Республикалық Әбіш оқуларынан жүлдемен оралды

Рудный қалалық Бейімбет Майлин атындағы 7 мектеп-гимназиясының 10 сынып оқушысы Жолдасбек Анарбеков Ақтау қаласында өткен «Әбіш оқулары» республикалық ғылыми-шығармашылық байқауынан ІІ дәрежелі дипломмен оралды

Келешегінен мол үміт күттіретін Жолдасбек сабақ үлгерімі үздік оқушы, бірнеше мәрте аудандық, облыстық, республикалық шығармашылық сайыстар мен ғылыми жобалардың және пәндік олимпиадалардың жеңімпазы.

Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткерінің мұрасын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған байқауға әр облыстан 160-тан астам 8-11 сынып оқушылары қатысқан. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы және Маңғыстау облысының білім басқарамасымен бірлесіп өткізген шара 4 бағыт бойынша өткізілген. Атап, өтсек Ә.Кекілбаевтың шығармаларынан иллюстрациялық сурет салу, проза, поэзиясынан мәнерлеп оқу, шығармашылық зерделеу жоба және сахналық қойылым. Мектеп  оқушылары арасында Әбіш шығармаларын насихаттау, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, жазушының рухани мұрасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған іс-шара 2018 жылдан бері өткізіліп келеді. Жерлесіміз Жолдасбек Анарбеков аталмыш байқаудың мәнерлеп оқу кезеңі бойынша бақ сынады.

«Мектепішілік байқауларда қабілетіміді байқап, менің поэзияға деген сүйіспеншілігімді арттырған, біраз жыл поэзияға баулыған мектебіміздің директоры Қымбат Исланбекқызы болатын. Ол кісінің қолдауымен қалалық, облыстық деңгейлерде өнер көрсетіп жүрдім. Өткен жылы  еліміздің түкпір-түкпірінен жүздеген оқушы бақ сынайтын сайысқа сахналық қойылым бағыты бойынша қатыстым. Осы жылы жетекшіммен «Ханша дария» және «Теңіз жағасындағы ой» шығармаларына тандап, Ә.Кекілбаевтың шығармаларын мәнерлеп оқу бағытында бақ сынадым. Дайындық үшін бір айдай уақыт кетті. Жалпы республикалық «Әбіш оқулары» байқауына 169, ал мәнерлеп оқу кезеңі бойынша 20 жуық оқушы қатысты. Байқау аясында әр облыстан келген қатысушылармен Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейін аралап, жазушының шығармашылығымен таныстық», – дейді Жолдасбек.

Мектеп директорының ақпараттық жұмыстар жөніндегі орынбасары Ақсымбат Сқақ зерек оқушысының кез келген жырды ерекше жатқа айта алатын қабілетіне тәнті екенін жеткізді.

«Біздер жұмыс барысындағы тәрбиелік іс-шараларда оқушылардың қабілеттерін арттыруды және олардың байқауларда жүлдегер болуына мүмкіндік жасауға тырысамыз. Сондай үздік оқушыларымыздың бірі – Жолдасбек. 7 сыныптан бастап мектепшілік, қалалық байқауларда жүргізуші болып өзінің қабілетін көрсетіп жүрді. Одан бөлек, айтысқа, театр үйірмесіне және белсенді түрде спорттық байқауларға қатысады. «Абай оқулары», «Мұқағали оқулары», «Ілияс оқулары», «Қадыр Мырза Әли оқулары» сынды байқауларының қалалық, облыстық кезеңдерінің жеңімпазы. Әлі талай биік белестерді бағындыруды көздейтін Жолдасбектің бо­лашағынан ерекше үміт күтеміз», – дейді ақпараттық жұмыстар жөніндегі орынбасары Ақсымбат Сқақ.

Қазақстан Республикасының Президентінің «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасының аясында ашылған білім ордасының ұстаздар ұжымының біліктілігі жоғары. Мектеп мұғалімдері облыстық, республикалық деңгейде шығармашылық белсенділіктерімен дараланып сайыстардың жеңімпаздар расынан көрініп жүр. Осындай ортада білім алушы оқушылардың қатары толыға береді деп сенеміз.

Арай Марат

газета «Рудненский рабочий»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *