Рудныйлықтар жоғары лигаға жолдама алды

Талай жасқа жөнді жол сілтеп, қоғамда өз орнын табуға септігін тигізген Jaidarman-ның биылғы маусымы да бастау алды. Жақында 29-шы қаңтар мен 6-шы ақпан аралығында Астана қаласының төрінде Республикалық «Маусымашар-2023» жайдарман ойындары өткізілді. Ойынға еліміздің түпкір-түпкірінен көптеген командалар, оның ішінде рудныйлық жайдарманшылар да қатысты.

Биыл бар жанарды жаулаған жайдарманның кезекті маусыма да басталды. Онда еліміздің әр бұрышынан 230-дан астам командалар, оның ішінде жерлестерімізден құралған 6 команда бақ сынады. Атап айтсақ, шаһарымыздағы № 7,19 мектептердің дарынды оқушыларынан құралған «All star», «Тұмар», «Ақ пен қара», «Техас», «Сарыбай» және «Рудный құрамасы» командалары. Биылғы маусымның тақырыбы  «Әдемі» деп аталады. 2020 жылы жоғары лигада 3-ші орынды, 2021 жылы 2-ші орынды иеленген «Рудный құрамасы»  биыл жеңіске жетуге ниетті.

«Біз жоғары лигада 4-ші жыл қатарынан ойнағалы отырмыз. Ойын 16-18 наурыз аралығында Астана қаласында өтпек. Биыл жоғары лигаға 18 команда іріктелді. Осы жолы чемпион болсақ деген жоспарымыз бар.  Сол үшін қызу дайындыққа кірістік. Сонымен қатар, артымыздан ерген іні-қарындастарымызды телевизиялық лигаларға дайындаймыз. Жалпы, Қостанай облысынан осы уақытқа дейін жайдарман чемпионы шықпаған, тіпті премьер лига ойындарында жүлделі 2-ші, 3-ші орынды иеленбеген. Сол себепті, арманымыз – чемпион болу», — дейді «Рудный құрамасы» капитаны Нұрғожин Қазыбек.

Маусымашардың ерекшелігі барлық жайдарманшылардың бастарын бір арнаға тоғыстырады, олардың ішінде жаңадан тәй-тәй басқан командалар мен көрерменнің көзайымына айналған чемпиондар, тарихи командалар бар.  Бір апта бойы жайдарманшылар өз өнерін сарапқа салып қана қоймай, жайдарманның 2013 жылғы чемпиондары «Назар аудар» театрымен кездесті. Маусымашар-2023 қорытындысы бойынша «All star» және «Тұмар» командалары JAIDARMAN JUNIOR лигасына, «Техас», «Ақ пен қара»  NOMAD лигасына , «Сарыбай құрамасы» Астана лигасына , «Рудный құрамасы» Жайдарманның жоғары лигасына жолдама алды. Жерлестерімізге алдағы ойындарда сәттілік тілейміз!

Арай Марат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *