Рудный қаласында мемлекеттік ұйымдастыру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілуде
Елімізде тілдерді дамыту және қолдану үшін 2020-2025 жылдарға арналған тіл саясатын іске асыру жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар бар. Соның бірін қаламыздағы Рудный қаласы әкімдігінің қалалық тілдер оқыту орталығы жыл сайын ұйымдастырып, жақсы деңгейде нәтиже көрсетіп жүр. Орталық мемлекеттік және бюджет саласы қызметкерлеріне, сонымен қатар тілді үйренуге тілек білдірген қала тұрғындарына мемлекеттік тілді, ағылшын тілін және этникалық топ өкілдеріне өз ана тілдерін оқытуды ұйымдастырды. Биылғы жылы 900-ға жуық тыңдаушы мемлекеттік, ағылшын, орыс және неміс тілін меңгеруге жазылды.
«Мемлекеттік тілді үйрету курсы 3 жылды құрайды. 2021 жылдан бастап қысқа мерзімді курстарды да ұйымдастырып жатырмыз. Яғни, 3 айлық курстар. Көбінесе бұл курстарда мекемелердің хатшы референттері, іс жүргізушілер секілді құжатпен айналысатын мамандар оқиды. Ал, ағылшын тілінде қысқа мерзімді курстар жоқ. Қазір адамдар тіл үйренуге деген ниеттерін білдіріп, белсенді түрде курс сабақтарына жазылады. Курсты аяқтағандарға міндетті түрде сертификат беріледі»,- деді «Рудный қаласы әкімдігінің қалалық тілдер оқыту орталығы» КММ басшысы Жанат Досыбаева өз сөзінде.
Айта кету керек, тілдік курстардың барлығы тегін, аптасына 2 мәрте жүргізіледі. Сабақтардың өту уақыты 1 сағатқа шақталған. Бүгінгі таңда орталық 18 жастан бастап зейнет жасындағы тұрғындарды оқытуға әзір. Оқыту курстары: деңгейлік курстар, қысқа мерзімді курстар және ресми іс-қағаздарды жүргізу курстары болып бөлінеді. Сонымен қоса, 2021 жылы қазақ тілін еркін форматта үйрететін «Сөйлетайм» курсы ашылған. Биылғы жылы бұл жоба жалғасатын болады.
«Біз күнделікті ауыз екі сөйлеу барысында қолданылатын тұрақты тіркестер, сөз орамдарын қолдануға тиімді қылып, тақырып бойынша сабақтарды ойластырдық. Осылайша, қазақ тілін үйрену оңай тәсілдері бар. Әрине, өзге ұлт өкіліне қазақ тілін үйрету қиын. Дегенмен, қатысушылар үйренуге талпынсы жоғары екенін байқап жүрміз. Өзім 3 топқа, аптасына 2 рет сабақ беремін. Бүгін алғашқы сабақ өтті. Ол таңыстыру форматында болды, жаңа сөздер үйреніп, диалог жүргіздік»,- дейді орталық әдіскері Лаура Жанбырбаева.
Людмила Бугаенко үшін алғашқы «Таныстыру» сабағы өтті. Ол белсенді ұзақ өмір сүру орталығынан қазақ тілі курсы жайлы естіп, ойланбастан тіркелуге асыққан екен.
«Мен құнды ақпарат үшін алғысымды білдіргім келеді. Бұл үлкен мүмкіндік деп санаймын. Басында қорқыныш сезімі болды, бірақ ойлағанымнан оңайрақ өтті. Бірақ, сөздерді оқу кезінде қиындықтар бар. Мен өзім жұмыс істеймін, бірақ бүгін сұранып жүгіріп келдім. Алдағы уақытта немереме қазақ тілі сабағынан берілген үй жұмысын орындауға көмектесетін боламын»,- дейді курс қатысушысы.
Кездесулерде буклеттер мен брошюралардан бөлек күнделікті ауызекі сөйлеу барысында қолданылатын сөзорамдары қамтылған шағын QR-код тілашар құралдары таратылады. Тіл үйренем деп тілек білдірушілерге барлығы қолжетімді екеніне көзімі жетті. Қолыңызда байланыс құралы болса жетіп жатыр, камера арқылы кодты сканерлейсіз де қазақша-орысша сөздік жазылған бетке өтесіз. Процесс жеңіл, әрі қарапайым.
Жалпы орталық Рудный қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жылдық жоспарына сәйкес мемлекеттік тілді насихаттауға және қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған ауқымды іс-шараларды атқарады. Ұзақ немесе қысқа мерзімді тегін курстарға 48-713 нөмірі арқылы немесе Ленин көшесі,95 мекенжайы бойынша 128 кабинетінде тіркелуге болады.
Гүлім Мұрат