Қызығушылық жоқ емес, бар

Рудный қалалық «Нұр» мешіті бас имамы қаламыздағы бірқатар білім ошақтарын аралап,  оқушыларымен кездесу өткізді. Мұндағы мақсат – жасөспірімдерге дініміз туралы жан-жақты түсінік беріп, оларды діни түрлі жат ағымдардан сақтандыру.

Имандылыққа тәрбиелеп, жастардың бойында діни сауаттылықты қалыптастыру — білім беру саласындағы маңызды мәселелердің бірі. Жастарды дұрыс жолға бағыттау қазіргі уақытта аса қажет. Әсіресе, қоғамда белең алып бара жатқан теріс ағымға түсу секілді зиянды қадамдар мен келеңсіз әрекеттерді алдын алуда қоғам болып күресуді қажет етеді. Осы орайда, «Нұр» мешітінің бас имамы Сабыржан Есмурзин жаңа орынға тағайындалғанына көп уақыт өтпесе де, жұмысқа білек сыбана кірісіп кетті. Бас имам жастардың діни сауатын арттырып, имандылыққа тәрбиелеу мақсатында бірақатар қала мектептерін аралады. Жиын барысында ислам дінінің қадір-қасиеті туралы кеңінен түсінік берілген. Сонымен қоса, имам жат ағымдар туралы мазмұнды әңгімелер айтып, оқушылардың ой-түсінігін кеңейтті..

«Бүгін қаламыздағы бірқатар мектептерді араладық, кездесулер өтті. Жиында мектептің жоғары сынып оқушыларына еліміздегі түрлі деструктивті ағымдардың түрі сипаты баяндалып, жастардың болашақта осы ағымдардың жетегіне еріп кетпеуі үшін түрлі уағыз-насихаттар айтылды. Жалпы, жастарымыздың, өскелең ұрпағымыздың бұл мәселеге қызығушылықпен қарауы, өте мұқият тыңдауы, әрине, бізді қуантады. Жастарымыздың жат ағымдардың зияны туралы білуі – өте сауапты іс», – дейді Сабыржан Есмурзин. 

Әлеуметтік желілерде экстремистік мазмұндағы жүздеген бейнероликтер, оның ішінде деструктивті қозғалыс жетекшілерінің бейне хабарламалары толассыз өрбіп барады. Сол себепті кездесуде  діни ағымдардың насихаты үшін таптырмас алаңға айналып отырған әлеуметтік желілер туралы да айтылды. Бір сағатқа шақталған кездесу барысында оқушылар да өздерін мазалап жатқан сұрақтарын қойып, намаз, садақа берудің пайдасы туралы білімдерін кеңейтіп, біраз мағлұматтарға ие болды.

 «Бүгін біз культтер, ұйымдар туралы да көптеген жаңа ақпараттар естідік,  негізінде біз бұл ақпараттармен хабардармыз, алайда бүгін егжей-тегжейлі толық біле алдық. Қазақстанда кең таралған ұйымдар туралы мысал да келтірілді. Тың ақпараттар айтылғаны соншалық, ғаламторданда мұндай ақпараттар табу мүмкін емес. Сондықтан іс-шара жоғары деңгейде өтті деп есептеймін, сол үшін алғысым шексіз», — дейді № 17 жалпы білім беретін мектептің 10 «а» сынып оқушысы Яна Пенькова.

Осылайша, жастардың діни радикалдар қатарына кетуіне жол бермеу мақсатында дінді дұрыс зерттеп, діни білімді ресми жерлерден ғана алуға кеңес берілді. Жалпы рухани кездесу кеші өте жоғары деңгейде өтіп, жастардың діни сауаттылығын арттыруға себеп болды деген сенімдеміз.

Зерде Жеңіс

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *