2022 жылы Рудныйдың төрт мектебіне ұлт зиялыларының есімі берілді. Қыркүйек айынан бастап Қашар кентіндегі № 2 мектеп те ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның атымен аталып келеді. Білім ордасында Алаш қайраткерінің туған күніне орай, ескерткіш тақта орнатылып, мұражай ашылды.
Қонақтарды білім ордасының кіреберісінде халық әндерін әуелете шырқаған ансамбль қарсы алды. Салтанатты шараға қаламыздағы білім ордаларының басшылары, әлихантанушы, дін өкілдері және БАҚ қызметкерлері қатысты. Мектепте әуелі Алаш қозғалысының көсемі Әлиханға арналған ескерткіш тақта қойылды, оның шымылдырығын әлихантанушы, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Тілеуғалы Әміртайұлы мен білім бөлімі басшысы Темурхан Жайлыбаев ашты.
«Әлихан Бөкейханов – қазақ еліне бірінші азаттықты бастаған тұлға. Қазақ жерінде ұлт мақтанышының есімі көпке тараса екен деймін. Менің есебім бойынша, Қазақстанда 15 мектепте Әлиханның есімі бар. Біз өте қуаныштымыз. Халқы үшін, елі үшін басын қатерге тіккен Әлиханның, Алаштықтардың даңқы әріқарай аса беруі керек», -дейді Тілеуғалы Әміртайұлы.
Іс-шара Алаш қайраткерінің туған күніне орай ашылған мұражайда жалғасты. Қаламыздың құрметті азаматы Жақсылық Какенов пен Қашар кенті әкімі Саят Ахмеджанов музейдің ашылу рәсімінің лентасын қиды. Мұнда Әлихан Бөкейхановтың өміріне қатысты тың деректер, оқушылардың зерттеу еңбектері қойылған. Алтын адам бейнесі мен киіз үйді де көруге болады. Сонымен қатар, мұражайда ұлт көсемінің мүсіні орнатылған. Туынды авторы — Бүркіт Керімбаев.
«Бүгін мектебімізде ең айтулы мереке. Себебі, білім ошағымызда Әлиханның есімі берілді. Ұлт көсемінің туған күніне орай, Әлиханның ескерткіші және мұражайының ашылу салтанатты кеші өтті. Мектебімізге ұлы тұлғаның есімі берілгеніне қуаныштымыз. «Ұлтына, жұртына қызмет ету — білімнен емес, мінезден» деп Әлихан атамыз айтқандай, 2006 жылы ашылған білім ордамыздың бүгінгі түлектері қазіргі таңда Қашар кентінде бірі дәрігер, бірі мұғалім, бірі тәрбиеші, спортшы, заң қызметкері болып қызмет атқаруда. Біздің ұстаздарымыз Әлихан бабамыздың саясаткер және патриоттық мінездерін ескере отырып, жас ұрпаққа білім мен тәрбиені қоса беруде еңбектері мол», -дейді мектеп директорының м.а. Жанар Ембергенова.
Іс-шара одан әрі ұлт мақтанышының өмірінен сыр шертетін оқушылар дайындаған көрмеге ұласты. Онда білім алушылар Әлихан Бөкейханның шығу тегін таныстырды. Сондай-ақ, көрмеде түрлі түсті акварель мен қарындаштардан «Алаш» көсемінің портреттері де ілінген. Бұл күні мектептің дарынды, талантты білім алушылары Әлиханның өмірін баяндайтын қойылым да көрсетті. Білім ордаларына Ұлт көсемінің есімі берілгеніне мектеп оқушылары да дән риза, әрі үлкен мәртебе деп есептейді.
«Қазіргі уақытта мектебімізде Әлихан Бөкейханның есімін беру салтанатты іс-шарасы өтуде. Мен оған өте қуаныштымын. Біз осы ұлт көсемінің атындағы мектепте білім алып жатқанымызды үлкен абырой деп санаймыз»,- дейді 11-сынып оқушысы Лида Жалғасбаева.
Жиын соңында қалалық білім басқармасы мектепке 500 мың теңгелік сертификат табыс етіп, ұжымды айтулы мерекемен құттықтады. Сонымен қоса, Рудный қалалық білім бөлімі «Әлихан Бөкейхан — ұлт мақтанышы» атты қалалық ғылыми конференциясына қатысып, топ жарып, суырылып шыққан жүздек жүйріктерді марапаттады. Әлихан есімі берілген мектептің әлі де жетер жетістігі, алар асуы, бағындырар белесі мен алдына қойған мақсаты көп. Дегенмен, мектеп дирекоры білім ордасында бірқатар мәселелердің бар екенін жасырмады. Өкінішке қарай, мектепте әлі де болса мамандар тапшы әрі компьютерлік жабдықтар жеткіліксіз.
Арай Марат