Қарызды қайтаруға қам жасаңыз!

Рудныйда 40 млн теңге көлік салығы бойынша 1757 борышкер бар

Рудный қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы жеке сот орындаушыларымен бірлесіп салық берешегін өндіріп алу бойынша рейдтік іс-шара өткізді. Нәтижесінде берешек сомасы 200 мың теңгеден асатын борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Салық төлеуден жалтарған борышкер 10 жыл бойы жауапкершіліктен қашып келеді. Ол сот орындаушылардың талаптарын елемеуді жалғастыруда және салық төлеуге құлқы жоқ. Ал өсімпұл күн сайын есептеледі.

«Бүгінде жеке сот орындаушысы борышкерді әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартады. Бұл бап борышкерді 1 күннен 5 тәулікке дейін қамауға алу немесе 5 АЕК көлемінде айыппұл салуды қарастырады. Қазіргі таңда Рудный қаласы бойынша 40 млн теңге көлік салығы бойынша 1757 борышкер бар. Аталған рейдтік іс-шаралар жеке сот орындаушылармен, Рудный қаласының полиция басқармасымен, сонымен қатар Рудный қаласының прокуратурасымен бірлесе отырып апта сайын өткізілуде», — деді Рудный бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының салық төлеушілермен жұмыс бөлімінің бас маманы Евгения Луначарская.

Борышкердің салықты төлеуге қабілетсіздігі немесе оны қаламауы ауыр зардаптарға, соның ішінде оның мүлкіне тыйым салу немесе басқа да мәжбүрлеу шараларын қолдану мүмкіндігіне әкеледі.

 «4 жеке сот орындаушысының қолында осы борышкердің мемлекет алдындағы салықтық берешегін өндіру туралы материалдар бар. Қазіргі уақытта борышкерге қатысты әкімшілік хаттама жасалып, түпкілікті шешім шығару үшін әкімшілік сотқа жолданады», — деді «Бейімбет Майлиннің сот актілерін орындау жөніндегі ауданаралық аумақтық бөлімі» филиалының аға сот орындаушысы Руслан Джалдусбаев.

Сот шешімі бойынша борышкерді Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 669-бабының бірінші бөлігінде көзделген құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп тануға және екі тәулік мерзімге қамауға алу түрінде әкімшілік жаза қолдануға қаулы етті. Еске салайық, рейдтік іс-шараның мақсаты – құқық бұзушылардан салынған айыппұлдарды барынша өндіру, сондай-ақ әкімшілік айыппұлдарды уақтылы өтеу қажеттілігі туралы халықты хабардар ету болатын. Айыппұлды келесі жолдармен тексеріп, төлеуге болады: egov.kz электронды үкімет порталы арқылы, екінші деңгейлі банктердің есеп айырысу бөлімшелерінде, сондай-ақ kamkor.gov.kz, kaspi kz және egov kz мобильді қосымшаларында интернет сайттары арқылы онлайн төлеуге болады.

 

Арай Марат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *