«Қазақ радиосын» қашан тыңдай аламыз?

Жағымды жаңалық! Рудныйлықтар келесі жылдан бастап радиоқабылдағыштары арқылы «Qazaq Radiosy» мен «Шалқар радиосын» тыңдай алады. Бұған халықты радиохабар таратумен қамтуды кеңейту жөніндегі «Қазақтелерадио» АҚ мен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму
Министрлігінің Жол картасы себеп.

«Қазтелерадио» АҚ телерадио хабарларын тарату желілерін дамыту қызметінің бірінші санатты инженері Болат Ержановтың айтуынша, Жол картасы 4 кезеңді қамтиды. Соның үшінші кезеңін жүзеге асыру кезінде 2023 жылға қарай кеншілер қаласында да радиотаратқыш орнатылмақ. Ол үшін барлық инфрақұрылымдық жағдай қарастырылған. Осылайша қала халқы мен оған жақын орналасқан ауылдар FM-диапазонындағы 105,0 МГц жиілікте «Qazaq Radiosy», ал 107,4 МГц жиілікте «Шалқар радиосын» тыңдай алатын болады.

Айта кетейік, мемлекеттік арна «Qazaq Radiosy» тәулік бойы хабар таратады, оның контенті 8 – қазақ, орыс, неміс, кәріс, ұйғыр, әзірбайжан, татар, түрік тілдеріндегі қоғамдық-саяси бағдарламалар. Ел халқының 90%-ға жуығын қамтып отыр. Ал «Шалқар» радиосы болса мемлекеттік тілде ақпараттық-аналитикалық, әдеби-музыкалық, мәдени сипаттағы тақырыптарда хабар  таратады.

– Радио тыңдаушылардың аудиториясы кеңейіп жатыр деп есептеймін. Оның дәлелі – «Қазтелерадио» АҚ атына
облыстық, аудандық әкімдіктерден қандай да бір ауданда «Qazaq Radiosy» мен «Шалқар» радиосы мемлекеттік бағдарламаларының хабар таратуын ұйымдастыруды сұрап, келіп жатқан хаттар. Бұл – радиоға деген қызығушылықтың жоғалмағанының белгісі. Кеңестік кезеңде сымды хабар тарату өте зор дамыған болатын, әр үйде радионүкте орнатылып, адамдар радио тыңдайтын. Қазір сымды хабар таратудан түк те қалмады. Бірақ FM-диапазонда эфирлік хабар таратуға деген қызығушылық мызғыр емес, – дейді Болат Жұмабайұлы.

Бүгінде рудныйлықтар қазақ және орыс тілдерінде он шақты радиоканалды тыңдап келеді. Алайда тамыры тереңде жатқан, халықтың үніне айналған «Qazaq Radiosy» радиосының жөні бөлек екені сөзсіз. Ұлтымыз үшін осындай игі жаңалықтарымыз көп болсын!

Айзат ИБРАГИМ

газета «Рудненский рабочий»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *