Жақында 9 ақпан күні Рудный қаласында тағы да коммуналдық апат болды. Бұл жолы 24 капиталды үй, 59 жеке сектор және 17 заңды тұлға жылусыз қалған
9 ақпан күні таңертең сағат 09:00-да Рудный халқы Парковая көшесін су басқаны туралы дереу дабыл қақты. Куәгерлердің айтуынша, су Ленин — Горняков көшелері қиылысынан келген. Жергілікті билік те құбырдың жарылғанын растады. Ресми мәліметке сәйкес, Дзержинский көшесінен бастап, Ленин көшесіне дейінгі шекарадағы Горняков көшесі бойындағы жылу трассасының учаскесі жабылған. Құбырдың жарылған орны анықталып, құбырдың зақымдалған учаскесін ауыстыру бойынша дәнекерлеу жұмыстары жүргізілді. Апатты жою тікелей Рудный қаласы әкімінің м.а. Виктор Ионенконың бақылауында болды. Учаскедегі жылумен жабдықтауды қалпына келтіру бойынша негізгі жұмысты «Рудный жылу желілері» ЖШС қызметкерлері жүргізген. Сонымен қатар, жұмысқа Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы мен техникасы да жұмылдырылды.
Айта кету керек, жылу маусымы басталғалы бері Рудный қаласында бірнеше апат болды. Атап айтқанда, 30 қарашада Гагарин көшесінде 33 көпқабатты үй жылусыз қалса, 10 желтоқсанда Дзержинский мен Горькийдің қиылысында, ал 19 қаңтарда Горняковта құбыр жарылды.
21 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысына жұмыс сапары барысында Рудный қаласына келді. Ол Рудный қаласындағы жылу магистраліндегі апаттың салдарымен танысып, облыс басшылығының қалпына келтіру жұмыстары туралы есебін тыңдаған еді.
Зерде Жеңіс