Осы уақытқа дейін көпқабатты үйлердің мәселелерін шешіп, мұқтаждарын өтеуде пәтер иелерінің кооперативтері өзін өзі ақтамағандығына байланысты орнына қазіргі таңда МИБ — мүлік иелерінің бірлестігі құрылды. МИБ-тің атқаратын міндеті қандай, оның артықшылықтары неде және тағы басқа маңызды сұрақтардың жауабын білу мақсатында тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Мейірбек Исмағұловпен сұхбаттасқан едік.
Мейірбек Райымбекұлы, бүгінге дейін пәтер иелерінің кооперативіне бірнеше тұрғын үй кіре беретін еді. Енді бұл ереже жойылды, бұдан былай бір үйдің тұрғындары ғана мүлік иелерінің бірлестігін құра алады. Қазір МИБ-ті тұрғындардың өзі де дұрыс түсінбей жатыр. Мүлік иелерінің бірлестігі дегеніміз не?
– Мүлік иелерінің бірлестігі туралы айтатын болсам, ол бір көппәтерлі тұрғын үйдің пәтер иелері ғана құра алатын коммерциялық емес нысандағы заңды тұлға. Бұл жүйе тұрғындар қаражатының ашық жұмсалуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ олар тұрғындарға басқару тәсілін таңдау құқығын беру үшін енгізілген. Қаражат тек бір үйдің қажетіне жұмсалады, жоғарыда айтқанымдай, тұрғын үй иелері қадағалай алады.
– Ал осы МИБ-тің қандай артықшылығы бар?ПИК-тен айырмашылығы неде?
– Әрине, айырмашылық өте көп. Ең алдымен МИБ тұрғындарға ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізу тәртібін өздері таңдауға, мердігерлер мен материалдарды өз бетінше таңдауға, үй маңындағы аумақты абаттандыру, көгалдандыру бойынша шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, меншік иелері ай сайынғы қаржылық төлемдерді пайдалану тиімдігін бақылай және арттыра алады, аумақты жинау немесе қорғау бойынша қызметтер болсын, сервистік компанияларды таңдай алады. Барлық қаржы жалпыүйлік мүлікті жақсартуға бағытталған. Айта кету керек, көп пәтерлі тұрғын үйді тиімді басқару оның тұрғындары үшін жайлылықты арттырады және тұрғын үйдің нарықтық құнына оң әсер етеді. Бүгінгі таңда көптеген тұрғындар МИБ құрғаннан кейін бос тұрғын емес үй-жайларды (жертөлені), антенналардың астындағы шатырларды жалға беруден, үйлердің қасбеттеріне жарнамалық билбордтарды орналастырудан қаржы тартудың қосымша көздерін табады. Айырмашылығына тоқталсам, ПИК 90-100 үйді қамтыған, ал МИБ-тің ерекшелігі әрбір адам өзін мүлік иесі екенін сезінеді. МИБ-тің ПИК-тен түбегейлі айырмашылығы – ақша қаражатын дұрыс, әрі әділ бөлу. ПИК-тің бір шоты болғанымен, үйлері көп болды, ал МИБ-те әр үйдің өз шоты болады.
– МИБ құрудың және оған мүше болудың жолдарын айта кетсеңіз… МИБ-тің төрағалығына кімдер сайлана алады?
– МИБ құру үшін, ең алдымен, жиналыс ұйымдастырып, жиналыс туралы барлық тұрғындарға 10 күн бұрын хабарлау керек. Жиналыста тұрғындар басқару формасын, төрағасын 1 жылға, үй кеңсесінің мүшелерін, тексеру комиссиясын немесе ревизорды 3 жылға сайлауы қажет. Тұрғындардың дауыс беруін ашық түрде, жазбаша сауалнама жүргізу арқылы өткізуге болады. Барлық ақпаратты жинағаннан кейін бастамашыл топ хаттама жасайды, дауыс беру парақтары толтырылады және нәтижелері жарияланады. МИБ төрағасы құрылатын заңды тұлғаның орналасқан жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет «Мемлекеттік корпорациясы» бөліміне жүгінеді және мынадай құжаттар тізбесін ұсынады: өтініш, жиналыстың хаттамасы, МИБ жарғысы, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркегені үшін бюджетке 1 АЕК тіркеу алымының төленгенін растайтын түбіртек. МИБ-тің төрағалығына пәтерлердің кез келген иесі сайлана алады. МИБ төрағасы толық қабілетті, қылмыс, алдын ала банкроттық, сондай ақ атқарушылық құжаттар бойынша қарыздары өтелмеген және алынбаған соттылығы болмауы керек.
– Қаламыздағы ахуалға тоқталсақ, осы мәселе бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Бүгінгі күні Рудный қаласында 773 көп пәтерлі тұрғын үй бар, олардың ішінде 171 үй – кондоминиум объектісін басқарудың жана нысанына жатпайды. 29 көппәтерлі тұрғын үйлердің пәтерлері мен тұрғын емес үй-жайлары – мүлік иелерінің бірлестігін ұйымдастырады.
– Сұхбат бергеніңізге рақмет! Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!
Арай МАРАТ