Кездесу мақсаты – жаңадан келген қаңдастармен жұмысты ұйымдастыру және жургізу, құқықтық сауаттылықты арттыру.
Жыл сайын тарихи отанына оралған отандастырымыздың саны артып келеді. Мемлекет тарапынан тәуелсіздік алған жылдардан бастап, сырт елден келген халыққа қолдау, көмек көрсетілуде. Қаламыдағы «Бақыт – біздің бойымызда» қоры 3 жыл қатарынан дәстүрлі түрде «Қандастарды қоғамға әлеуметтік интеграциялауға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру» мемлекеттік әлеуметтік тапсырысын іске асыру шеңберінде Рудный қалалық ішкі саясат бөлімінің жобасын атқарады. Осы жоба аясындағы кезекті жиында қандастарды мемлекеттік мекеме өкілдерімен танысып, түсіндіру жұмысы жүргізілді.
Кездесу барысында білім бөлімі мектеп және балабақшаға тіркелу мәселесіне, полиция басқармасы қызметкерлері көшу барысындағы құжаттардын дұрыстығын қадағалау қажеттігіне тоқталды. Әлеуметтік қорғау және ТКШ мамандары үй мәселесі мен арнайы жәрдемақы алу мүмкіндігімен таныстырды. Бұл іс-шараның арнайы шақырылған қонағы Мейрамгүл Төребаева, қазіргі өзекті мәселелердің бірі, көшіп келгендермен жергілікті тұрғындар арасындағы қарым – қатынасы жайындағы мысалдарға тоқталды.
Қазіргі уақытта әлеуметтік корғау, деңсаулық сақтау, білім беру салаларындағы мемлекеттік колдау шаралары жайында Ирина Федорчук айтып өтті.
«Қор 3 жылдан бері белсенді түрде өз қызметін ұсынады. Осы уақытқа дейін 40 отбасыға өз көмегін көрсетті. Біздер қандастарға заңнамаға байланысты құқықтық сауаттылығын арттыруға көмек береміз. Ұжымда арнайы дайындалған, білікті, 2 тілді қатар алып жүретін маман жұмыс істейді. Әр өтініш бойынша сұраққа жауап беріп ғана қоймай, мемелекеттік мекемеге бірге барып жұмысты соңына дейін атқарамыз»,- деп бөлісті «Бақыт- біздің бойымызда» қоғамдық қорының өкілі Ирина Федорчук.
Сонымен қатар, жоба аясында ұлт бірлігін қамтамасыз етуге және қазақстандық патриотизмді нығайтуға, қоғамды шоғырландыруға, этноаралық қатынастар мен толеранттылықты нығайтуға бағытталған іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Осы кездесу аясында қандастар барлық сұрақтар бойынша толық жауап алды. Алдағы уақытта отбасы күніне орай «Бақытты отбасы- қазақстанның рухани жаңғыруының негізі» атты фестиваль өткізіледі. Бұл фестивальға барлық ұлттар қатысып, бір-бірінін салт- дәстүрімен, тілімен және мәдениетімен таңысуға тамаша мүмкіндік болары анық.
Сания Сақтаған