Жастарға жұмыс табыла ма?

Тәжірибесі жоқ, білім ұясының қабырғасынан енді ғана түлеп ұшқан жастардың бірден жұмысқа орналасып кетуі – өзекті мәселе. Колледж немесе жоғары оқу орнын бітірген жас маманның жұмыс берушілердің де талаптарына сай келуі екіталай. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында ел көлемінде «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар тәжірибесі», «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы жүзеге асырылып келеді.

Анна Киселеваның «Рудный дауысы» ЖШС-де тілші мамандығы бойынша жұмыс істеп жүргеніне 1-айдың көлемі болды.  Ол «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында жұмысқа орналасқан. Енді ол келісімшарт бойынша 5 ай көлемінде қызмет етеді. Жас маман жоба жайлы жұмыспен қамту орталығынан білген.

 «Мен үшін жұмыс жеңіл, жоба өте пайдалы болды. Тәжірибе жинақтап, халыққа жылдам ақпарат таратуды үйрендім. Ең өзекті мәселелерді жазып, жұртшылыққа бірінші болып ұсынып жүрміз. Жоба жайлы естіп, халыққа қызмет көрсету орталығына жеке құжаттарымды, диплом көшірмесін апардым. Сондай-ақ электрондық цифрлы қолтаңба қажет болды. Қазір жалақымның жартысын мекеме төлесе, жартысын мемлекет төлеп жатыр. Аталмыш жоба жастар үшін үлкен мүмкіндік», — деп бөлісті жас журналист.

Жастарды қолдау бағытында «Жастар тәжірибесі» және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатысу кезеңі ұзартылып, еңбек ақылары да ұлғайтылды. Бағдарламалардың жастарға берері мол. Қолында дипломы бар маман жоба аясында 1 жылға дейін тәжірибе жинақтайды. Кейін сол жерде жұмысқа қалуына болады. Бағдарламаға қатысушылар ай сайын 30 АЕК – 103 жарым мың теңге көлемінде жалақы алады.

«Бұрын «жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша колледждерді, орта арнаулы жоғары оқу орнын 3 жыл бұрын бітірген түлектерді қабылдайтын болсақ, қазір 5 жыл ішінде бітірген түлектерді қабылдаймыз. Түлектер өз мамандығы бойынша жұмыс істейді. Дипломы жоқтарды да жұмыс берушілерге жібереміз. Олар жұмысқа орналасып, тәжірибе жинақтайды. Ұлттық жоба аясында мансап орталығы «жастар тәжірибесі», «алғашқы жұмыс орны» тәрізді бағдарламаларды жүзеге асырады», — деді мансап орталығының маманы Зульфия Байженова.

«Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында мектеп оқушылары да жұмысқа орналаса алады.  Жастар тәжірибесі бойынша жұмыс істеу мерзімі — 12 ай, ал алғашқы жұмыс орны жобасында 1 жарым жыл. Сондай-ақ орталықта «Ұрпақтар шарты» жобасы да бар. Ол арқылы орталық қызметкерлері зейнетке шыққалы отырған қызметкердің орнына жастарды жұмысқа жібереді, яғни зейнеткерлікке шығуға 6 ай қалғанда мамандығына ұқсас немесе сәйкес мамандыққа үміткерді тауып орналастырады.

«Қазір жастардың жасы ұзарды, яғни бұрын 29 жасқа дейін қабылдасақ, қазір 35 жасқа дейін қабылдаймыз. Бүгінгі таңда «алғашқы жұмыс орны» жобасына 24 адам, «жастар тәжірибесіне» 17 адам, «ұрпақтар келісімшартына» 3 адам бекітілген. Бізде кәсіпорындардан есепшілерге, заңгерлерге, экономистерге, аспаздарға, кондитерлерге көптеген өтініштер келіп түсті. Сонымен қатар жұмысшы мамандықтары: механиктер, автослесарлар, токарларға да сұраныс жоғары», — деді Зульфия Байженова.

Жастар тәжірибесі, алғашқы жұмыс орны, ұрпақтар келісімі жобалары аясында жастарды жұмыспен қамту үшін мемлекеттік және жеке меншік жұмыс берушілері қызығушылық танытуда, дейтұрғанмен жұмыс беруші үшін негізгі ережелер жалақы, салық, әлеуметтік аударымдар бойынша қарыздар болмауы керек. Ал, жастар жағы жобаға қызығушылық танытса,  Пионерская көшесі, 21 «Жұмыспен қамту орталығына» жүгінсе болады.

Арай Марат

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *