Президенттің Қазақстан халқына Жолдауларында нақты міндеттер қойылды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негізгі бағдарламалық бағыттары айқындалды. Осыған байланысты мемлекеттік органдардың бақылау функциялары қысқарады, олардың жұмысының бақылауда болуы және ашықтығы қамтамасыз етіледі, экономика мен бизнеске мемлекеттің қатысуы азаяды.
Тұрақты негізде кестеге сәйкес заңнаманы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңға енгізілген өзгерістерді түсіндіру бойынша бірқатар іс-шаралар өткізіледі.
Бұл туралы Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтың қатысуымен өткен жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның отырысында айтылды.
Өкінішке орай, қоғам дертімен күресу үшін көптеген іс-шаралар атқарылып жатқанымен статистика көңіл көншітпейді. Мәселен, былтыр жемқорлыққа белшесіне дейін батқандарға қарсы 42 қылмыстық іс қозғалса, биыл оның саны 58-ге жетті. Оның ішінде 10 адам түрлі деңгейдегі жетекшілер.
Айта кетейік, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарыс іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысындағы департаменті келтірген дерекке сенсек, парақорлық рейтингісінде Рудный қаласы, облыс орталығы және Қостанай ауданынан кейінгі үшінші орында тұр.
Сонымен қатар 2022 жылдың 5 айында Қостанай облысының көптеген ауданында жемқорлықпен күрес тақырыбында кемінде 45 іс-шара ұйымдастырылса, Рудныйда бұл көрсеткіш небары 23 іс-шара.
Жыл басынан бері «Антикордың» қызметкерлері 6 лауазымды тұлғаны әкімшілік кодекс бойынша 4 млн 556 мың 700 теңге көлемінде айыппұл салып, мүлкін тәркіледі.
Отырыстың қорытындысы бойынша департамент жұмысы талдалынып, жер-жердегі басқармаларға тиянақты тапсырмалар берілді.
Президентіміз айтқан «Жаңа Қазақстанды» құру үшін елімізді жемқорлық дертінен құтқаруымыз керек. Ол – бір немесе бірнеше басқарманың, министрліктің ғана жұмысы емес, біз бен сіздің ортақ міндетіміз. Ендеше, ісімізге сәттілік!
Айзат ИБРАГИМ
газета «Рудненский рабочий»