Рудныйда 155 миллион теңгеге дейін 33 шағын несие беру жоспарлануда
Елімізде жастар кәсіпкерлігін дамыту мақсатында 2,5 пайызға шағын несие берілмек. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жастарға жеңілдікпен шағын несие берудің жаңа тетігі енгізілді. Несие 21-ден 35 жасқа дейінгі жастарға беріледі. Кәсіпкерлікпен айналысу үшін берілетін несиеге өтінімді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның әр өңірдегі филиалдары қабылдайды.
Шағын несиенің жаңа түрі жастардың кәсіпкерлік жолын бастауға арналған. Несиенің максималды мөлшері 5 млн теңге. Қарыз 5 жылға, ауыл шаруашылығындағы бизнеске 7 жылға дейін беріледі. Жұмыс істейтін жастардың өкілдері де шағын несие алуға үміткер бола алады.
«Несие сомасы 5 млн теңгеге дейін, сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5 пайыз. Микронесие алудың міндетті шарты – кепілзаттың болуы: жылжымалы, жылжымайтын мүлік те кепіл бола алады. Ал егер өтініш берушіде кепілзат болмаса, кепіл берушіні тарта алады. Кепіл беруші ата-анасы, жұбайы, басқа туыстары да бола алады. Микрокредит беру туралы шешімді әкімдік жанынан құрылған комиссия қабылдайды, олар бизнес-жобаның әзірленуін, олардың өміршеңдігін, өзектілігін, экономикалық орындылығын және т.б. тексереді», — деді бөлім басшысы Ботагөз Жалелова.
Сондай-ақ несиені алу үшін бизнес жоспар толығымен әзірленуі керек. Оны өз бетінше жазып, мансап орталығының мамандарына Пионерская көшесі, 21 мекенжайы бойынша 14-кеңседе көрсетуге болады. Осы жылы жалпы сомасы 155 миллион теңгеге дейін 33 шағын несие беру жоспарлануда. Контейнерлерді, коммерциялық құрал-жабдықтарды, фаст-фуд кафесін ашуға, сондай-ақ бизнесті дамытуға арналған автомобильдерге өтініш берді, яғни шағын несиені жаңа бизнес-жоба ашуға ғана емес, айналым қаражатын толықтыруға да пайдалануға болады.
«Биыл біз өтініш берушілерден 5 өтінімді мақұлдадық: кептірілген жемістерді жеткізуге арналған автокөлік сатып алу, «Бақ-Бақ» базарында кептірілген жемістерді сатуға арналған жаңа павильонның ашылуы, фаст-фуд кафесінің ашылуы, яғни жас кәсіпкер ас үй жабдықтарын, сонымен қатар үстелдер, орындықтар және т.б. сатып алды. Сондай-ақ, 2 қыз бутиктерді ашуға өтініш берді, яғни біреуі киім, біреу іет өнімдерін және т.б. сатады», — деді бөлім басшысы.
Айта кету керек, несиені төлеу бойынша, несие мерзімінің алғашқы үштен бірінде каникул беріледі. Бұл бизнестің аяққа көтеріліп, айналымға шығып кетуі үшін қарастырылған. Шағын несиені алудың ережелері мен нормалары жайлы толығырақ Ашық НҚА порталынан білуге болады. Несиені рәсімдеумен халықты жұмыспен қамту жөніндегі жергілікті атқарушы органдар айналысады. Естеріңізге сала кетейік, Президент өз сөзінде елімізде шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін 42 миллиард долларға жуық қаражат жетпейтінін мәлімдеді.
Арай Марат