Қазақ тілі ғылым тіліне айналу қажет

Қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру тек тіл ғалымдары атқаратын шаруа емес

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында мемлекеттік тілдің мәртебесіне тоқталды. Ол өз болашағын Қазақстанмен байланыстыратын әр азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс деп айтқан еді. Жақында тіл мәдениетін одан әрі арттыруға арналған «Ана тілі ардағым» конференциясы тілдерді оқыту орталығы базасында өткізілді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауда қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала беретінін айтты.  Тіл жанашырларының басын  біріктірген «Ана тілі ардағым» ғылыми-практикалық конференциясының мақсаты да осы – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру.

«Бұл игі шараны Рудный қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы  бірлесіп ұйымдастырды. Конференцияға Назарбаев Университетінің қазақ тілі және түркітану кафедрасының оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Күлән Бейсенбайқызы қатысты. Қазіргі кездегі мектептер мен ЖОО-да, колледжерде студенттерді, шәкірттерді қалай қызықтырып сабақ үйрету жөнінде баяндама жасады. Қатысушыларға қызықты болды деп ойлаймын. Сондай-ақ біздің Ахаң атындағы қара шаңырақтан А.Байтұрсынұлы атындағы өңірлік университеттен екі профессор келіп отыр. Елімізге белгілі филолог мамандар Гүлжанат Жүрсіналина және Мира Мұратқызы да мемлекеттік тілдің қолданыс аясын қалай кеңету жөнінде өздерінің ой-пікірлерін ортаға салып, баяндамалар жасады»,  -деді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы Заңғар Санай.

Аталмыш іс шараға ЖОО ғалымдары, тіл мамандары, зиялы қауым өкілдерінен, мәдениет және тілдерді дамыту саласының басшылары және т.б тіл жанашырларымен барлығы 50 шақты адам қатысты. Онда қатысушылар қазақ тілін оқытудағы жаңа әдіс-тәсілдер мен цифрлық технологияларды кеңінен қолдану туралы баяндама жасады.

 «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кең дәрежеде жеткізу және оны қолдану аясын өзге ұлт өкілдері аясындағы мемлекеттік тілдің мәртебесін жоғары көтеру мақсатында іс шаралар жиі ұйымдастырылып тұруы тиіс», — деді Денисовка аудандық тілдерді оқыту орталығының басшы м.а. Сейсенбай Шайзадаұлы.

Конференция барысында қазақ тілінің ғылым тіліне айналу мәселесі сөз болды. Осы орайда, Гүлжанат Жүрсіналина мемлекеттік тіл тек филология сынды салаларда ғана емес, ғылыми салаларда да қолданыс аясын кеңейту қажеттігін жеткізді.

«Келелі мәселенің бірі бұл – ана тілі. Біздің басты мақсатымыз — қазіргі заман талабына сай қазақ тілінің, яғни мемлекеттік тіліміздің ғылым тіліне айналуына үлес қосу. Өйткені, қазақ тілінің мәртебесі тек қана филологтың, тек қана тарихшының, журналистің ғана міндетіне айналмауға тиіс. Мысалы, бізбен иық тіресіп қатар тұратын аэропорт саласы, биотехнология, нанотехнология қызметі, медицина, химия, биология салаларының да мамандарын ана тілінің жанашыры ретінде көргіміз келеді. Екіншіден, жаңадан көптеген кәсіптер шығып жатыр. Енді сол мамандар тілін дамытудың кәсіби қазақ тілі деген пәні бар. Сол пәнді жүзеге асыруды мақсат етіп жатырмыз. Біз осы кәсіби саланы дамыту арқылы қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру мақсатын көздеп отырмыз», — деді А. Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ практикалық лингвистика кафедрасының меңгерушісі Гүлжанат Жүрсіналина.

Қорытындылай келе, қазақ тілінің бүгінгі ахуалы күрделі мәселе. Мемлекет тарапынан жасалған қолдауларды дұрыс пайдаланып, тіл мәртебесін көтеру Республика азаматтарының азаматтық борышы.

Арай Марат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *