Қақаған аязға дайынбыз ба?

Төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары жылыту маусымындағы өрт қаупі, қысқы жолдардың жай-күйі және рудныйлықтарды алаңдатқан түтінге қатысты түсінік берді

Күн суытып, аяз күшейгенде жұрттың әбігері де артады. Осыған орай Рудный қаласының Төтенше жағдайлар бөлімінде қысқы кезеңге дайындық барысы туралы брифинг өтті.

Бөлім мамандарының сөзінше, күз бен қыс айларында төтенше оқиғалардың жиілеуіне ауа райының күрт құбылуы, қарлы боран мен көктайғақ, сондай-ақ тұрғын үйлерде өрт шығу қаупінің артуы себеп. Сондықтан құтқарушылар жылыту маусымы басталмай тұрып-ақ алдын алу шараларын қолға алған.

Қыс түскенде пеш жағатын үйлерде қауіпсіздікке айрықша мән берген жөн. Жиналған күйе, ақауы бар электр сымы немесе қараусыз қалған жылытқыш қайғылы жағдайға себеп болуы мүмкін. Осыны ескерген төтенше жағдайлар қызметінің мамандары мемлекеттік мекемелермен бірлесіп, тұрғын үйлерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Тұрғындарға пешті дұрыс пайдалану, электр құрылғылары мен газ жабдықтарының жарамдылығын тексеру жөнінде ескертіледі. Сондай-ақ желдеткіш арналары мен электр сымдарының жай-күйіне назар аударылады. Иіс газын сезетін дабылқаққыш орнатудың да маңызы түсіндіріледі.

Әсіресе әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға баса көңіл бөлінеді. Қазір бөлімнің есебінде 342 отбасы бар. Жаз айларында өрт қауіпсіздігіне арналған алғашқы айлық аясында олардың барлығы қамтылған. Алдын алу жұмыстарының екінші кезеңі қыс мезгілінде жалғасады. Мұқтаж отбасыларға жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, нақты көмек те көрсетіледі. Оның ішінде иіс газын анықтайтын дабылқаққыш орнату, мұржаны күйеден тазарту, пеш жабдықтары мен электр құрылғыларын жөндеу жұмыстары бар.

Бөлім өкілінің мәліметінше, соңғы бес-алты жылда шамамен 50 дабылқаққыш қойылған. Олар негізінен көпбалалы, тұрмысы төмен және мүгедектігі бар азаматтардың үйлеріне орнатылған. Құрылғылар демеушілердің көмегімен және әкімдікпен бірлесіп тартылған қаражат есебінен алынады. Қаладағы тұрғын үйлердің басым бөлігі орталықтандырылған газ жүйесіне қосылғандықтан, дабылқаққыштар пешпен жылытылатын баспаналарға орнатылады.

БОРАНДЫ КҮНІ ЖОЛДА АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!

Қарлы боран мен көктайғақ жол қозғалысын қиындатып, жүргізушілер мен жолаушылардың өміріне қатер төндіреді. Ауа райы қолайсызданған кезде құтқарушылар тұрғындарға дауылды ескертулерді, жолдардың жабылғаны жайлы алдын-ала хабарлайды. Қажет болған жағдайда қар құрсауында қалған көліктерге көмек көрсетіліп, адамдарды қауіпсіз жерге көшіру жұмыстары ұйымдастырылады. Құтқару бөлімшелерінің көлігі, құрал-жабдығы мен жеке құрамы кез келген шақыртуға сақадай сай болуы тиіс.

Мамандар мұз үстіндегі қауіпсіздік мәселесін де естен шығармауға шақырады. Әсіресе балалар мен қысқы балық аулауды ұнататындар жұқа мұзға шықпауы керек. Мұздың қалыңдығына көз жеткізбей су айдынына аяқ басу адам өміріне қауіп төндіреді.

Төтенше жағдайлар бөлімі тұрғындарға ақауы бар жылытқыштарды пайдаланбауды, пеш пен электр құралдарын қараусыз қалдырмауды ескертеді. Қатты боран кезінде алыс жолға шығуды кейінге қалдырған жөн. Балаларға да үйде және көшеде сақталуы тиіс қауіпсіздік қағидаларын түсіндіру қажет. Қауіп төнген жағдайда 101 немесе 112 нөміріне хабарласуға болады.

ҚАЛА ҮСТІНДЕГІ ТҮТІН ҚАЙДАН ШЫҚҚАН?

Брифингте соңғы күндері Рудный тұрғындарын алаңдатып жүрген тағы бір мәселе көтерілді. Журналист қауымы қалада түтін мен күйік иісі сезілетіні айтып, мән-жайын сұрады.

Төтенше жағдайлар бөлімінің өкілі биыл Рудный қаласының аумағындағы қоқыс полигонында өрт тіркелмегенін мәлімдеді. Оның айтуынша, өрт оқиғалары «ССКӨБ» аумағында және қаладан шамамен сегіз шақырым жердегі алқапта болған. Мамандардың болжамынша, тұрғындар сол аумақтардағы өрттен шыққан түтінді полигоннан тараған иіспен шатастыруы мүмкін. Әріптестеріміз желсіз күндері де, жел қалаға қарай соққанда да түтін мен қолайсыз иістің сезілетінін жеткізді. Алайда бөлім өкілі полигонда өрт болмағанын тағы да атап өтті. Оның түсіндіруінше, далалық алқаптардағы өрттен тараған түтін желдің бағытына қарай қалаға жетуі мүмкін.

Қысқы маусымда сақтықтың артықтығы жоқ. Пешті дер кезінде тазалау, электр құрылғыларын дұрыс пайдалану, ауа райы ескертулеріне құлақ асу – қаншама қатердің алдын алатын қарапайым әрекеттер.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ