Бейбіт жиналыс қалай өтпек?

2020 жылғы 25 мамырда «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң (бұдан әрі – Заң) қабылданды

Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасының Заңынан және өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

Осы Заңда мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделерінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, бейбіт жиындар еркіндігі құқығын шектеуге болмайды.

Пикет қоюды, жиналысты немесе митингті өткізу үшін ұйымдастырушы оны өткізгенге дейін кемінде бес жұмыс күні бұрын әкімдікке хабарлама береді. Бейбіт жиналыстарды өткізу туралы хабарламаны беру күні хабарламаны әкімдікте тіркеу күні болып табылады.

Өз кезегінде әкімдік хабарламаны үш жұмыс күні ішінде қарайды. Әкімдік киіз үйлер мен шатырлар тігуге, дыбыс күшейткіштерді пайдалануға тыйым сала алады, жиналыс орнын өзгертуді ұсынады, сондай-ақ митинг өткізуден бас тарта алады.

Нормативтік-құқықтық актіде жергілікті атқарушы органдардың бейбіт жиналыстар өткізуге арналған мамандандырылған орындарды міндетті түрде белгілеуі көзделген, бұл жергілікті атқарушы органдарды осы орындардың тізілімін жүргізуге міндеттейді.

Мәслихаттың шешімімен Рудный қаласында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін мынадай орындар белгіленді: Ленин көшесінде «Горняк» мәдени-ойын-сауық орталығына қарама-қарсы орналасқан Орталық алаң, сондай-ақ Парковая көшесінде орналасқан қалалық мәдениет және демалыс саябағындағы би алаңы.

Бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы Заңның талаптарын сақтауға, бейбіт жиналыстарды өткізу кезінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеуге, жергілікті атқарушы орган өкілінің және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңды талаптарын орындауға, бейбіт жиналыстарға қатысушылардан қоғамдық тәртіп пен оларды өткізу Регламентінің сақталуын талап етуге міндетті.

Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы Заңның талаптарын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

 Рудный қаласының прокуратурасы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *