Өңірлік кадр резервінің басты мақсаты – әр өңірде талантты жастар арасынан жаңашыл ойлайтын көшбасшылар, жас басқарушылардың тобын қалыптастыру.
Мемлекет басшысы атап өткендей, «Бізге түрлі салаларда, жауапкершіліктен қорықпайтын, ерекше әрі тиімді шешімдер қабылдай алатын жаңа формациядағы басқару тобы қажет. Дәл осындай адамдар ел қалауындағы нәтижеге қол жеткізуге қабілетті».
Іріктеуге қатысу резервшілерге жергілікті жерлерде жаңаша өзгерістерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Іріктеуге жоғары білімі және 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар, 35 жастан аспаған еліміздің азаматтары қатыса алады.
Қостанай облысының кадр комиссиясы өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды және мемлекеттік басқару жүйесін дамытудың басымдықтарын ескере отырып, өңірлік резервке іріктеудің мынадай салалық бағыттарын айқындады:
— инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты;
— агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау;
— экономикалық және қаржылық саясат;
— цифрландыру;
— әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам.
Қатысуға өтінімдерді қабылдау биылғы жылдың 1-31 наурызы аралығында onir.pkrezerv.gov.kz сайтында қолжетімді болады.
Білімді, еңбекқор және жасампаз азаматтарға өңірлік кадр резервтеріне іріктеуге қатысу үлкен мүмкіндік болмақ.