Жыл басынан бері 772 қандас қоныс аударды

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар Қоры» КеАҚ шетелдегі қазақтармен мәдени- іскерлік байланыстарды дамыту сондай-ақ, тарихи отанына қоныс аударған қандастарға ақпараттық және консультациялық көмек көрсету жұмыстарын жүргізеді.

Осы ретте, Қостанай облысындағы этникалық көші-қон саясатының жүргізілу барысымен танысу және қандастармен кездесулер өткізу мақсатында Қандастарды қолдау департаменті директорының орынбасары Еркебұлан Меңлібаев мен  баспасөз хатшысы Нұрымжан Жұмағазиев арнайы іс-сапармен келді. Сапар қорытындысы бойынша қандастар мәселесіне байланысты Үкіметке есеп беріліп, ұсыныстар енгізіледі. 

Бүгінде елдегі және шетелдегі қандастарға ақпараттық-консультациялық қолдау көрсету және олардың қоғамға бейімделу процесін жеңілдету мақсатында «Отандастар қоры» КеАҚ жанынан құрылған қандастарды ақпараттық қолдау орталығы  жұмыс жасауда. Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша шетелдегі және Қазақстан Республикасына келген этникалық қазақтарды қолдауды қамтамасыз ету жөніндегі қызметтері аясында орталықта 3837 өтініш өңделген.

Қостанай облысы әкімдігінің мәліметінше: 1991 жылдан бастап жалпы 35843 қандас келді. Ал, Рудный қаласына 1991 жылдан бері 16778  қандас қоныс аударған. Биылғы жылдың қараша айына дейін Өзбекстан, Ресей, Түркменстан,  Ауғанстан, Монғолия елдерінен 772 адам қоныс аударды. Бүгінде оның 239-на квота беріліп отыр.

Бұл кезекте қоғам өкілдері жергілікті әкімшілікпен, қандас жеке кәсіпкерлерімен және жаңа қоныс аударып келген қандастармен кездесулер өткізді. Жеке кәсіпкерлер арасында машина төсенішін тігетін цех иесі Берікбол Өмірәлиев, жеке Лор кабинетін ашқан Гүлсина Қалмұрзаева және Б.Майлин ауданының Юбилейный ауылындағы түйе шаруашылығындағы кәсіпкер Алмат Нұрмаханов болды. Отандастар қорының мамандары Рудный қаласында тұратын бір топ қандастарымызбен кездесіп, өзара пікір алмасты.

«Біздің қоғам 2 бағытта жұмыс жасайды. Біріншісі — шетелдегі этникалық қазақтардың мәдени-гуманитарлық қолдау, екіншісі — атамекеніне келген қандастарды ақпараттық қолдау бағытында. Енді біздің Қостанай облысына іс-сапар барысында қандастар өңірде қандай бейімделу шаралары, оларды құжаттандыру бойынша, әлеуметтік қолдау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарымен танысу жұмыстар атқарылуда. Рудный қаласы — қандастар көп қоныстаған елді-мекендердің бірі. Осы қалада қандастарымызбен танысып, олардың еңбек жасап жүрген нысандарына барып көрдік. Қазіргі күні өз кәсібін дөңгелетіп жатқан қандастар көзді қуантады. Олар еліміздің экономикасын арттырып, жаңа жұмыс орнындарын ашуда. Ендігі кезекте талқыланған сұрақтар, өтініштер бойынша жұмыстар жүргізетін боламыз»,-деді Қандастарды қолдау департаменті директорының орынбасары өз сөзінде.

Өңірлік квота бойынша әрбір отбасы мүшесіне 241 мың теңге көлемінде алғашқы жәрдемақы беріледі. Ол ақша көшіп келген кездегі шығындарды өтеуге, медициналаық анықтамаларды алуға арналған. Алғашқы 1 жылға пәтер жалдау мен коммуналдық қызметтер тегін. Ең бастысы қандас квотасын алған кезден бастап 6 айдың ішінде, тұрғын үй сатып алу үшін экономикалық ұтқыр сертификатын табыстайды. Оның көмегімен қандас сатып алатын үйінің 50 пайызын төлей алады. Бірақ 50 пайыз 4 млн теңгеден аспауы тиіс.  

Құжат алу кезінде қиындықтар бар екенін Рудный қаласы ПБ көші-қон қызмет тобының испекторы, полиция аға-лейтенанты Нұрболат Асылжан да растады.

«Қазіргі таңда шекарадан өту және Рудный қаласына келу кезеңі қарқынды жүріп жатыр. Көбіне шешімін таба алмай отырған мәселелердің бірі- қандастардың заңнан шорқақ болуы. Бөлімшеге келіп сұрақтар қоймайды, кеңес алмайды. Жалпы қандас мәртебиесі 35 күн қаралады. Уақыт өтіп кетсе, біз көмек көрсете алмаймыз. Ал, егер қандас мәртебесі расталмаса, 1 жылға қарастырылған әлеуметтік жәрдемақы төленбейді»,- дейді көші-қон қызмет тобының испекторы.

Қазіргі күні «Отандастар қоры» КеАҚ жанынан құрылған қандастарды ақпараттық қолдау орталығы  мектепке баланы орналастыру, баспаналы болу, жұмысқа тұру сияқты сұрақтарға көмек көрсете алады.

Сания САКТАГАН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *