2024 жылдан бастап кімнің жалақысы өседі?

Президенттің биылғы Жолдауына сәйкес, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап елдегі ең төменгі жалақы көлемі 85 мың теңгеге дейін өсті, деп хабарлайды BAQ.KZ. Осылайша, нәтижесінде елдегі 1,8 млн адамның айлық табысы артуы керек. Оның қатарында бюджет саласында еңбек ететін 350 мың адам бар.

Премьер-министрдің орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын Мәжілісте таныстырды. Үкімет мүшесі халықтың табысын арттыру бағдарламасы аясында азаматтарды жұмыспен қамту үшін 2024 жылға 3,5 трлн теңге көзделіп отырғанын атап өтті. Оның ішінде 1,5 млн-нан астам жұмыскердің жалақысын көтеруге 2,5 трлн теңге қарастырылған. Өңірлік жұмыспен қамту карталарына 724 млрд теңге, «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 100 млрд теңге бөлініп, 18 мыңға жуық жұмыс орнын ашу болжанып отыр. Сонымен қатар мемлекеттік қолдау көрсетуге шамамен 380 млрд теңге көзделген, бұл 11 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Тәрбиеші, ғалым, орманшы жалақысы

● 2024 жылы балабақша тәрбиешілерінің жалақысын 30 пайызға көтеру үшін бюджетте 96 миллиард теңге қарастырылған.

● 242 миллиард теңге ғылым саласын қаржыландыруға бағытталмақ. Бұл 616 жетекші қазақстандық ғалымдардың жалақысын арттырады.

● Мемлекеттік табиғи және орман қорғау қызметкерлеріне қосымша ақы төлеуге 15 млрд теңге қарастырылған.

Сондай-ақ олар азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің жекелеген санаттары мен жоғары әскери оқу орындары оқытушыларының жалақысын көтеруді жоспарлап отыр. Жалпы, энергоблокқа 2,6 триллион теңге көлеміндегі шығындар енгізілген.

Азаматтық қызметкердің жалақысы көтеріледі

Еңбек министрлігі азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесіне өзгерістер енгізу туралы үкімет қаулысын дайындады.

Атап айтқанда, біліктілік санаттарына қолданылатын коэффициенттерді арттыру қарастырылған. Орындалатын жұмыстарды белгілі бір күрделілікке жатқызу және жұмысшыларға біліктілік разрядтарын беру жұмысшылардың жұмыстары мен кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығына, жұмысшы кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларына сәйкес жүргізіледі. Коэффициенттердің ұлғаюы 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақының 85 мың теңгеге дейін көтерілуіне байланысты қарастырылған, Еңбек заңнамасына сәйкес бірінші разрядты жұмыскердің еңбек, ұжымдық шарттардың талаптарында және (немесе) жұмыс берушінің актілерінде көзделген айлық жалақысының ең төмен мөлшері айлық жалақының ең төмен мөлшерінен кем болмауға тиіс.

Су саласы қызметкерлерінің айлығы 25%-ға артады

2024 жылғы 1 қаңтарынан бастап су саласы қызметкерлерінің еңбекақысы орта есеппен 25%-ға ұлғаяды. Бұдан бөлек, Қазақстанның әр өңірінде су ресурстарын бөлу және оны пайдалануды бақылау мәселелерімен айналысатын бөлімдер пайда болады.

— Су саласында қызмет етудің тартымдылығын арттыру қажет, еңбекақыны көтеру – осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі. Әрине, жұмыс істеп жүрген кадрларды салада ұстап қалып қана қоймай, уақыт талабына сай мамандардың жаңа толқынын дайындау да маңызды. Министрлік тиісті ұсыныстар енгізу бойынша жұмыс істеп жатыр, –деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Журналистердің жалақысы өседі

Мемлекеттік БАҚ құралдарында еңбек ететін қызметкерлердің айлығы өседі. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов хабарлады. Мемлекеттік БАҚ құралында жұмыс істейтін журналистердің, 2024 және 2025 жылдары жалақысы көбейеді. Биыл 30 пайызға, келесі жылы 20 пайызға артпақ.

 

Кеншілер төлемақы алады

Келесі жылдан қауіпті өндіріс орындарында жұмыс істейтіндер әлеуметтік төлем алады. Жаңа заң жобасын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігі әзірледі. Бұл металлургия, энергетика, тау-кен секторындағы жұмысшыларға қатысты. Төлемақы 55 жасқа толғандарға 200 мың теңге көлемінде беріледі. Кеншілердің жалақысы да өсу мүмкін. Ең төменгі табыс 300-400 мың шамасында болады. Ал бүгінде қауіпті өндіріс орындарында 490 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

2027 жылы кітапханашы мен мұрағат ісі мамандарының жалақысы екі есе өседі

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, 2023 жылы кітапханашылар мен мұрағат ісі мамандарының жалақысы 20 пайызға артады. Сондай-ақ 2027 жылға қарай олардың еңбекақысы екі есе көбейеді.

— Бүгінгі таңда 25 жыл өтілі бар кітапханашылардың жалақысы орта есеппен 140 мың теңгені құрайды. Жалақысы көтерілетін қызметкерлер санатына кірмей қалғандықтан, білім мен мәдениет саласындағы кітапханашы, қосалқы қызметшілер жағдайын айтып хабарласты. Енді биыл кітапхана қызметшілері мен мұрағат ісі мамандарының жалақысы 20% артады, – деді Мәжіліс депутаты.

2023 жылғы II тоқсанда Қазақстан Республикасы бойынша айлық жалақының орташа мәні 2022 жылғы тиісті тоқсанға қарағанда 17,1%-ға өсіп, 365 502 теңге болды. 2022 жылдың II тоқсанымен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең жоғары өсуі ақпарат және байланыс – 36,0%, көлік және жинақтау – 24,6%, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 23,7%, көтерме және бөлшек саудада сату6 автомобильдерді және мотоциклдерді жөндеу – 21,8% салаларында байқалды. Өнеркәсіпте орташа айлық жалақы – 20,4%-ға, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласында – 15,6%-ға өсті. 2022 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда орташа айлық атаулы жалақының ең төменгі өсуі білім беру – 10,2%, құрылыс – 11,7% салаларында байқалды. Салалық құрылымда ең жоғары атаулы жалақы қаржы және сақтандыру қызметінде орташа республикалық деңгейден – 2 есе, тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда – 1,9 есе, ақпарат және байланыста – 1,5 есе, кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте – тиісінше 1,3 есе жоғары болып тіркелді.

Дереккөз: BAQ.KZ,

Суреттер басылым мұрағатынан

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *