Жайдарман ойыны өтті

Бүгiнде қаламыздың жастары бас қосқан «Жайдарман» түрленіп келуде. Сахна мәдениетi мен шеберлiгi, ән мен би, ой ұшқырлығы, мимика сияқты өнер атаулының түрлi жанрларын қамтитын әзіл-қалжың шығармашыл жастардың шеберлiктерiн жетiлдiре түскенін көрсетедi. Рудный қаласында 11 жыл қатар жайдарман лигасынан тұрақты түрде чемпионат өткізіліп келеді.

Өткен аптада Рудный индустриалдық институтының қабырғасында қалалық «Rud life» квн жобасының ½ кезеңі өзгеше жекпе-жек форматында өтті. Мектеп оқушылары мен студенттерден құралған 10 команда болып, 5 жұпқа бөлінді. Өз өңірлерінің намысын арқалаған Рудный, Қостанай, Арқалық және Қашар кентінен командалар бақ сынасты. Қазылар мүшелері «Жайдарлы жастар» қоғамдық қорының басшысы Марғұлан Бәкір, «Рудный құрамасы» командасының ойыншылары Дулат және Қасымхан, блогер Алиса Курбаналиева және «Алые паруса» демалыс орталығының басшысы Мұхан Ноғаев болды.

«Биылғы жылы тағы да «Рудный қалалық ішкі саясат бөлімі» ММ әлеуметтік мемлекеттік тапсырысы аясында Рудный қаласында «КВН ойындарын өткізу және жетілдіру» жобасы аясында екі тілде ойындар өтіп жатыр. Жайдарман және КВН ешқашан ескірмейтін ойын. Көбісі өнер деп санайды, бірақ бұл зияткерлік сайыс деп айтуға болады. Өйткені, бұл заманға сай, сол уақытта жүріп жатқан барлық өзекті жаңалықтар мен мәселелерді қозғайтын әзіл аралас, астарлап жеткізетін ойынның түрі», — дейді «Жайдарлы жастар» қоғамдық қорының басшысы Марғұлан Бәкір.

10 команданың барлығы өзгеше стильде ойнап, қоғамдағы мәселелерді әзілге айналдырып ортаны күлкіге толтырды. Көрермендер болса қол шапалақтап, ұнатқан әзілқой жастарға жанкүйер болды. Жарыс тек бір кезеңнен тұрғандықтан, қазылар алқасы қатысушылардың әзілдерін талқыға алып, сөз әдебіне, тақырыптың дұрыс таңдалуына үлкен мән берді. Тіпті киім үлгісіне, сахна төрінде өздерін ұстауына да бірнеше ескертулер жасалды.

Жалпы, қатысушылар өздерін жеңіл, жайды сезініп ойнап шықты. Көбісі мектеп оқушылары болғанымен, жарыс жоғары деңгейде өтте. Ән шырқалып, би билеп, қойылымдар көрсетіп шықты. Ерекше қатысушылардың бірі Арқалық қаласынан келген «Элита эвентус» командасы.

«Біздің команда 4 адамнан құралған, екі қыз және екі жігіт. Дайындығымыз жақсы. Жұмыс бабымен дайындалуға көп уақыт болған жоқ, бірақ 1 аптадай үзіліссіз әзілдер жазып дайындалдық. Әзілдерді күнделікті өмірдегі жағдайлардан алып жазамыз. Былтыр біз Рудный қаласында әкім кубогы үшін финал ойындарында 2 орын иелендік. Сондай-ақ, орыс тіліндегі лигасына да қатыстып, ақшалай сертификатқа ие болғанбыз. Бүгінгі ойында бізге қарсылас болып түскен қыздардан құралған команда ол «Проект КРУ». Бұрын ойындарын көргем, жақсы және мықты команда деп айта аламын», — дейді «Элита эвентус» команда капитаны Бекзат Мәжітов.

Қатысушылардың айтуынша жайдарманның олар үшін орны бөлек. Өзінді еркін сезініп, шығармашылық бағытта жұмыс істеп, көрермендерге эмоция сыйлай алатын орын. Оған қоса, жайдарман тек күлкі-әзіл мекені ғана емес, нағыз табыс көзі мен мансап құруға жақсы мүмкіндік.

Жекпе жек форматында өткен жарты финал тартысты да қызықты өтті. Финалға 5 команда өтті. Олар: «Қарлығаштың құйрығы неге айыр», «Тұмар», «Проект КРУ», «Сафари» мен «РИО» командалары. Сондай-ақ, көрермендер сұранысы бойынша «Өзімізғо» атты 1 команда қосымша финал ойындарына қосылды. Алдағы уақытта қараша айларында финал ойындары өтіп, жеңімпаздар белгілі болады. Барлық қатысушыларға сәттілік тілейміз.

Сания Сактаган

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *