Отбасы құндылығын дәріптеу – ұрпаққа өнеге

Әкімдікте «Мерейлі отбасы» байқауының қалалық кезеңіне қатысушыларды марапаттау салтанаты өтті

Еліміздегі үлгілі отбасыларды анықтау мақсатында ұйымдастырылған «Мерейлі отбасы» байқауы Қазақстанда 2013 жылдан бері Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өткізіліп келеді. Байқау шарты бойынша әр аймақта алдымен аудан-қалаларда іріктеу кезеңі өтеді. Мұнан соң облыстық шарада өңір намысын қорғау үшін бір ғана үміткер республикалық ақтық мәреге жолдама алды.

Отбасы – береке-бірліктің қайнар көзі.  Оның аман саулығы әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі. Жақында қалалық әкімдікте ұлттық байқаудың қалалық кезеңіне қатысушыларды марапаттау салтанаты өтті. Виктор Ионенко «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңіне қатысқан отбасыларды жеке құттықтап, сыйлықтар табыстады.

«Тәрбие — бұл күнделікті, қажырлы еңбек. Біздің отбасылардағы тәрбие — үлкендерге, жақындарға деген құрметке негізделген. Ата-аналардың үлгісі тәрізді балаларды ештеңе тәрбиелемейді, ынталандырмайды. Байқауға қатысушылар — осының жарқын дәлелі», — деп атап өтті Виктор Ионенко.

«Мерейлі отбасы» байқауының қалалық кезеңіне қатысқан  отбасыларға толығымен тоқталсақ… Биылғы жылы байқауға үш жанұя: Колодий, Мұхамедин және Марышевтар отбасы қатысты.

Мұхамединдер салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты, тұтастай алғанда ұлт болмысын сақтайтын өнегелі әулиет. Отағасы Азамат Мұхамедин М.Дулатов атындағы мектепте күзетші, анасы Қымбат Бирманова – Б. Майлин атындағы № 7 гимназияның директоры, Қазақ тілі мұғалімі, «Тіл жанашыр» Халықаралық Қазақ тілі қоғамының Рудный қалалық филиалының төрағасы, 2015 жылғы Қазақстан Республикасының «үздік педагогы», «Ы.Алтынсарин», Тұңғыш Президент Қоры сыйлығының лауреаты. Олар екі баланы тәрбилеп отыр. Тұңғышы Азалия Мұхамедина – Көкшетау мемлекеттік университетінің медицина факультетінің 3-курс студенті, екінші қызы – Дильназ Абдрахманова – 8-сынып оқушысы, республикалық «Жас геолог» байқауы, пәндік олимпиадалар, эссе, мәнерлер оқу, Яссауитану, Абай оқулары, Ыбырай оқулары, Шаханов оқулары, «Болашақ педагог» сайыстарының жүлдегерлері.

Марышевтар отбасы — қаланың қоғамдық өмірінің белсенді қатысушылары. Александр Марышев — ССГПО-да экскаватор машинисі болып жұмыс істейді. Жұбайы Екатерина – қосымша білім беру пәнінің мұғалімі, 2020 жылы педагогикалық қызметтегі жетістіктері үшін Рудный қаласының жастарының Алтын кітабына енгізілген. Олар Надежда мен Аврора атты 2 бала тәрбиелеп отыр. Үлкен қызы халықаралық, республикалық байқаулардың қатысушысы және дипломаты, кенжесі балабақшаға барады.

Колодийдің шығармашылық отбасы ең ерекше идеяларды өмірге әкеледі. Әкеден ұлдары ағаш ою, үлгілеу, анасынан майлы бояумен сурет салу, батик өнерін меңгерді. Отағасы Сергей Колодий – көркем-еңбек мұғалімі, педагогикалық олимпиадалардың жеңімпазы. Анасы – Ольга Колодий – математика пәнінің мұғалімі, сонымен қатар республикалық педагогикалық олимпиадалардың жеңімпазы және жүлдегері.

Барлық қатысушыларға Рудный әкімінің алғыс хаттары табысталды. «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінде қаламыздың намысын Мұхамединдер мен Колодий отбасылары қорғайды. Үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық ұлттық мәдени кодтың бір бөлігі. Жеке тұлғаның жоғары адамгершілік ұстанымдарын қалыптастыруда отбасы басты рөл атқарады. Шаңырақ шаттығы мен ұлттық тәрбиені ұлықтайтын бұл байқаудың маңызы ерекше. Әрбір жанұя мерейлі, мәртебесі биік болса, қазақ елінің де абыройы асқақ болары анық.

Зерде Жеңіс

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *