«Балалардың арнайы жинақтау шоттарына олар 18 жасқа толғанға дейін Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50% — ы аударылатын болады. Бұл қаражатқа олар болашақта тұрғын үй жағдайын жақсарта алады немесе білім ала алады. Бұл ретте тұрғын үй жағдайларын сатып алуға немесе жақсартуға тек Қазақстан аумағында ғана жол беріледі, ал оқу ақысын шетелдік оқу орнында төлеуге рұқсат етіледі», — деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметі.
Бағдарлама 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылады. Әрбір баланың шотына оның бағдарламаға қатысқан тиісті жылы үшін Қазақстан азаматтығын туғаннан немесе алғаннан бастап және 18 жасқа толғанға дейін тең сома есептелетін болады. Ақшаны кәмелетке толғаннан кейін ғана пайдалануға болады, бірақ азаматтығын өзгерту немесе жоғалту кезінде балалар мұндай құқықты жоғалтады. Төленген қаражат салық салудан босатылады.
Заң Сенатқа жіберіледі.