Қалалық келіндер байқауы өтті

Рудныйда «Алые паруса» көркем халық шығармашылығы үйінде «Қазақтың келіндері-ай» атты алғашқы келіндер сайысы ұйымдастырылды

Рудныйда «Қазақ аналары-дәстүрге жол» атты қоғамдық бірлестігі мен қалалық мәдениет бөлімінің бастауымен «Алые паруса» көркем халық шығармашылығы үйінде «Қазақтың келіндері-ай» атты алғашқы келіндер сайысы ұйымдастырылды.

Жалпы топ жарған 6 келіншек бақ сынады. Олар: Жадыра Өтегенова, Гүлшат Сарбаева, Әсемай Төребаева, Ұлболсын Қызтуғанова, Светлана Немзорова және Алсу Қожабекова. Барлығы да әулеттерінің сыйлы келіні, аяулы жар әрі ардақты ана рөлінде.

Келіндер сайысы отбасы құндылықтарын бағалауды, ұлттық салт-дәстүрімізді ұлықтауды мақсат еткен жас ұрпаққа берер өнегесі де көп. Басты мақсаты- тарихымыз бен салт-дәстүрімізді дәріптеу. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен қасиеті бойынан табылған,  ұлттық тағам түрлерін әзірлеу, өнерілік шеберліктері мен қазақтың әдет – ғұрпын қаншалықты меңгергендерін көруге арналған.

«Қазақ халқы мәдениетінің өркендеуі үшін 6 келіншекті іздеп қаламызда алғашқы рет осындай байқау ұйымдастыруға шешім қабылдадық. Келіндерді халық арасынан, «Рудный ханымдар» орталығының да көмегімен іздедік. Барлығы бекітілгеннен кейін қыркүйек айында дайындықты бастадық. 5 кезең бойынша баға берілді. Барлық келіндер өзіме жақын болып кетті. Іс-шараны гүлдендіруге көмек көрсеткен «Аружан» ұлттық аспап мектебіне және «Алые паруса» ұжымының бишілеріне алғыс білдіреміз!»,- деді бірлестік төрайымы Нинагүл Қосжанқызы.

«Тегін білу тектілік» сайыстың алғашқы сатысында қатысушылар өздерін өлең шумақтарымен таныстырды. Келіндердің әрқайсысы тек жақсы жақтарынан көрсетуге тырысып, текті жерге келін болып түскендерін айтты. Келесі кезеңде қатысушылар дәстүр, әдеп-ғұрыптарға, кәделерге, табақ асуға қатысты сұрақтарда билет түрінде ұсынылып, сынға түскен додадан да сүрінбеді. Бұл сайыста шапшаң болуды қажет етті. «Қазақтың келіндері-ай» атты байқаудың тағы бір кезеңі – ас пісіру. Жалпы, қазақ құтты ұясының табалдырығын аттаған келінді қашан да құйған шайы мен әзірлеген асы арқылы сынап, танып білген. Сөйтіп, сайысқа қатысушылардың бірі бешбармақ, құрт көже пісірсе, басқасы қуырдақ, құйрық бауыр сыңды тағамдарды қазылар алқасының алдына тарту етті. «Өнерлі өрге жүзеді» кезеңінде қатысушылар тамылжыта ән орындап, мың бұрала  билеп шықты. Соңғы болып шыққан Светлана Немзорова актерлік шеберлігін айқындап, жетім қыздың монологын оқып берді. Бұл сайыста көрермендер арасында, келіп қолдау көрсетіп жатқан ата-аналары, жұбайылары мен балалары байқалды.

«Менің ақ босағаны аттағаныма 6 жыл болады. Екі бөбегім бар. Барлығын бірге алып жүру қиынға соқпайды. Өйткені, біздің бойымызға ата-енені құрметтеу, ардақты ана және сүйікті жар болуды сіңірген. Келін болып, қызмет жасау және сәлем беру мен үшін үлкен қуаныш. Бүгінгі күн ақ түйенің қарыны жарылған күнімен тең деуге болады. Себебі, қазақи дәстүріміздің иісін сезіндік. Қазіргі уақытта бұндай форматта іс-шаралар аз ұйымдастырылады. Ал, біз жастар болып қайтып шарықтатып жүрсек, өскелең ұрпағымыз да жалғастырады деп сенемін»,-деді қатысушы  Гүлшат Сарбаева.

Барлық көрермендердің көзіне түскені келіндердің әр кезеңде сахналық образдарын өзгерткені. Бұл дайындық жоғары дәрежеде болғанын білдіреді. Әділқазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Гүлшат Сарбаева жеңіп алды. Бірінші орынға Ұлболсын Қызтуғанова ие болса, екінші орынды Светлана Немзорова, Әсемай Төребаева және үшінші  орынды Алсу Қожабекова, Жадыра Өтегенова иеленді.  Сонымен қатар, келіндерге «Өнегелі келін», «Асыл ана» номинациялары бойынша бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар табыс етілді.

Сания САКТАГАН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *