіне Балжан Садыкова өзінің досы, әрі сыныптасы Саламат Шерменбетовпен келген. Жас спортшылардың арманы  — Қазақстанның құрама командасына қабылданып, олимпиада шыңыңда көк байрағымызды желбірету. Ол үшін зілтеміршілер маңызды додаға дайындықты бастап кетті.

«Осыдан 2 жыл бұрын бұл үйірмеге сыныптасым Балжанмен бірге келдім. Балжан Садыкова ақылыңа көркі сай, мейірімді жан. Екеуміздің жоғары дәрежеге жетуіміз, ең алдымен, аға жаттықтырушымыз Ерболат Балғабаевтың арқасы», – деді жас зілтемірші Саламат Шерменбетов.

Ауыр салмақты бағындыруды үйрететін аталмыш клуб 2020 жылы ашылған. Қазір мұнда 9 жастан 15 жасқа дейін 40 шақты ауыр атлетшілер аптасына 4 мәрте жаттығып жүр. Қатысушылар залға келгенде әуелі дене шынықтырып, кейін зілтемірлерді көтеруге кіріседі.  Айта кету керек, бұл қаламыздағы бірден бір ауыр атлетика үйірмесі. Өңіріміздің бұл спорт түрінен көрсеткіші де жаман емес.

«Біздің үйірмеде облыстың үш дүркін чемпионы, Қазақстанға жолдама алған төрт спортшымыз бар. Қазіргі таңда бір ауыр атлетшіміз спорт шеберін орындауға дайындалып жатыр. Алдағы уақытта сәуір айында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтпек. Осы жарыста спорт шеберін орындайды деп үміттенемін», деді аға жаттықтырушы Ерболат Балғабаев.

Зерде Жеңіс

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *