Қоғамымызда діни экстремистердің қапы қалдырып, талмау тұстан ұрып, есеңгіретіп кетіп жүрген кездері аз кездескен жоқ. Соның ішінде қасіретті Қаңтар оқиғасын да есепке алсақ болады. Осы тұста жастардың діни сауаттылығына баса мән берген жөн дейді Рудныйдағы жастар ресурстық орталығының әдіскері Қазыбек Нұрғожин.
Қазыбек, алдымен діни экстремизге қатысты ойыңызды өрбітсеңіз…
Дін ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң — қасіретің деген сөз. Діни экстремизм меніңше көп жағдайда мемлекеттің құрамын күшпен өзгертуге немесе үкіметті басып алуға бағытталады. Діни экстремизм үшін «Харам мен халал» (арам мен адал), «өзіңе қалағаныңды басқаға да қала» деген қағидалар болмайды.
Елімізде қоғамды дүрліктіріп, халықтың ашу-ызасына тиген, талай жазықсыз жанның өмірін жалмаған лаңкестік әрекеттердің басым бөлігі діни экстремистердің қолымен жасалғанын дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Алысқа бармай-ақ күні кеше елімізді есеңгіретіп кеткен «Қасіретті қаңтар» оқиғасында да діни өткір мәселелер желкесін күдірейтіп, айқын көрінгені белгілі. Сондықтан Президент діни экстремизмге қарсы іс-қимылды күшейтуге баса назар аудару керектігін қадап айтты.
Онымен қалай күрессе болады деп ойлайсыз?
Жалпы алғанда дін төңірегіндегі мәселелер бүгінгі таңда барша әлемнің өзекті мәселесі. Біздің қоғамда діни жат ағымдармен күресу міндеті тек Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы мен құқық қорғау органдарына жүктелмеуі тиіс. Бұл – баршаға ортақ іс.
Жалпы, қоғамымызда діни экстремизм қаупін қайтсек төмендетеміз деген сұраққа лайықты жауап берілмей тұрғаны рас. Осы орайда мамандардың, қоғам мүшелерінің ұсыныс-пікірлері маңызды. Олардың ойлары атқарушы билік тарапынан ескеріліп жатса, діни экстремизм қаупін сейілтуге белгілі бір деңгейде әсер етеді деп үміттенеміз.
Ал жастар діни экстремизмнің жетегінде кетпеу үшін не істеу керек?
Жастар арасында діни экстремизмнің алдын алу шаралары бойынша жұмыс ең алдымен, өскелең ұрпаққа берілетін тәрбиемен ұштастырыла атқарылуы тиіс. Себебі бүгінгі жас буын ертеңгі елдің келешегін құратын, тізгініне ие болатын аға буынға айналмақ.
Осыған байланысты ең алдымен жастар өмір сүретін әлеуметтік ортаны оңтайландыру, оны жақсарту, әлеуметтік жобаларды іске асыруға қатысу, жастардың экстремисттік ортасын жою әдістерін құрау, жасөсіпірм тұлғасын әлеуметтендіру үдерісіне тиімді әсер ету механизмдерін, оны қоғамның әлеуметтік-мәдени кеңістігіне кірістіруді құрастыру керек.
Бір сөзбен айтқанда, жастар қоғамда, саясатта болып жатқан оқиғаларды тамашалаушы емес, соған қатысушы ретінде өздерін сезінулері тиіс.
Шағын сұхбатыңызға рахмет!
Айдын ҒАЛЫМҰЛЫ
газета «Рудненский рабочий»