Діни сауатын ашып, иман негіздерінен сусындағысы келетін әйел жамағаты үшін «Нұр» мешіті есігі әрдайым ашық. Жалпы исламдағы әйелдің орны қандай, мәһр дегеніміз не, әйелдердің білім алуы мен жұмысқа белсенділігіне ислам дінінің ұстанымы қалай? Осы және өзге де сауалдарға қыздар-әйелдер секторының ұстазы Аяулым Смағұлова жауап берді.
– Қаламыздың мешітінде жұмыс істеп жатқаныңызға 6 жыл болды. Осы уақыт ішінде көптеген жұмыстар атқарып жүргеніңізбен хабардармыз. Мешітке келетін қыз-келіншектердің жиі мазалайтын сұрағы қандай?
– Мешітке көмек сұрап жүгінетіндердің басым көпшілігі 30-40 жастағы әйелдер, отбасы мәселелері жайлы сұрақтармен келеді. Келген жандарды сабырға шақырып, шеше алатын түйін болса, шешілетін жолын көрсетеміз, ең бастысы, шариғат жолын айтамыз. Сөйтіп, ілім жолына үйретеміз. Сонымен қатар, өтпелі кезеңдегі жасөспірім қыздар да көп келеді. Ата-аналарымен араларында жанжал туындаған соң, мешітке келіп, менен ақыл сұрайды.
– Көптеген ислам дінінің ақиқатын білмейтін адамдар бүкіл әйелдерді исламға қарсы қоюға тырысып бағуда. Олар «Исламда әйел адам ұрпақ қалдырушы құрал, еркекті барлық істерде жоғары және еркек әйелге қарағанда артық деп есептейді» деген сияқты керағар пікірлерін алға тартып, қоғамды адастырады. Әйелдердің білім алуы мен жұмысқа белсенділігіне ислам дінінің ұстанымы жайлы айтсаңыз.
– Ислам тек ер кісіге ғана білім алу құқығын бермей, білім алуды ермен әйелге бірдей парыз деп есептеді. Жалпы ілім алу жайлы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әрбір мұсылманға «Тал бесіктен жер бесікке дейін ілім алу парыз» деп айтқан. Исламда әйел адам барлық жағынан «идеал» болуы керек, яғни білім алу жағынан да, жұмыс жағынан да мінсіз болғаны абзал. Білім жағынан ұстаздары не нәрсені міндеттесе, сол жағынан үздік болуы тиіс. Жұмыста да өзіне жүктелген міндеттерді орындап, тиянақты болуы шарт. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін аналардың оқу оқып, білім алуы, сауатты болғаны жөн.
– Өздеріңіз білетіндей, әлеуметтік желілерде жиі талқыға түсетін тақырыптардың бірі – некелесу барысында жігіттің қалыңдыққа сыйлайтын сыйлығы – мәһрдің мөлшері туралы. Неке қиғанда әйелдің мәһірге қымбат көлік, iРhone талап етуі дұрыс па?
– «Мәһр» дегеніміз неке қиғанда әйелге берілетін сый. Егер күйеуі дүниеден өтсе, әйел адам 4 ай 10 күн мәһрға өмір сүреді. Міне, осы уақыт ішінде сол мәһрға күн көре алуы үшін шәриғат мәһрді белгілейді. Мәһр құны көп бола ма, аз бола ма айта алмаймын, бірақ ҚМДБ муфтиятының бекітуі бойынша, 1 қой мөлшерінде мәһр сұрауға рұқсат етіледі. Алайда шариғатта міндетті түрде көп сұрамаңдар деген нәрсе жоқ. Бірақ Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Мәһрдің қайырлысы – аздау болғаны» деп айтқан.
– Қыз-келіншектер мешітке келуге әртүрлі жағдайлардың түрткі болатынын айтады. Рудный қаласы бойынша әйел жамағатының діни білімге қызығушылығы қандай деңгейде?
– Қазіргі уақытта «қанағаттанарлық» деңгейде, мешітке ілім алуға келген нәзік жандылардың, апа-әжелеріміздің толғандырған барлық сұрақтарына жауап береміз. Білімге деген құштарлықтары өте жоғары деңгейде деп нық сеніммен айта аламын. Себебі, қазір адамдар барлық жағдайды дінмен байланыстыратын болған. Жұмысыңда мәселелер болсын, отбасыңда қиын жағдайлар болсын, жалпы жеке басында басқа да психологиялық проблемалар болса, міндетті түрде түбінде олар мешітке келіп, сұрағына жауап іздейді. Алланың ақ адал жолына түсіп, тура жолды тапқысы келетін жандар өте көп. Сол себепті, қазіргі сәтте әйел адамның білім алуға деген деңгейі көңіл қуантады.
– Бүгінгі таңда рухани ордада әйел жамағатына арналған дәріс өткізіліп тұрады. Мешітке әртүрлі сұрақпен, әртүрлі жағдаймен келетін жамағат бар. Дегенмен, ерекше есіңізде қалғаны бар шығар.
– Қазіргі уақытта рухани ордамыздағы «әйел-қыздар» секторында 7 жастан бастап, 70 жасар әжелерден құралған 30 шақты әйел жамағаты мешітте ілім үйренеді. Дәріскке қатысушылар әртүрлі жағдайлар себеппен мешітке келіп жатқандарын айтады. Есімде қалғаны… Қажы апамыздың оқиғасы. Ол кісі менен «Меккеден сыйланған Құранды оқып беріңіз» деп сұраған-ды. Ал, мен дұрыс түсінбей, «өзіңіз оқисыз» деп қайтарып жібердім. Бүгінде ол кісі Құранды өзі оқиды. Міне, осындай адамдар бар. Келгенде мақсаты басқа болады да, алайда Алланың қалауымен осы дәріске қатысады. Көп жағдайда намаз үйренуге келеді, намаз үйреніп болған соң, Құран оқығым келеді деп айтады. Сөйтіп, бірте-бірте қызығушылықтары ояна береді.
– Оқырмандар көкейдегі толғандырған сұрақтарыңа жауап алды деген сенімдемін. Сұхбат бергеніңізге рақмет!
Арай Марат