Мамырдың 26-сына дейін Қостанай облысы QAZTEST сынағын тапсырады. Аталмыш тест қазақ тілін білу деңгейін бағалау мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі. QAZTEST жүйесі бойынша диагностикалық және сертификаттық тестілеу тапсырғандар саны белгілі болды.
Дәстүрлі түрде өткізілетін QAZTEST сынағы биыл да жалғасын тапты. Ол мамырдың 22-нен бастап 26-сына дейін өткізілмек. Өңір бойынша өтініш бергендердің саны мыңнан асып жығылады, оның ішінде 960 адам диагоностикалық тестілеуге, 90 адам сертификаттық тестілеуге өтініш берген. Аталған іс шараны Рудный қалалық тілдерді оқыту орталығы іске асырды. Астана қаласы Ұлттық тестілеу орталығынан арнайы келген қонақ тестілеушілерге ережені таныстырды. Тыңдалым, лексика-грамматика және оқылым бөліктері бойынша 100 тапсырманы орындауға 1 сағат 40 минут берілген.
«Іс-шараның мақсаты тілдерді оқыту орталығында жұмыс істейтін қызметкерлердің тілдік деңгейін анықтау. Диагностикалық тестілеуде сертификат берілмейді. Ал, сертификаттық тестілеуден өткен азаматтарға сертификат табысталады. Қазіргі таңда сертификаттық тестілеуге тапсыратын үміткерлер – ЖОО, асперантура, академия, доктурантураға түсетін адамдар. Биылғы жылы жоспар бойынша 20 шақты адам тапсыратын болған. Қазіргі уақытта олардың саны 90-ға жетті»,- деді Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасының бас маманы Әсемгүл Тұрымжанова.
Рудный қаласы бойынша 93 адам диагностикалық тестілеуге қатысты. Атап айтсақ, бюджеттік сала қызметкерлері мен мемлекеттік қызметкерлер және мұғалімдер. Алдағы уақытта тест қорытындысы бойынша мониторинг шығарылып, өңірдің қазақ тілін білу деңгейі анықталатын болады.
«QAZTEST сынағын ойдағыдай тапсырдық. Онда айтылым, оқылым, жазылым және тыңдалым болды. Айтылымда аудиотыңдалымдағы сұрақтарға жауап бердік. Оқылымда мәтін берілді. Жазылым бойынша біріккен сөздер, қосарланған сөздерді табу қажет еді. Сұрақтар жеңіл болды деп санаймын. Мен Рудный қаласының мемлекеттік тілді білу деңгейін жақсы деп бағалаймын. Бүгін өзге ұлт өкілдері де тест тапсырды. Тестілеушілер арасында мұғалімдер, мемлекеттік қызметкерлер, полиция қызметкерлері болды»,- деді тілдерді оқыту орталығының әдіскері Эльдана Булегенова.
Еске сала кетейік, сертификаттық тестілуге өтініш беру ақылы, 8236 теңгені құрайды. Ол 4 деңгей бойынша өткізіледі. Сертификаттық тестілеу бойынша тестіленушілерге тыңдалым, лексика-грамматикалық құрылым, оқылым бөліктері бойынша тест тапсырмалары, жазылым бөлігі бойынша диктант, мазмұндама және эссе түріндегі жазба жұмыстары ұсынылмақ.
Зерде Жеңіс