Тіл мәселесі қашан да болмасын, өзектілігін жоғалтпаған. Өз тілінді білу, құрметтеу және насихаттау әр азаматтың борышы. «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» демекші біздің елімізде «үш тұғырлы тіл» саясатын қолға алып жатқаны белгілі. Бүгінгі күні тіл білу, ой-өрісінде кеңейту заманның талабы. Балабақша кезеңінен бастап ана тілімен қосып, өзге тілдерді үйретуге талпынуда.
Әрине, бұл тұлға ретінде қалыптасыуға, кез-келген ортаға сіңісуге, коммуникация орнатуға дұрыс. Ақпараттық техниканың дамыған заманында тілді үйрену қиындық тудырмайды, қайта көп тіл білгеннің ешбір зияны жоқ. Ол мансап құруға, білім алуға және мидың машықтануына оң әсер етеді. Қазақ жастары арасында да бірнеше тілде еркін сөйлеу таңқаларлық жағдай емес. Осыған орай жыл сайын облыс масштабында жастармен жұмыстар жүргізілуде.
Өткен аптада мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, көп тілді меңгерген тұлғаны тәрбиелеу мақсатында Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен үш тілді меңгерген жастар арасындағы «Тіл шебері» облыстық байқауын өткізді. Байқау шартына сай қатысушылар қазақ тілінде республика күні, Амангелді Иманов және Мағжан Жұмабаев шығармашылығы тақырыптарында эссе жазды. Сонымен қатар, орыс тілінде берілген мәтінге қазақ тілінде іліспе аударма жасады. Үшінші кезеңінде экранда көрсетілген суреттің мазмұнын ағылшын тілінде әңгімеледі.
Үміткерлер үш кезеңде де қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгергендерін көрсетті. Байқауға әр өңірден 14 үміткер қатысты. Солардың бірі, біздің Рудный қаламыздың Бейімбет Майлин атындағы № 7 мектеп-гимназиясының ағылшын тілі пәні мұғалімі Эльмира Абдикаримова. Ол жақсы нәтиже көрсетіп, 2 орынды иеленді.
«Мен мектеп қабырғасында ұстаз болып қызмет атқарып жатқаны алғашқы жылым. Үш тілді жетік білемін. Байқауға қатысуға қыркүйек айында ұсыныс түсіп, неге көрмеске деп ойладым. Жетекшілік етіп, мені қолдаған Жанат Балтақызы. Ол кісі маған кеңес беріп, жанымнан табыла білді. Байқау үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде, ана тілімізде эссе жазу. Маған Мағжан Жұмабаевтың шығармаышлығымен өмірі жайлы тақырыпта сөз қозғау керек болды. Бұл сайсытан 5/5 ұпайын алып, жақсы жазып шықтым.
Екінші кезеңде, қазақ тілінде берілген мәтінді орыс тіліне аудару болды. Бұл сайыс мен үшін қиынға соқпады. Соңғы үшінші кезеңде, тақтада берілген сүретті сипаттау немесе тұлға туралы ағылшын тілінде мәлімет беру болды. Байқау өте қызықты, тартысты түрде өтті. Мен үшін байқау қиын болған жоқ. Облысымыздың басқа аймақтарынан келген әріптестерімен таныстық. Алдағы уақытта басқа да іс-шараларға қатысып, одан да биік белестерді бағындырамын деп сенемін»,- дейді Эльмира Абдикаримова.
Іс-шарада Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Әділқазылар алқасы қатысушылардың тілдерді меңгеру деңгейлерін, сөздерді дұрыс айтып жеткізу және толыққанды жауап бергендерін 5 балдық жүйемен бағалай отырып, жеңімпаздарды анықтады.
Қатысушылар арнайы дипломдар және алғыс хаттар, арнайы сертификаттармен марапатталды.
Жадыра Ертаева