2026 жылдың тоғыз айында заңдылық пен қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында атқарылған жұмыстар қорытындыланды
Қаладағы қылмыс ахуалы әкімнің кеңейтілген мәжілісінде қаралды. Қала прокуроры Асқар Бурбаев құқық қорғау органдарының жұмысы, тіркелген қылмыстар мен тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары туралы баяндады.
Қазір құқық бұзушылықтың алдын алуға басымдық беріліп отыр. Құқық қорғау органдары жасалған қылмысты ашумен қатар, оның болдырмауына да күш салып келеді.
Жалпы, Рудныйдағы қылмыс ахуалы тұрақты деп бағаланып отыр. Биылғы жылдың тоғыз айында бірқатар қылмыс түрі азайған. Атап айтқанда, денсаулыққа ауыр зиян келтіру деректері 60 пайызға, интернет арқылы жасалған алаяқтықты қоса алғанда, алаяқтық 12 пайызға, тонау 18 пайызға кеміген. Бопсалау мен автокөлік ұрлығы 25 пайызға, жол-көлік оқиғалары 13 пайызға азайған. Қоғамдық орындардағы қауіпсіздік көрсеткіштері де жақсарған. Мұндай жерлерде жасалған қылмыстар 30 пайызға, ал қала көшелеріндегі қылмыс 38 пайызға төмендеген.

Дегенмен көңіл көншітпейтін тұстар да жоқ емес. Адамға қарсы жасалатын кейбір қылмыс түрлері мен ұрлық көбейген. Олардың алдын алу үшін қосымша шаралар қабылданып жатыр.
Қалада алкоголь өнімдерін заңсыз сатуға және мас күйінде жасалатын құқық бұзушылықтарға қарсы жұмыс күшейтілді. Бұл бағытта тұрақты рейдтер өткізіледі. Заңсыз алкоголь сатқан 31 сауда орнының иесі жауапқа тартылды. Олардың 25-інің алкоголь өнімдерін сатуға берілген лицензиясының күші тоқтатылды. Қоғамдық орындарда мас күйінде жүрген азаматтар да бақылауға алынған. Төрт мыңға жуық адам уақытша бейімдеу орталығына жеткізілді.
Профилактикалық есепте тұрған азаматтармен жұмыс та күшейтілді. Полиция мен пробация қызметінің мамандарынан арнайы жылжымалы топ құрылды. Олар апта сайын құқық бұзуға бейім азаматтарды тексереді. Белгіленген талаптарды орындамағандарға заңға сәйкес шара қолданылады. Тоғыз айда жазаны жеңілдету бойынша 37 өтініш түсіп, оның 26-сы қаралып, мақұлданған.
Тіркелген қылмыстардың едәуір бөлігін алаяқтық құраған. Әсіресе телефон мен сандық технологияларды пайдаланып жасалатын алаяқтыққа қарсы күрес маңызды. Биыл құрылған байланыс орталығының жұмысы алғашқы нәтижесін берді. Қызметкерлер алаяқтық белгілері бар халықаралық нөмірлерден түскен 1330-ға жуық қоңырауды өңдеген. Соның нәтижесінде тұрғындардың алаяқтармен байланысуына жол беретін 100-ден астам әрекеттің алды алынды.
Қаржылық қылмыстарға қарсы күресте алаяқтыққа тосқауыл қою орталығының мүмкіндіктері де қолданылады. Ұрланған қаражат алғаш аударылған банк шоттарын анықтауға байланысты 125-ке жуық оқиға тіркелген. Қылмыстық істерді тергеу кезінде ақшаны иемденген адамдарды анықтау шаралары жүргізіледі. Биыл осы мақсатта 400-ден астам сұрау салуға рұқсат беріліп, 260 іс бойынша банк шоттарына тыйым салынды.
Мүгедектігі бар азаматтарға құқықтық көмек көрсету де маңызды бағыттардың бірі. Арнайы шаралар кезінде мемлекеттік органдардың өкілдері тұрғындарға құқықтық және әлеуметтік мәселелер бойынша кеңес береді. Сондай-ақ жұмысқа орналасуына және тұрмыстық қиындықтарын шешуіне көмектеседі. Өздігінен жүріп-тұра алмайтын азаматтарды мамандар үйіне барып қабылдайды. Бұл жұмыстың бір нәтижесі – «Мир нашими глазами» қоғамдық бірлестігінің өтінішінің оң шешілуі. Көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған оқу орталығын ашу үшін бірлестікке арнайы орын бөлінді.
Мамандар Железорудная теміржол бекетінің маңын, Перцевка ауылының төңірегін және Тобыл өзеніне жақын аумақтарды тексерді. Қалдықтардың көлемі мен түрі анықталып, алдымен тазартуды қажет ететін жерлер белгіленді. Тұрғындарға абаттандыру қағидаларын сақтау, қоршаған ортаны қорғау талаптарын орындау және қоғамдық орындарды ластағаны үшін жауапкершілік туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Биыл абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін 500-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал ортақ пайдаланылатын орындарды ластағаны үшін 60-тан астам азамат жауапқа тартылған.
Жиын соңында қала прокуроры заң мен тәртіпті сақтау үшін мемлекеттік органдардың жүйелі жұмысы қажет екенін атап өтті. Сонымен бірге әр тұрғын заң талаптарын орындап, өз ісіне жауапкершілікпен қарауы тиіс.
Арай АХМЕТ,
суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ