ERG компаниясы 320 орындық балабақша салуға жоба әзірлеуде
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажеттігін баса айтты.
Сонымен қатар, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек деп мәлімдеді. Жолдау аясында Рудный қаласында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Тәрбиешілердің жұмыс жүктемесі азайды ма? Қалалық білім бөлімі басшысы Темурхан Жайлыбаевтан сұраған едік.
Бүгінгі таңда Рудный қаласында мектепке дейінгі ұйымдардың желісі 21 мектепке дейінгі ұйыммен, жалпы білім беретін мектептер жанындағы 7 шағын орталықпен, оның ішінде 151 тәрбиеленушіні қамтитын 5 шағын орталықпен ұсынылған. Балабақшадағы орындар «INDIGO: электрондық балабақша» ақпараттық жүйесі арқылы беріледі. Дәл қазіргі сәтте кезекте тұрған балалар саны – 2082. Білім бөлімі басшысы балабақшамен қамту мәселесін шешу үшін алдағы уақытта мектепке дейінгі ұйымдар ашу жоспарда бар деп мәлімдеді.
«Мектепке дейінгі ұйымдарда 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың кезегі 2082 баланы, 3 жастан 6 жасқа дейін 425 баланы құрайды. Балабақшалар балаларды 2 жастан бастап қабылдайды, сондықтан кезекте тұрғандардың ең көп саны 1 жастан 2 жасқа дейінгі балалардың жас санатына жатады. Қала тұрғындарының назарына: бүгінгі таңда балабақшаларда Рудный қаласында 53 және Қашар кентінде 44 бос орын бар. Бұл негізінен 5 пен 6 жас аралығындағы жас санаты. Жыл сайын мектеп жасына дейінгі балалар саны артып келеді. Келешекте балаларды балабақшалармен қамтамасыз ету үшін ERG компаниясы «Апельсин» бизнес орталығы ауданында 320 орынға балабақша салуға жоба әзірлеуде. Бұл балабақшада қазақ және орыс тілдерінде оқытатын 14 топ жұмыс істейтін болады. Сондай—ақ, жеке кәсіпкер Ф.Маденов 50 лет Октября 134а көшесінде 280 орын балабақшаны қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде», – деді Рудный қалалық білім бөлімінің басшысы Темурхан Жайлыбаев.
Рудныйда 300 тәрбиеші мектепке дейінгі ұйымдарда жұмыс істейді. Олардың ішінде арнайы білімі барлар саны 226, яғни 75 % құрайды, ал қалған 23 тәрбиеші бейіні бойынша оқытылуда. Жолдауда Мемлекет басшысы балабақша тәрбиешілерін аттестациядан өткізу қажет деп жариялады.
«Мұғалімдер үшін тағы бір мотивациялық аспект 2020 жылдан бастап мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтері үшін аттестаттаудың жаңа форматы енгізілді (педагог—модератор, педагог—сарапшы,педагог—зерттеуші және педагог—шебер). Тиісті санатты алған кезде педагогтар педагогикалық шеберлігі үшін 30-дан 50 пайызға дейінгі жалақыға үстемақы ала алады. Бүгінгі таңда қаламызда жаңа форматтағы санаты бар тәрбиешілер 87 адам немесе 29 % құрайды»,— деді білім бөлімі басшысы.
Айта кету керек, тәрбиешілердің жалақысы жыл сайын 25 пайызға өсуде. Жолдауда айтылған игі бастамалар орындалып жатыр дейді балабақша қызметкерлері. Атқарылған жұмыстардың арқасында өз ісіне адал ұстаздар шығады деп нық айтуға негіз бар.
«№ 15 балабақшада 2013 жылдан бастап ашылған уақыттан бастап қызмет етемін. Бұл біздің қаламыздағы мемлекеттік тілдегі бірден бір балабақша боп саналады. Қазіргі таңда 4 топ жұмыс істейді, әрқайсысында 25 тәрбиеленуші бар. Біздің ұжымда педагогтар саны 10, барлығының арнайы білімдері бар. Биыл мемлекет басшысы тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейтуге аса мән берді. Оған дәлел: 2023 жыл қаңтар айынан бастап біздің жалақымыз 25% көбейгенін байқадық», – деді № 15 балабақшаның тәрбиешісі Люся Утеева.
Балабақша – барлық тәрбие мен білімнің ең алғашқы баспалдағы іспеттес. Тәрбиеленушілердің болашағы жарқын болсын десек, тәрбиешінің біліктілігі мен біліміне баса назар аудару қажет. Балабақшада, бастауыш мектепте дұрыс қаланған іргетас – болашақ ұрпақтың біліміне берілген кепілдік. Мемлекет басшысының да Жолдауда айтпақ ойы осы.
«Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан, мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда, бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды», – деген болатын өз Жолдауында Мемлекет басшысы.
Арай Марат